- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Жас тележурналист білуі...
Жас тележурналист білуі тиіс 30 қағида #1
Тележурналистика – тек экран беттерінен көрініп, жай жаңалықтар мен сюжеттерді дайындау емес. Оның өзіне тән шарттары мен ұстануы тиіс қағидасы бар. Төменде көрсетілген қағидаларды BBC продюсері Майкл Делахей жазған болатын. Ендеше бір көз жүгіртіп шығыңыз:
1. Топтық жұмыс:
Түсірілімге шықпас бұрын оператормен ақылдасып, алдын ала уақытты белгілеңіз. Өйткені, тележурналистикада тек тілші жұмысы емес, оператордың да атқаратын қызметі маңызды. Түсірілім реттілігі мен мәтініңізбен таныс болғаны, қажетті кадрларды жинауға септігін тигізеді.
2. Сюжет түсіруге дайындық (өнім алды жұмыс)
Түсірілімге дайындық жұмысы монтаж секілді маңызды рөл ойнайды. Ол екі кезеңнен тұрады:
• Зерттеу
• Сценарий дайындау және оқиғаны жеткізу жолын қарастыру.
Көз алдыңызға бірнеше вагоны бар пойызды елестетіңізші. Алғашқы вагон – сіздің сюжетіңіздің бағыты мен идеясы. Ал, қалған вагондар – кадр, сұхбат, монтаж, графика мен мәтін. Түсірілім басталмас бұрын вагондардың толуын қадағалаңыз. Тек мәтін емес, видео да сіздің ойыңызды жеткізу керек. Репортаж – видео мен сөздің жұптасуынан пайда болады. Ал, құр сөздер мен еш қатысы жоқ видео репортаж емес, шала жұмыс.
3. Түсірілімнен бұрын:
• Сіздің мәтініңіздің мағынасын ашатын мүмкін кадрлар;
• Сұхбат барысында қойылатын сұрақтар тізімін жазып алуды ұмытпаңыз.
Кәсіби мамандар әрдайым барлық ойын түртіп алады. Ал, «кәсіби маманмын» деп мақтанатындар көбіне ақпаратты ойында сақтауға тырысады.
4. Кадрлар үйлесімі:
Қозғалыстың реттілігі және әр қимылдың соңы болуы тиіс. Егер орындыққа отырғалы жатқан адамды көрсеткіңіз келсе, оның міндетті түрде отырғаның қадағалаңыз. Жартысынан қиып, орнына үлкен ғимаратты көрсете алмайсыз. Одан бөлек, кадрда не нысандар қимылдауы тиіс не камераның өзі қозғалуы шарт. Екеуін қатар қолдануға болмайды.
5. Штатив қолданыңыз:
Кейбір операторлар камераны қолына ұстап түсіруді жөн санайды. Дегенмен, кей кадрға міндетті түрде штатив керек. Мысалы, кадрдағы нысанды жақыннан алған сәтте штативтің қажеттілігі туындайды. Есіңізде болсын, штативті бірге алып жүру – оператордан бұрын, репортердің міндеті.
6. Реттілік:
Үйдің кірпішін қалаған сәтте реттілік сақталады. Онсыз үйдің қисық болуы, тіпті, құлап қалуы мүмкін. Сол секілді репортаждың да «кірпіші» реттілікті сақтай отырып қалануы тиіс.
7. Қайталау мен қойылым:
Әрине, түсірілім барысында кей нәрсені қайталауға болады. Мысалы, кейіпкердің көліктен шығып, ғимаратқа кіргенін қайта түсіруіңіз әбден мүмкін. Бірақ, қойылым дайындау – артық. Өйткені, көрермен өз көзімен көрмесе де, жалған ақпарат пен "актер" ойынын сезіп қояды.
8. Сұхбат:
Үстелде отырған адамнан сұхбат алуға тырыспаңыз. Әсіресе, үстел қабырға жанында орналасса, сұхбатыңыздың сәтті шықпайтынына сенімді болғаныңыз жөн. Сұхбатта қимыл-қозғалыстың болғаны дұрыс. Мысалы, көлік жүргізіп келе жатқан, тағам дайындап жатқан немесе кез келген іспен айналысып отырған адамнан алғаныңыз сұхбаттың көрерменге әсерін күшейтеді. Егер адам өте қызықты әңгіме айтпаса, онда сұхбат бөлігі 30 секундтан аспағаны жөн. Бір сұхбаттың бірнеше бөлігін бір сюжетте қолдана аласыз.
9. Кадр қойылымы:
Сұхбат барысында сізге сұхбат берушінің жан-жағын дұрыстап тексеріп алыңыз. Артында қоқыс жәшігі жатуы мүмкін. Мұны, тележурналистикада «Грязный фон», яғни лас аймақ деп атайды.
10. Кадрдағы адамдар:
Егер сіздің репортажыңызда бірнеше сұхбат беруші болса, оларды әр түрлі жерде түсіруді ұмытпаңыз. Одан бөлек, олар әр түрлі бағытқа қарауы тиіс.
Жалғасы бар...
Т. Есқали