- Негізгі бет
- Тарих
- Футбол тарихы: Куджудан...
Футбол тарихы: Куджудан ФИФА-ға дейін
Миллиондардың ойыны футболдың жанкүйерлері кез-келген өзге спорт түрінің қолдаушыларынан асып түседі. Қазіргі кезде де бүкіл әлемнің назары Бразилияда болып отыр. Дегенмен, біз бүгін әлем чемпионаты емес, футболдың тарихы туралы сөз қозғағымыз келеді. Ал сіз футболдың қайда пайда болғанын білесіз бе?
Футбол ережелері қамтылған заманауи топтық ойын ретінде 1863 жылы Англияда тіркелді. Дегенмен, археологиялық зерттеулердің нәтижесінде табылған көне фрескалар мен тарихи ескерткіштерге салынған суреттерге мән берер болсақ, адам баласы допты көнеден бері теуіп келетінін байқаймыз.
Мин Династиясының императоры Хуанджонг куджу ойынын тамашалауда
Футболдың шығу тарихына қатысты даулар өте көп. Көптеген елдер футболдың бастау алған мекеніне таласатыны бар. Мысалы, Қытайлар көне куджу ойынын қазіргі футболмен өте ұқсастығын алға тартады. Куджу ойынын император Хуанди ойлап тапқан екен. Қытайдың тарихи жазбаларына сүйенер болсақ, доп ойынының көне түрі бір-біріне жаулас болған династияларды біріктіру мақсатында ойлап табылыпты. Бұл осыдан 5000 жыл бұрын болған оқиға. Алғашында 6 қақпа болған дейді. Ал Тан династиясының дәуірінде (VII-X ғ.ғ.), қақпалар саны азайып, куджу ойыншылары кәдімгі үрілген доп тебе бастайды. Сун династиясы билік басына келген кезде (X-XIII ғ.ғ.) куджу ойыншылары жалақы алатын дәрежеге жетеді, яғни ойынға коммерциялық тұрғыдан мән берілу басталады. Нақты тарихи деректер келтірілгеннен кейін, ФИФА футболдың отанын Қытай деп мойындады. Сондықтан, Футболдың ойлап табылған жері Англия емес, Қытай екенін біле жүргеніңіз жақсы.
Жапондар кемари ойынын ойнап жатыр
Дегенмен, аралдардың шоғырында орын тепкен жапондар да өздерінің кемари ойынын алға тартады. Дәстүрге берік Күн шығыс елінің ұландары жоғалған ойынды қайта қалпына келтіре алды. Қазіргі кезде, жапондар Асука заманындағы ұлттық киімі болған каригинуді киіп алып, сүйсіне кемариді ойнайды. Футбол мен кемаридің ұқсастығы шамалы. Ойыншылардың міндетіне тек допты жерге түсіріп алмау кіреді. Ал қолмен допты соғуға болмайды.
Көне гректердің "epsikyros" ойыны (сол жақта), Көне римдіктердің "harpastum" ойыны (оң жақта)
Көне Римнің легионерлері бұл өмірде болғанда, мүмкін, олар да тартысқа қатысқан болар еді. Бірақ, тарихи деректерге орай, бұл ойын түрі куджу және кемаримен салыстырғанда футболға мүлдем келмейді. Легионерлер хоббиінің қаталдығы мен дөрекілігіне мән берер болсақ, ол көбіне заманауи регбиге өте жақын.
Англиядағы көше футболы. 1681 жылы Король Чарлес II ойынға корольдік титул берді.
Ал орта ғасырларда француздардың «ла шуль» ойыны қоғамдық өріс ала бастады. Француз билеушілері көңіл көтеру мақсатында ла шуль жарыстарын үнемі ұйымдастырып отырған. Айта кетсек, 1841 жылы 800-ге жуық футболшы қатысқан үлкен чемпионат өтеді. Ал стадионға 8 000-ға жуық көрермен жиналған еді.
"Шеффилд" футбол командасы (1890 жыл)
Футболдың алғашқы бірегей ережелері Оксфорд және Кембридж университеттерінің студенттері арасындағы біріншілікте жазылыпты. Оған дейін Англиядағы әр мектеп пен футбол клубтарының өзіндік ережелері болған. Бір жерде алаңда ойнайтын ойыншылардың саны тұрақты болса, тағы бір жерде тұрақты болмаған. Бірінде допқа талас кезінде қарсыластың аяғынан шалуға рұқсат етілген болса, тағы бірінде ондай дөрекілікке жол берілмеген. 1846 жылы Г.де Уинтон мен Джон Чарльз Тринг есімді Кембридж Жоғары мектебінің оқытушылары футбол клубының өкілдерімен ақылдасып, «Кембридждік ережелер» атты құжатқа қол қояды. XIX ғасырдың орта шеніне қарай, Англияда ресми тіркелген футбол клубтарының саны 70-тен асқан екен. Ең алғашқы футбол клубы 1857 жылы құрылған «Шеффилд» командасы болыпты.
Қолмен жазылған алғашқы футбол ережелері (1863 жыл), Ұлттық Футбол Мұражайы, Манчестер.
Дегенмен, футболдың қарқынды түрде дамуы ортақ ережені қажет етті. «Таймс», «Филд», «Беллс лайф» газеттері футболшылардың тұрақсыз ережелердің тым көптігіне қарсылықтарын жариялап отырды. Нәтижесінде 1862 жылы Джон Тринг есімді ағылшын «Ең оңай ойын» деген атаумен футбол ережелерін жариялайды.
Осындай қарқынмен футбол бүкіл әлемнің жауһарына айналды.
Тағы да оқи отырыңыз:
Футбол қақпасы жайлы қызықты мәлімет
Лионель Мессидің жетістікке жету тарихы
Дайындаған: Жолдас Өрісбаев
Сурет: news.discovery.com
Ж. Өрісбай