Сөйлеу мәнерін бұзатын әдеттер

Сөйлеу мәнерін бұзатын әдеттер
Фото: freepik.com

Адамның сөйлеу әдебі – жүре-бара қалыптасатын құбылыс. Бірі кітап оқып, сөздік қорын көбейтсе, енді бірі қателіктермен күресу арқылы сөйлеу әдебін ретке келтіреді. Дегенмен, кейде өзіміз байқамайтын, бірақ тіл тазалығына қатты әсер етіп, өзгенің сізді тыңдауына кедергі келтіретін «көмекші» сөздер бар.

1. Жаргон сөздер
Жаргон мен сленг сөздерді жастар негізгі үш мақсатта қолданады:
• Өзгелерден ерекшелену үшін;
• Әзіл-ойын мақсатында;
• Белгілі бір топтың (аймақтың, қоғамның) мүшесі екенін көрсету үшін. Мысалы, қарапайым сөзбен: «Бүгін біздің үйге келіп кет», – дейдің орнына «Не ғой, бүгін біздің жаққа тартыл (- сай,-шиш,-ын) – деуі әбден мүмкін. Мұны үлкендер ортасы түсінбегенмен, жастар қоғамы бірқалыпты қабылдайды. Нәтижесінде, болашақта іскерлік, салмақты, маңызды кездесулерді бұл сөздерді алмастыратын тіркес таба алмай тілі күрмеледі. Біреудің сенімін қалыптастыру үшін міндетті түрде сенімді әрі таза сөйлеу керек. Бұл – тіл ережесінің алғашқы бөлімі.

2. Жаттанды тіркестер
«Құрметті, студенттер», – деп басталатын ректордың есеп беру жиынында неге студенттер ұйып тыңдап, бірнәрсе түсініп, шабыттанып шықпайды. Өйткені, есеп беруші ылғи жаттанды тіркестерді қолданады. Арасында аздаған өзгеріс болғанымен, қолданатын метафора, теңеулер мен мәтіннің құрылымы өзгеріссіз. Ағылшын тілінде «out-of-the-box thinking» деген тіркес бар. Тікелей аудармасы: «қорап сыртынан ойлау»: өзіндік ой мен бағыттың болуы. Өзгелер сізді тыңдау үшін, сөздік қорыңызды көбейтіп, ойыңызды ерекше жеткізіңіз.

3. Көп сөйлеу
«Статегиялық мүмкіндіктерді толығымен қолдана отырып...» – деген тіркес орнына «жоспарлау» сөзін қолдануға болады. Әрине, сіз әсірелеу арқылы сөзіңізге көлем сыйлай аласыз. Бірақ, сөзіңіз анық әрі халыққа түсінікті болмайды.

4. Артық дыбыстар
Сіз, э-э-э… артық сөз бен дыбысты сөйлем арасына, аха... жиі қосқан сайын, мхм... сіздің сөйлеміңіз мәнін жоғалтады. Маркетинг саласының маманы Джеффри Джеймс тренингте бес минуттық презентация қорғау барысында бір жігіттің  «хм» деп 100 рет дыбыстағанын естіген. Аудитория бұл жігіттің сөзін түсінбек түгілі, аяқтағанша әзер отырған.

Бұдан қалай құтылуға болады? Өте жеңіл: бұл дыбыстар мен сөздер орнына жай ғана үнсіздікті қолданыңыз. Арада үзіліп қалған сөйлемдерді үнсіздікпен байланыстыру әлдеқайда сенімді есіледі.

5. Дауыс ырғағы
Неге біреудің «қойшы» дегені кейде дауыс көтергендей әсер қалдырады? Бұның бәрі адамның дауыс ырғағын дұрыс қолдануымен тығыз байланысты. Дауыс ырғығының орнымен өзгеріп отыруы, маңызды тіркеске екпін түсіру, соған басты назарды аударта білу де –  өнер.

Бұны қалай реттеуге болады: Егер өзіңіздің анық сөйлемейтініңізді білетін болсаңыз, қасыңыздағы адамнан әңгіме барысында қаншалықты түсінгенің анықтап алыңыз.

6. Тек деректер
Әсіресе, серіктестермен кездесу барысында тек қана деректерді қолданып, адами қарым-қатынас құралы диалогты ұмытып кететіндер бар. Тек деректер мен статистикадан тұратын әңгіме тыңдаушыны мезі етіп жібереді.

Сөз – адамдарды байланыстыратын басты құрал. Әр сөзіңізді ойланып айту арқылы сіз мың бәледен сақтанасыз.

Т. Есқали