- Негізгі бет
- Дедуктивті әдіс
- Дедукция сабақтары (5-дәріс)...
Дедукция сабақтары (5-дәріс)
Таңға жақын Шерлок Холмсқа таныс тергеуші қоңырау шалады. Белгілі болғандай, көрші қалашықта оқыс жағдай орын алыпты. Жұбайы өзінің жарын абайсызда атып өлтіріп қойған. Холмс пойызға отырып, оқиға болған жерге лезде жетеді.
Холмс үйдің кіреберісіне келіп есік қағады. Ерте көктемдегі Күн сәулесі Шерлоктың арқасына түсіп тұрса да, қыстың суығы әлі қайтпағаны білінетін еді. Ол есіктегі оқтың іздеріне назар салады. Есікті жергілікті құқық қорғау қызметінің өкілі ашып, Холмсты ішке кіргізеді. Оқыс жағдайдың құрбаны болған кісінің денесін әлдеқашан медициналық талдауға алып кеткен екен. Ал оның бормен сызылған дене мүсінінің ішінде қан іздері бар еді.
— Оқыс оқиға кеше кешке болған. Шамамен, кешкі алтылар еді, — дейді тергеуші. Сосын ол Шерлокты келесі бөлмеде жылап отырған Адамс ханымға алып барады. Жесір әйел:
— Соңғы кездері мені біреу бақылап жүргендей сезімде бола бердім. Мен өзім уайымшылмын. Біз қалталы отбасылар қатарына жатамыз. Ал ұрылар біз сияқты адамдардың табысын алып кетуге қызығатыны белгілі. Достарымыздың үйіне ұры жиі түсетінін еститінбіз.
Марқұмның жұбайы қолына орамалын алып, еңіреп жылап жіберді. Тергеуші оған дереу бір стақан су алып береді. Ол суды ішіп, қалыпты жағдайға келген соң әңгімесін жалғастырады.
— Менің жарым жұмыс бабымен басқа қалаға кеткен еді. Ал мен үйде жалғыз қалдым.
— Сіз үйде жиі жалғыз қаласыз ба? — деп сұрайды Холмс.
— Өкінішке орай, иә. Біздің балаларымыз жоқ. Ит асырап алмадық. Себебі күйеуімнің оған аллергиясы бар. Кеше үй есігін біреу ашып жатқанын байқадым. Шошынып кетіп, марқұм жұбайым қалдырып кеткен тапаншаны қолыма алдым. Есік маңына келген кезде белгісіз адамның көлеңкесі көрінді. Мен қатты қорқып, есік сыртынан оған қарай бірнеше рет атып жібердім. Ал кейін есікті ашып қарағанымда оның күйеуім екенін көрдім. Сол жағдай көз алдымнан кетпей жатыр, — деді де Адамс ханым қайтадан еңірей бастайды.
Ал тергеуші жұбатып, оның келеңсіз жағдайдың себепшісі болғанына қатты өкініп, түнімен ұйықтай алмағанын айтады.
— Ал менің ойымша, ол шын көңілімен жылап жатқан жоқ сияқты. Мұны оқыс жағдай деп есептемеймін, — деп өз сөзін қайырады Шерлок Холмс.
Логикасы ұшқыр Холмс мырза неге жесірдің айтқанына сенбеді?
Ж. Өрісбай