Қоғам қалай басқарылады? Манипуляцияның 10 тәсілі

Қоғам қалай басқарылады? Манипуляцияның 10 тәсілі
Фото: pinterest.com

Ноам Хомский – америкалық лингвист, философ, көптеген кітап авторы, қоғам қайраткері, саяси сарапшы. Массачусетс технологиялық институтында тіл білімі профессоры және заманымыздың танымал ғалымдарының бірі. Оның кітаптары ғылыми ортада да, публицистикада да қызу талқыланып жатады. Хомскийдің әсіресе "Тыныш соғысқа арналған тыныш қарулар" ("Silent Weapons For Quiet Wars") атты кітабының желісімен жазылған манипуляция, қоғамды басқару тәсілдерінен тұратын тізімі кең тараған. Назарыңызға сол тізімнің ықшам нұсқасын ұсынамыз.

1. Халық назарын аудару

Ақпарат кеңістігін, медиа күнтәртібін маңызы аз, кейде қажетсіз жаңалықтармен толтыру арқылы саясат және экономика элитасы түйінін шешіп жатқан аса күрделі мәселелерден халық назарын аудару – қоғамды басқарудың негізгі әдісі. Назар аудару әдісі халыққа ғылым, экономика, психология, нейробиология және кибернетика сияқты салалардан білім алуға мүмкіндік бермеу мақсатында жұмыс істейді. "Халықтың назарын түкке тұрмайтын ұсақ-түйек тақырыптарға бөліп, шынайы әлеуметтік мәселелерден назарын аударып отыру, азаматтарға ойлануға мұрша бермей, ылғи да бірдеңеге алаңдатып қою – жануарларды жайылымнан қораға қамап қоюмен тең" ("Тыныш соғысқа арналған тыныш қарулар"кітабынан үзінді).

2. Мәселе ойлап тауып, оның шешу жолдарын ұсыну

Бұл әдіс "мәселе-әрекет-шешім" деп те аталады, яғни билікке тиімді шешімді қабылдауды халықтың өзі талап ететіндей мәселені ойдан құрастыру. Мысалы қалаларда зорлық-зомбылықтың жиілеуіне жол беру немесе қырғын лаңкестік әрекеттер ұйымдастыру арқылы азаматтық бостандықты шектейтін саясатты жүргізетін, қауіпсіздік шараларын күшейтетін заңдарды қабылдау туралы ойды халық аузына салып береді.

3. Біртіндеп сіңіру әдісі

Халық арасында қолдау таба қоймаған шараны мойындату үшін біртіндеп күн санап, жылдар санап сіңіре берсе жеткілікті. Дәл осылай өткен ғасырдың 80-90 жылдары жаңа әлеуметтік-экономикалық шарттар (неолиберализм) сіңіп кеткен болатын. Мемлекет қызметін ине көзіндей деңгейге жеткізу, сенімсіздік, тұрақсыздық, жаппай жұмыссыздық, лайықты тірлікті қамтамасыз ете алмайтын жалақы – бәрі бірге келсе төңкеріс туу мүмкін.

4. Іске асыруды кейінге қалдыру

Қоғамда қолдау таба қоймаған шараны мойындатудың тағы бір әдісі – шараны "қиын да қажетті" қылып көрсетіп, сол сәтте осы шешімді болашақта қабылдауға азаматтардың келісімін алу. Адам қашан да осы шақта құрбандық жасаудан гөрі, не де болса келешектің еншісіне қалдыруды жеңіл санайды. Біріншіден, ол дәл сол сәтте болмайды. Екіншіден, халық "ертең бәрі жақсы болады және бізден талап етіп отырған құрбандықтан құтылып кетуіміз мүмкін" деп үміттенуге бейім. Бұл азаматтарға өзгеріс туралы ойлармен үйренісуге және мезгілі жеткенде мойынсұнуға уақыт береді.

5. Халыққа кішкентай бала деп қарау

Жалпы халыққа бағытталған үгіт-насихат жұмыстарының басым көпшілігінде дамуында кемістігі бар мектеп жасындағы балаларға немесе ақылы жетілмегендерге арналған дәлелдер, кейіпкерлер, сөздер мен интонациялар қолданылады.

Тыңдаушыны қаншалықты жаңылыстырғысы келсе, сөйлегенде соншалықты көп инфантильді тіркестерді қолдануға тырысады. Неге? Адамға 12 жастағы бала, тіпті жасы одан да кіші деп қарасаң, оның жауабы мен әрекетінде 12 жастағы балаға тән сыни көзқарассыз, жеңіл коммуникация пайда болады.

6. Ойланудан гөрі, сезімге баса назар аудару

Адамдардың рационалды ойлану қабілетін, болып жатқанды сана сарабынан өткізу қабілетін жоюға бағытталған классикалық әдіс – сезімге әсер ету. Сонымен қатар сезім факторын қолдану адамның санасына есік ашып береді. Ол дегеніміз – санаға "қажетті" ойларды, тілектерді, үрей мен қауіпті, тұрақты әрекеттер моделін сіңіру…

7. Дарынсыздықты насихаттап, халықты надандықтан шығармау

Халықты өздерін басқару мен еркіне бағындыру үшін қолданылатын әдістер мен тәсілдерді түсінбейтін жағдайға жеткізу. "Қоғамның төмен сатыларына берілетін білім сапасы сол төмен сатыдан шығармайтын деңгейде болу керек"

8. Азаматтарға дарынсыздарды мақтан етуді үйрету

Қоғам ойына "ақымақ, әдепсіз, тәрбиесіз, пасық болу – сән" деп сіңіру.

9. Өз қателігін мойындауды қалыптастыру

"Ойлау мүмкіндігің, қабілетің мен әрекеттеріңнің жетіспеушілігінен болып жатқан бақытсыздығыңа өзің кінәлісің" деген ойды адамға сіңіру. Нәтижесінде ол адам экономикалық жүйеге қарсы тұрудың орнына барлығына өзін кінәлап, өзін-өзі жегідей жейді. Ал әрекетсіздік – төңкерісті болдырмайтын жағдай.

10. Адам туралы оның өзінен артық білу

Ғылым дамуындағы соңғы 50 жыл жетістігі қарапайым адамдар мен биліктің білімі арасындағы айырмашылықты ұлғайтып жіберді. Биология, нейробиология және психология арқасында "жүйенің" қолында адамның физиологиясы мен психикасы туралы айрықша білім күші бар. Жүйе адам туралы сол адамның өзінен артық біледі. Бұл дегеніміз – адамның билігі жүйенің қолында болуы.

Massaget.kz