IELTS Speaking: дайындық барысы

IELTS Speaking: дайындық барысы
Фото: kent.vn

Халықаралық IELTS емтиханы тыңғылықты дайындықты керек етеді. Соның ішінде, тақырыпты түсіне білу, оған нақты жауап беру және қиындықтан шыға білу маңызды рөл атқарады. Қорқынышыңызды жеңіп, сізге күш сыйлау мақсатында IELTS Speaking дайындығына керекті арнайы жаттығулар ұсынамыз:

1. Relax:
Егер күндіз-түні IELTS Speaking уақытында қателеспеуді ойлап, санаңызға демалыс берместен, мазасыз күйде жүретін болсаңыз, керекті тіркестер мен сөздерді байланыстырып, дұрыс жауап беруіңіз екіталай. Өйткені, қорқыныш бар біліміңізді тұншықтырып тастайды. Сондықтан, сабыр сақтаңыз. Бұл шексіз еркіндік дегенді білдірмейтінін де естен шығармаңыз. 

2. Pause fillers and linking words:
Ұзақ мерзімді жадыны жаттықтыру үшін байланыстырушы сөздерді (өкінішке орай, менің ойымша) жаттап алып, оны дайындық кезінде қолдана біліңіз. Кейін, емтихан барысында бұл сөздер өзі сұранып тұратын болады. Ол үшін:
1) Өзіңіздің ана тіліңізде жиі қолданатын тіркесті пайдаланыңыз. 
2) Олар ағылшын тіліндегі сөйлемдерді құрастыру барысында көмекке келеді. 

3. Link the words:
Әр тақырыпқа байланысты кілт сөздер болатынын ұмытпаңыз. Мүмкін деген тақырыптарға байланысты mindplan жасаңыз. Сол кезде 3-4 кілт сөзді бір сөйлемге еркін сыйдыра аласыз. 

4. Link the ideas: 
Идеяларды байланыстыра біліңіз. Бір тақырыптан екінші тақырып ауысып кету – бір ұпайдан айырылу. Сондықтан байланыстырушы тіркестерді көбірек жаттауға тырысыңыз. Ойыңыз ақталса да, тоқтап қалмаңыз. Берілген 15 минутты барынша тиімді пайдалануға тырысыңыз. Идеялар бір-біріне сай келмесе де, оларды байланыстыратын белгілі бір ойды іздеп көріңіз. 

5. Mind map:
Speaking — сөйлеу дағдыңыздың қаншалықты жүйелі екенін анықтауға арналған емтихан бөлімі. Алғашқы бөлімінде сіз өзіңіз туралы, отбасыңыз туралы қойылған сұрақтарға жауап бересіз. Кейін сізге тақырып пен сұрақ жазылған карточканы ұсынады. Бұл кезде дайындыққа 1 минут беріледі. Сіз бұл уақытта қағазға кілт сөздерді жазып, қай бағытта әңгімелейтініңізді жоспарлаңыз. Сонда, ойыңызды жинақы жеткізесіз. Ал, 3-бөлім күрделірек. Бұл бөлімде мәселелі сұрақтар қойылады. Байланыстырушы сөздердің осы уақытта көмгі тиеді. 

Маңыздысы: Шынайы болыңыз. Дайындалған тақырып түссе, мәтінді жаттап алғандай әсер қалдырудан аулақ болыңыз. Эмоцияңызды көрсетіңіз, қолыңызды, көзіңізді бірге «сөйлетіңіз». Бастысы, күлімдеңіз. 

6. Synonyms, antonyms, adjectives: 
IELTS Speaking кезінде сізге тек мол сөздік қоры ғана көмектеседі. Ол үшін антоним, синоним мен сын есімдерге назар аударыңыз. Күнделікті қолданатын жаттанды сөздердің орнына синонимдермен ауыстырыңыз. Бастысы – тақырыптарды тауып алыңыз да, сол тақырыптар аясында сөздерді жинақтаңыз. Еске сақтау да, кейін оны қолдану да жеңіл болады. 

7. Speaking non-stop:
Енді барлық кеңесті қолдана отырып, 3 минут ішінде тоқтамастан, тақырыпқа сай сөйлеп көріңіз. Ол үшін сөйлеу барысын диктофонға жазып алыңыз, оны сараптаңыз, мұғаліммен кеңесіңіз. 

8. Listen to your speech: 
Білеміз, өз дауысыңызды естуден қашасыз. Бірақ, дайындық кезінде өзіңіздің дауысыңыз екенін ұмытыңыз. Өзгені сынап отырғандай, өзіңізді сынға алыңыз. Келесі жазбаңыз таза, нақты әрі салмақты болуын қадағалаңыз. 

Сәттілік тілейміз!

Т. Есқали