- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Кіші және Орта...
Кіші және Орта жүз билеуші топтарының Ресей бодандығын қабылдауы және оның салдары (II бөлім)
Бірінші болып бодандыққа Әбілхайыр хан ант берді, оған Бөкенбай ақсақал, содан соң Есет батыр қосылды. Сол арада адалдыққа 27 ақсақал ант берді. Сонымен қазіргі кейбір басылымдарда жазылып жүргендей бастапқыда антты 27 емес, ханнан басқа 29 адам бекітті. Бодандықты қабылдаған Әбілхайыр Ресей империясының шығыс шекарасын, орыс көпестерінің сауда керуендерін қорғауға, орыс мемлекетіне әскери көмек көрсетуге, бағалы терілерден салық төлеуге уәде берді. Бірақ бұл уәделердің бәрі толық орындалған жоқ. Сонымен қатар Әбілхайыр патша өкіметінен өз ұрпағында хандық биліктің қалуын, іштен және сырттан қиындықтар туа қалған жағдайда, өзіне тірек және қорған болатын Ор бекінісін салуды талап етті. Әбілқайырдың бұл талаптарына патша өкіметі үлкен мән бермеді, себебі жоғарыдағы талаптар патша үкіметінің шығыс шекарасындағы мүдделеріне қарсы келмеді. Тіптен Хан ордасы мен шекаралық аймақта бекініс салу Ресей үшін хандық бодандықты нығайтуға тиімді еді.
1731 жылы Кіші жүз бен орыс мемлекетінің арасындағы қарым-қатынас осы жылы Ресей империясының протекторатын қабылдау туралы құжатқа қол қойғаннан бастап іс жүзінде бекітілді. Бұл сонда, қандай қарым-қатынас? «Протекторат немесе қамқорлық қатынастар - бастапқыда күшті және әлсіз мемлекеттердің арасында ерекше құқықтар мен өзара міндеттемелер белгілейтін шартқа негізделген қатынастар. Оның мәнісі – алғашқысы кейінгісін қорғаса, ал кейінгісі алғашқысына егемендігін сақтай отыра белгілі қызмет көрсетеді” дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед өзінің «Орыс энциклопедияларындағы қазақ шежіресі» деген еңбегінде. Протекторат – қорғаушы, қамқоршы, тірегі, демеушісі. Протекторатын қабылдау – күшті мемлекет әлсіз мемлекеттің қорғаушысы, қамқоршысы, демеушісі, арқа сүйегіші, тірегі болады, ал әлсіз мемлекет сол үшін белгіленген (келіскен) міндеттер атқарып отырады. Басқаша айтқанда, Ресей империясы Қазақ мемлекетін (Кіші жүзді) сыртқы жаулардан қорғап, ішкі саясатына араласпай, қазақтардың егемендігін сақтап қалуға мүмкіндік жасауға тиіс. Әбілхайыр ханның Ресей патшасына жазған хатына, Анна Иоановнаның қазақ халқына берген грамотасының мазмұнына қарап, бұл тарихи процесті Қазақстанның өз еркімен Ресей империясына кірді деп айтуға болмас. Кіші жүз басшылары Ресей империясының протекторатын қабылдауы немесе оның «боданы» болуын сұрауы тарихи факт. Алайда «бодан» (подданный) қосылу емес. Ол тату болу, бейбіт қарым–қатынас жасау, одақтасу, адал болу деген ұғымдарды білдіреді.
Әілхайыр хан Ресеймен татулыққа жету арқылы таққа талас мәселесін шешуді ойлады, яғни өзінің билікке жетуінің бірден-бір жолы деп үміттенді. Екіншіден, халықтың ұзақ соғыстан шаршағанын, экономиканың қансырағанын, орыс бекіністерінің қаптауын, орыс-казак станицаларының салынуын және жоңғарлар мен Еділ қалмақтарынан, Орта Азия хандықтарынан, Қытайдан келетін қауіп-қатерлерді ескере отырып, ол Ресейден бодандықты сұрауға мәжбүр болды. Дәл осы сәтте хан тағына лайықты адам «соғыс тәжірибесі мол, атағы да, абыройы да зор, өктем мінезді, өркөкірек Әбілхайыр …» болды дейді тарихшы Ж. Қасымбаев. Ал М. Мағауиннің пікірінше: «… үш жүздің әскерлерінің бас қолбасшысы сайланып, өзінің ұйымдастырушылық дарын, қабілеті, жеке басының ерлігімен аты шыққан, оның үстіне тәжірибесі мол…Әбілхайырдың аға хандықтан үміт етуіне негізі бар еді …». Тарихшы-ғалым М.Қ. Қозыбаевтың пікірі де осы мағынамен ұштасады. Ол: «Сол бір сәтте төре әулетінде Әбілхайырдан басқа жан жоқты. Алайда бақ таласы, тақ таласы, жүздік талас нәтижесінде бұл мақсат іске аспады. Әбілхайыр хан халық бірлігін, оның болашақ тірлігінің өзіндік жолын іздеді …» дейді.
