- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Ағылшын тілін үйренуге...
Ағылшын тілін үйренуге 10 себеп
Шет тілдердің арасында ағылшын тілі баяғыда-ақ алғашқы орынды иеленді. Бұл әлемдік тілде миллиондаған адамдар сөйлейді. Ағылшын тілі қазірде кез келген салада қолданылады. Бизнес, туризм, ғылым, білім беру жүйесі, интернет, кинемотограф... Сізге де осы тілді білген артық болмайды.
Ағылшын тілінің сізге қажеттілігі жайлы әлі де күмәндансаңыз, мына 10 себепті оқып, оны білудегі артықшылықтармен таныс болыңыздар.
- Еңбек нарығындағы "бағаңыздың" өсуі. Қазір жұмысқа қабылдағанда ағылшын тілін білетін жастарға ерекше құрметпен қарайды. Ал кейбір шетелдік компанияларда бұл тіпті талап ретінде қарастырылады. Жақсы жұмыс иегері боламын десеңіз, қазірден бастап ағылшын тілін үйреніңіз.
- Ми жаттығуы. Шет тілін игеру - миға деген керемет жаттығу. Ақпарат ғасырында адамға жақсы ес, жаңа ойлар қажет. Ол үшін мидың жақсы жұмысы артық болмайды.
- Аудармасыз-ақ шет ел киноларын қарау. Кабельді телеканалдардан көптеген елдердің бағдарламаларын, киноларын ағылшынша көре аласыздар. Тек өз еліңіздің ақпаратымен ғана емес, әлемдік жаңалықтардан, мәдениеттен хабардар боласыз. Аудармасыз фильм қарау арқылы оны тереңірек түсініп, көбірек әсер ала аласыз.
- Шет ел музыкасын тыңдау. Сөзсіз ағылшын тіліндегі классикалық та, заманауи туындылар да әлемдік танымалдыққа ие. Сүйікті әншіңіз не жайлы ән айтып жатқанын түсіну арқылы оның шығармашылығын толықтай бағалай аласыз.
- Шет елде демалыста жергілікті тұрғындармен тілдесе алу. Шет елдің қайсысына барсаңыз да, ағылшын тілі қолданыста болады. Адамдарды түсініп, сол елдің тұрмысы жайлы көбірек ақпарат, ал демалысыңыздан көбірек әсер ала аласыз. Таныс емес жерден жоғалмай, керек жерді таба аласыз.
- Ағылшын тілдегі әдебиет оқу. Әлемдік әдебиеттің танымал туындыларының орыс, қазақ тіліне аудармасын оқып жүрсіз. Алайда оның түпнұсқасын ағылшын тілінде оқығанға не жетсін? Сіздің мамандығыңыз бойынша әдебиет тек ағылшынша шығып, орысша, қазақшаға аударылғанша бір-екі жыл өтеді делік. Өз салаңыздағы жаңалықтардан қалмай, онымен уақытылы танысып отыру үшін сізге бар керегі - ағылшын тілін білу. Арнайы бір салаға маманданған сайттар да көбінде ағылшынша. Демек ағылшын тілін білу арқылы қажет ақпаратты ала аласыз.
- Ортаңыздың өсуі. Ағылшын тілді форумдар мен сайттарда жүріп, талай жаңа адамдармен танысуға болады. Олармен ағылшынша тілдесіп, өз біліміңіз бен тіл ерекшеліктерін жақсарта аласыздар.
- Жаңа қызығушылық табу. Әр адамның өзіне тән қызығушылықтары бар. Ол өміріне қызық сәттер қосып, оны күнделікті істерден алаңдатады. Сіз үшін бұл хобби - тіл үйрену болсын.
- Қосымша табыс көзі. Ағылшын тілін жақсы игерсеңіз, тек өз жұмысыңызда ғана сәттілікке жетіп қоймай, басқа да табыс көздерін таба аласыз. Мысалға реферат, диплом жұмыстары, арнайы әдебиетті аудару жақсы табыс әкеле алады.
- Қосымша мүмкіндіктер. Шет тілін білу сізге қосымша мүмкіндіктер ашады. Шет елге оқуға түсу, машықтануға шет елге барып келу және басқа да тосын мүмкіндіктер пайда болуы әбден мүмкін.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: lider.by
С. А