Бенжамин Франклин эффекті немесе жауыңды қалай досыңа айналдыруға болады?

Бенжамин Франклин эффекті немесе жауыңды қалай досыңа айналдыруға болады?
Фото: littlevillagemag.com/Angela Zirbes

Кейбір адам біреуге жақсылық жасарда оның өзіне алыс-жақын екеніне назар аударады. Сондықтан ол көмектесерде көбіне өзіне ұнамды немесе жақын адамдарға мән береді. Дегенмен зерттеулерге сүйенсек, адам біреуге жақсылық жасаса, оны жақын тартып, келесі көргенде тағы көмектескісі келіп, іші жылып тұрады екен. Бұл құбылыс Бенжамин Франклин эффекті деп аталып кеткен. Құбылыс не себепті дәл Франклин атымен аталған?

Бенжамин Франклиннің (1706-1790) автобиографиясында ХVIII ғасырда болған бір қызық оқиға жазылған.

1736 жылы Франклин Пенсильвания штатының Бас ассамблеясының хатшысы болып сайланды. Оны бәрі жақтап, бірауыздан дауыс берген. Келесі жылы тағы сайлау өтеді, бірақ бұл жолы Франклинге қарсы ассамблеяның жаңа мүшесі пайда болады (оның аты автобиографияда жазылмаған). Ол Франклинді аса жақтыра қоймаған, сөйтіп оның орнына басқа кандидатты ұсынған.  

Соған қарамастан Франклин ақыры қайта сайланады. Ассамблеяның оқыған әрі бай жаңа мүшесінің өзіне қарсы шыққаны Франклинге аса ұнай қоймады. Сондықтан ол оны өзіне жақын тартудың амалын жасады. Франклин оның кітапқұмар адам екенін біліп, одан сирек кездесетін бір кітапты ала тұруға сұрап, хат жазып жібереді. Көп ұзамай ол кітапты бірден беріп жібереді. Франклин алғыс сөз жазылған хат қосып кітапты бір аптадан кейін қайтарады. Содан кейін оппонент болған бұл екеуі ортақ тіл тауып, достасып кетеді.

Бенжамин Франклин

"Сізге жақсылық жасаған адам, өзіңіз көмектескен адамға қарағанда сізге тағы да көмектесуге дайын болады", - деп аяқтаған бұл әңгімесін Франклин. 

"Франклин эффекті" автобиография шыға салысымен мойындалған жоқ. Оны алғаш Техас университетінің ғалымдары Джон Джекер (Jon Jecker) мен Дэвид Лэнди (David Landy) зерттеген. Олардың тұжырымы да жоғарыда жазылғандай: адамдар бұған дейін нейтрал немесе негатив қарым-қатынаста болған біреуге көмектессе, кейін ол субъектіге жүрегі жылып тұрады.

Бұған көз жеткізу үшін Джекер мен Лэнди мынадай эксперимент өткізген: еріктілерге викторинаға қатысып, ақша ұтып алуға ұсыныс жасаған. Викторина аяқталған соң, қатысушыларды үш топқа бөлген. Бірінші топқа экспериментатор келіп, ұтып алған ақшаларын қайтаруды сұраған: ол бұл зерттеуге арналған викторинаға өз ақшасын бергенін және ақшаға қазір зәру болып жүргенін айтып, ақшасын қайтарып берсе, оның кәдімгідей көмек боларын жеткізген.

Екінші топқа психология кафедрасының хатшысы барып, экспериментке кеткен ақша кафедра қорынан алынғанын айтқан. Ал үшінші топтан ешкім ештеңе сұрамаған.

Қатысушылар ақшаны қайтарып көмектескеннен кейін, олардың экспериментатор туралы ойын сұраған. Бірінші топқа эксперимент жасаған адам көбірек ұнаған. Осыны негізге алып ғалымдар екі тұжырым жасаған. 

1) Танымайтын адам викторина өткізіп, ақша ұтып алуға мүмкіндік береді. Кейін әр адамға жағдайын түсіндіріп, ақшаны қайтаруын сұрайды. Қатысушылар қарсы болмай ақшаны қайтарады, сөйтіп адамгершілік қасиетін оятады. Бұл ситуация адамдардың бауырмал болуына, сол адамды өзіне жақын тартуына себеп болды.

2) Екінші тұжырым – танымайтын адамға көмектесуңді ақтап алу. Шын мәнінде адамдар бейтаныс біреуге көп көмектесе бермейді, көмектескеннің өзінде өз ісін адал ниетпен жасаған жақсылық деп ақтап алуға тырысады.  

Мұны не себепті когнитив бұрмалау деп тану керек? Себебі адамның өзгермейтін мақсаты – адамдардың саған барынша пайдалы болуы. Осы логикаға сүйенсек, біз тек жақсылығымызға кейін жақсылықпен жауап беретін адамдарға ғана көмектесуіміз керек, өзге жағдайда филантропияның еш мәні жоқ болады. Бірақ танымайтын адамға жақсылық жасап, оның қайтарымын сұрамай көмектесу – адам табиғатына тән қасиет.

Massaget.kz