Қазіргі таңда ағылшын тілін үйренудің өзектілігі артқанын оқушы бала да, ата-ана да ұқты. Сол себепті тіл үйрететін курстар мен жеке оқытушылар саны да күн санап артып келеді. Жастар арасында бәсекелестік пайда болды. Енді екі тілмен шектелмей, бірнеше тіл меңгерудің қажеттілігі туды. TED әлемдік конференциясында бірнеше тіл үйренудің жолдарын ұсынған мамандар бар. Бүгін назарларыңызға сол видеолардың ең қызықтыларын ұсынатын боламыз.
Жаңа тіл үйренуге 4 себеп (4 reasons to learn a new language)
Лектор: Джон Макуортер (лингвист)
Қазақ тілінде субтитр: бар
Хронометражы: 10:02
Жаңа тілді үйренбес бұрын не себепті осы тілді таңдағаныңызды және оның маңыздылығын ұғынуыңыз шарт. Мұндай қиын әрі баяу іске асатын жұмысты қолға алудың мәні бар ма? Бірнеше жылдан кейін сіз үйрніп жүрген тіл сұраныстан жоғалмай ма? Жоғалып бара жатқан (жоғалған) тілдерді үйренудің не қажеті бар? Бұл сұрақтардың барлығына тіл маманы Джон Макуортер жауап бере отырып, жаңа тіл үйренудің негізгі төрт себебін атап көрсетеді.
"Егер өзге елдің мәдениетін танығыңыз келсе, белгілі бір дәрежеде мәдениеттің тірегі саналатын тілді меңгергеніңіз жөн. Өзге жолы жоқ… Басқа тілдерді үйренудің басты себебі мәдениет боп қалмақ. Өйткені, тіл – оның коды".
Тағы бір тіл үйрену арқылы дамы (Grow up, Learn Another Language)
Лектор: Гастон Доррен (журналист, жазушы)
Қазақ тілінде субтитр: жоқ
Хронометражы: 14:17
Гастон Дорреннің пайымдауынша, көп тіл білетіндер көп табыс тауып қана қоймай, ұтымды шешім қабылдау, өзінің тұлғалық келбетін кез келген ортаға бейімдей алатын күшке ие.
"Басқа тілде сөйлеген кезде сіздің мінезіңіз, сөйлеу мәнеріңіз өзгеретінін байқаған шығарсыз. Мүмкін сіздің дауысыңыз өзгеретін шығар. Мүмкін, мінезіңіз. Сондықтан мен мұны "құбылу эффектісі”" деп атаймын".
Жарты жылда кез келген тілді қалай меңгеруге болады? (How to learn any language in six months)
Лектор: Крис Лонсдейл (психолог, тіл маманы, педагог)
Қазақ тілінде субтитр: жоқ
Хронометражы: 18:26
Кристофер Лонсдейл жарты жылда қытай тілін меңгерген және өзінің әдісі алты айда кез келген тілді үйренуге көмегін тигізетініне сенімді.
"Тіл үйрену жоғары дәрежеде білім жинаудан тұрмайды. Танысым мектепте және колледжде ағылшын тілінен ылғи жоғары баға алатын. Бірақ, АҚШ-қа барғанда өзінің мүлде ағылшын тілін түсінбейтінін ұққан. Біздің миымызда таныс дыбыстарды өткізіп, өзге тілдің бейтаныс дыбыстарын елемейтін сүзгі бар. Егер сен тілді тыңдай білмесең, ешқашан үйрене алмайсың. Сол себепті, ең алдымен өзге тілдің дыбыстарын тыңдап үйрену керек".
Кез келген тілде сөйлеу үшін қажет болатын 5 дағды (5 techniques to speak any language)
Лектор: Сид Ефромович (гиперполиглот)
Қазақ тілінде субтитр: жоқ
Хронометражы: 14:50
Полиглот Сид Ефромович жеті тілде еркін сөйлеп қана қоймай, оларды еш қиындықсыз үйренгенін алға тартады. Сид қателіктерге жол беруден (өйткені, тек қателік қана алға жетелейді) қорықпау керек екенін айтады. Егер мақсатыңыз сөйлеу болса, сөздердің дыбысталуы мен мағынасына мән беруді ұсынады. Одан бөлек, тәжірибе алмасу үшін достар табуға кеңес береді.
Тіл үйрену не себепті аса қиын үрдіс? (Why We Struggle Learning Languages)
Лектор: Гэбриэл Вайнер (полиглот, жазушы, опера әншісі)
Қазақ тілінде субтитр: жоқ
Хронометражы: 16:27
Полиглот Гэбриэл Вайнердің айтуынша, ересектерге тіл үйрену соншалықты қиын емес. "Егер тілді үйренгіңіз келсе, онда сол тілге "өмір сыйлаңыз". Әрбір сөз сезім, дәм мен эмоцияға толы болуы керек. Тіл тек грамматикалық ережеден тұрмауы тиіс. Ол сіздің өз оқиғаңызды баяндайтын құралға айналуы шарт. Егер осыны іске асырсаңыз, сөз сіздің санаңызда қалып қояды".