Сонымен қатар Ресей патшалығы қазақ хандықтарын түгел өзіне қарату мақсатында бұл өлкеге бірнеше экспедиция жасақтады. 1734 жылы мамырда қырғыз-қайсақ экспедициясы құрылды. Көп кешікпей оны Орынбор экспедициясы деп атады. Ол экспедицияны сенаттың обер хатшысы И. К. Кириллов басқарды. Ол өлген соң 1737 жылы Н. Татищев келді. Бұл экспедициялардың мақсаты Кіші жүз және Орта жүздегі ықпалды Шыңғыс ұрпақтарының бодандығын нығайту болды. 1740 жылы Орынбор бекінісіне олар қазақтың беделді сұлтандарын шақырып, Ресейге өздерінің бодандығын мойындауды талап етті. Осы жолы орта жүздің біраз сұлтандары Ресей бодандығын қабылдады. Алайда, айта кету керек, бұл жерде бодандық қабылдау тұралы құжатқа қол қою рәсімі болған жоқ. Осыған байланысты айта кететін жәйт, қазақ билеуші топтарының бодандық туралы мәселеге өте селқос қарауында. Оған патшалық Ресей империясының қазақ билеуші топтарынан ант алу рәсімін жиі қайталауы себеп болды. Мысалы: Әбілқайырдың өзі үш рет ант берген. Әбілқайырдың 1742 жылы тамыздың 20-жұлдызында берген антының 1731, 1738 жылдардағы анттарының мәніндей құны болмаған.
1740 жылы Қытаймен бейбіт бітім жасасқан жоңғарлар 1741 ж. Орта жүз қазақтарының жеріне басып кіреді. Күтпеген соққыны қазақтар қайтара алмай, Кіші жүз жеріне қарай шегінуге мәжбүр болады. Әбілхайыр хан дереу Ресейден әскери көмек сұрайды. Бірақ Ресей империясы көмек көрсетпейді, өз азаматтары (подданныйы) ретінде санап, сыртқы жаудан қорғамайды. Бұл жерде Ресейдің екіжүзді саясаты көрінеді және де Орта жүздің Ресей протекторатын қабылдауы жай ғана сөз жүзінде қалып, ешқандай саяси мағынасы болмаған деп айтуға болады. Ресей империясы қазақ хандығының күшеюін немесе біртұтас болғанын қаламады. Себебі, ондай мемлекетті бағындыру қиын болатынын түсінді. Сондықтан Ресей қазақ билеушілерін бір–біріне айдап салу және түрлі сыйлықтар мен атақтар таратып өз мақсаттарына пайдалану, қазақ жерін Ресей империясының отарына айналдыру саясатын ұстанды. Ресей Әбілхайыр ханды патша үкіметіне түгелдей тәуелді ету үшін оның ұлы Қожахметті аманатта ұстады. Тарихшы С. Асфендияровтың пікірі бойынша патшалық үкімет Қазақстанға достық және бодандық туын желеу етіп, жыртқыштық, тонаушылық саясатты ұстанды.
Патша үкіметінің Кіші жүздегі өз ықпалын күшейтуге бағытталған шаралары Әбілхайыр ханды қарсылыққа мәжбүрледі. 1744 жылы ол қарақалпақтарды шауып, Астраханнан Хиуа мен Бұқараға тауар алып бара жатқан көпестерді тонайды, 1746 ж. Ресей қарамағындағы қалмақтарға, сосын орыс шекараларына шабуыл жасайды. Жоңғар хандығы әлсіреген кезеңде қазақ жеріне орыстар билігінің таралуына орай бұл мәселелер Әбілхайырдың Орынбор әкімшілерімен жиі өткізілген қиын келіссөздердің нысанасына айналып, егес, күтпеген түсініспеушіліктер туғызды. Осы жағдай Әбілхайыр ханның Ресей жағына қатысты бұрынғы адал және ізгі ниетті көзқарасының салқындауына себеп болды. Әбілхайыр ханның Ресей билеушілеріне қарсылық көрсеткені төмендегіден көрінеді. 1748 жылы Әбілхайыр ханды Орта жүздің Барақ сұлтаны өлтіргенде Ресей империясының шенеуніктері былай деп жазған: «Әбілхайыр хан қаншалық қиянат жасаса да, басқаларға қарағанда бірінші болып императордың ұлы мәртебесінің қол астына кірген еді».
