2 сәуір - балаларға арналған кітап күні

2 сәуір - балаларға арналған кітап күні

Халықаралық балаларға арналған кітап күні 1956 жылдан бастап Халықаралық кеңестің шешімімен жыл сайын дат жазушысы Ганс Христиан Андерсеннің туылған күніне орай атап өтіледі. Көптеген елдерде балалар мен жасөспірімдер кітабы апталығы аясында әлемнің үздік кітаптарына арналған байқаулар, көрмелер, конференциялар мен фестивальдар өткізіледі.

Халықаралық күн саналатын атаулы мереке аясында түрлі балалар кітаптары жарнамаланады. Оларға бұрыннан таныс болмай келген кітаптар жайында айтылып, кішкентайлардың санасын ояту мақсатында түрлі дәрістер де оқылады. Әлемнің ұрпақтары білімді де, саналы болып өсу үшін қай мемлекет болса да, жай қарап жатпасы анық. 

Осы күнге орай көптеген белді компаниялар балаларға арналған кітаптардың жарық көруіне ат салысады. Өздерінше қолдау көрсетіп, демеушілік етер ұйымдардың саны артады. Жыл сайын әлем елдері мерекенің тақырыбын алдын ала белгілеп, арнайы атақты авторларды қонаққа шақырады. Осы арқылы балалардың көңілін білім мен танымға арттырады. 

 

Әдеби көркем шығармаларды сүйіп оқитын балалар арасында байқау жарияланып, жүлде таратылады. Бұл күнді бүкіл балалық шақтың мерекесі деуге әбден болады. 

Биыл балаларға арналған кітаптардың халықаралық күніне орай Қазақстанда «Балауса» балалар әдеби шығармаларының байқауы жарияланған болатын. Аталған байқаудың мақсаты - мемлекеттік тілде қазіргі заманғы балалар әдебиетінің дамуына жәрдемдесу, балаларға арналған шығармалар авторларына қолдау көрсету және балалардың бойында отансүйгіштік, білімқұмарлық, оқуға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу. Байқауға қатысатын шығармалар 2012 жылдың 31 желтоқсанына дейін қабылданатын болатын. Ал байқау қорытындысы бүгін жариялануы тиіс. 


Қазақстанның әр өңірінде балалар кітапханалары жұмыс жасайды. Онда көбіне жаңа кітаптардың саны аздық етеді. Болса да, сапа жағынан ақсап тұрғаны айқын. Атаулы күн арқылы осы мәселелердің ұшы шығып, сол жөніндже айтылса, ертең жас ұрпақ қолына сапалы кітапты алып оқыр еді. 

Балаларға арналған кітаптардың авторлары мен балалар кітапханасының барлық жұмыскерлерін бүгінгі атаулы мерекемен құттықтаймыз. 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: aqmeshit.kz, alashainasy.kz 

А. Әбілхан