Осы жылы патша үкіметі Кіші жүздің хандығына Әбілхайырдың баласы Нұралыны бекітті және ол Петербордан Орынборға әкелген сыйлықтарға ие болды. Патша Анна Иоанновнаның атынан келген тартулар атап айтқанда, «татар және орыс тілдерінде жазулары бар қылыш, бұлғын тон, қара түлкілі екі бөрік, мәуіті тон …», - дей келе, сонымен бірге қасындағы інілеріне, анасына, старшын, бий т.б. сыйлықтарға «жалпы 3000 руб. ден де көп қаржы жұмсалды …», - дейді В. Витебский «Неплюев және 1758 жылға дейінгі бұрынғы құрамдағы Орынбор өлкесі» деген еңбегінде. Ресей мемлекетінің бұл ісі қазақ мемлекетінің ішкі саясатына араласуға жағдай жасау, яғни мемлекетті бостандығынан, тәуелсіздігінен айыруға жол бастау еді. Бұл жерде Ресей империясының дипломатиялық корпусы үлкен рөл атқарды. Мысалы: Бекович–Черкасский, Тевкелев тәрізді басқа ұлт өкілдерінің қазақ жеріндегі әскери–зерттеу миссиясы Ресейдің қазақ жеріне ендеп кіруіне мүмкіндік туғызды.
ХVІІІ ғасырдың 30-40 жылдары-ақ Кіші жүз және Орта жүз қазақтарының Ресей протекторатын қабылдағанына қарамастан, олардың бағынуы нақты болмады. Себебі, қазақ билеушілері бұл кезде жоңғар жаулаушыларымен қырғи-қабақ соғыста еді. Оның үстіне Қазақстан шекарасында күшті Цин империясының пайда болуы күрделі саяси жағдайдың тууына және қазақтардың Ресей ықпалынан шығып кету қаупіне әкеліп соқты. Жоңғар басқыншыларының қазақ жеріне әлсін-әлсін шабуылын Ресей үкіметі тиімді пайдалануға тырысты. Осыған орай Қазақстанның осы аймақтарын Ресей бодандығында ұстау шекаралық өкімет орындарының негізгі міндетіне айналды. Ресей әскери күштері Қазақстанмен шекара аймақтарында бекіністер салуды үдетті. Ресей империясы ХVІІІ ғасырдың 30-40 жылдары Қазақстанның солтүстік-батыс шекарасында Верхнеяицкіден Звериноголов бекінісіне дейін созылып жатқан Үй бекініс–шебін салды. Оның ұзындығы 770 шақырым болды. 1752 жылдың жазында генерал С.В.Киндерманның басшылығымен 11 бекіністен тұратын Новоишим бекіністі шебін салу басталды. Оның жалпы ұзындығы 662 шақырым болды. Осы бекіністі шептің ең бастысы Есілдегі Петропавл болды. Бекіністі шептің басты мақсаты Үй және Ертіс шептерін жалғастыру болатын. Осы шептердің салыну салдарынан қазақтардан ені 50 шақырымнан 200 шақырымға дейін жететін жер көлемі алынды. Ресейдің Қазақстан территориясына экспанциясы нәтижесінде 1752 жылдан бастап Ертістің жоғарғы ағысындағы Үлбі, Бұқтырма және Нарын бойындағы жерлердің Ресейге қосылғаны туралы ресми түрде жарияланды.
Ресей империясы қазақ жерін отарлау саясатын барған сайын күшейтті. Шекаралық өкімет билеушісі И.И.Неплюевтің “бөліп ал да билей бер“ принципіне негізделген идеялары мен жоспарлары қолданысқа кірді. Қазақ руларының Жайыққа, Жайық қалашығы мен бекіністерге жақын жерлерде көшіп жүруіне тиым салу туралы 1742 жылы 19 қазанда жарлық шықты. Кейін ол 1756 жылы толықтырылып, түгел Жайық пен Еділ арасында қазақтарға көшіп-қонуға тиым салынды.
1760 жылы Өскемен бекінісінен Телец көліне дейін бекіністер салына бастады. 1761 жылы Өскеменнен Зайсанға дейін Бұқтырма шебінің бекіністері пайда болды. Осы алынған жерлерді шаруашылықпен игерген кезде ғана бекітіп алуға болатынын түсінген шекаралық өкімет орындары бұл аудандарға ел қоныстандыруға белсене күш–жігер жұмсады. ХVІІІ ғасырдың 60-жылдарында-ақ Алтайға Тобыл губерниясынан 2 мың шаруа мен әртектілер көшіріліп әкелінді. Сонымен бірге шекаралық өкімет органдары қазақтарды шекаралық аудандардан ығыстырып тастау жөнінде шаралар қолданды. 1755 жылы Сыртқы істер алқасы Сібірдің өкімет орындарына қазақтар “бұлайша еркін өту олардың дағдысына айналмау үшін Ертістің оң жағына өткізілмесін” деген нұсқау берді. 1764 жылы қазақтардың Ертіске 10 шақырымнан және орыс бекіністерінен 30 шақырымнан жақын жерде көшіп жүруіне мүлде тиым салынды. Осылай 1730-1740 жж. Кіші және Орта жүз билеуші топтарының Ресей бодандығын қабылдауы нәтижесінде солтүстік–батыс Қазақстан жері Ресей империясының отарына айналды.
Форумда талқылау
Суреттер aktobegazeti.kz, namys.kz, kz.government.kz, baq.kz, rusdiploms.narod.ru сайттарынан алынған
Ж. FM