Тарихи жазба деректердегі тарихи тұлғалар бейнесі

Тарихи жазба деректердегі тарихи тұлғалар бейнесі
Фото: YouTube

Ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, жұртының амандығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ тарихының тұлғалары ұлт тарихының әр белесінде тұлғалық деңгейге көтеріліп отырған. Тұлға дегеніміз кім? Осы биік азаматтық мәртебеге, халықтық бағаға кімдер қандай істер арқылы лайық болған?

Ең алдымен тұлға деген ұғым - тарихи өлшем. Яғни, тарихи тұрғыдан ел, халық үшін орасан зор, тарихи мәні терең іс-әрекетке барған немесе аса жауапты тарихи сәттерде халық тағдырында айрықша орны болған адамға халықтың өзі осындай бағаны беріп отырған. Міне, қазақ тарихының белесінде осындай орасан зор халықтық мәні бар тарихи оқиғаларға араласқан немесе осы тарихи оқиғаларды басқарған ұйымдастырушы болған, әйтпесе асқан ерлік көрсеткен азаматтар - халықтың тұғырлы тұлғасына айналып отырған. Қазақ ұлтының бағына, тағдырына орай Тарих-ана әр ғасырда жаужүрек, батыр тарихи тұлғалы ұлдары мен қыздарын мол жаратқан. Қазақ жерінің бір сүйемі де осылардың арқасында жаудың қолында кетпей, асқақ тарихымызды, намысты қолдан бермей, мәдениетінде, тұғырлы тілінде қай жағынан болмасын, қазақ тарихында тұлғаларымыз мәңгі өшпей қала бермек. Мысалға: тарихи тұлғаларымызды жік-жігімен бөліп қарайтын болсақ, айтарга ауыз толтырарлықтай, дана бабаларымыздан сонау Тоныкөк, Күлтегін, Білге қаған, Қорқыт, Қайыр хан, Кетбұға, Бейбарыс Сұлтан, Асанқайғы Сәбитұлы т.б дана тұлғаларымызбен жалғаса келе, ұлы хандарымыз Жошы хан, Тәуке хан, Керей хан, Жәнібек хан, Қасым хан, Әбілхайыр хан, Абылай сияқты т.б тарихтың таразысынан ойып тұрып орын алатын тарихи тұлғаларымыз бен бері келе қоғам қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышбаев, Тұрар Рысқлов, Мұстафа Шоқай, Темірбек Жүргенов, Дінмхаммед Ахметұлы Қонаев сияқты т.б қоғам қайраткерлері, Оқу-ағартушылардан Әбу Насыр әл Фараби, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов сынды т.б ағартушыларымыз, би-шешендеріміз бен жырауларымыз, ақын-жазушыларымыздан Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Шәкәрім Кұдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов т.б ақын-жазушыларымызбен қатар, сазгер сал-серілерімізден Сегіз Сері, Біржан сал Қожағлұлы, Ақан сері Қорамсаұлы, Жаяу Мұса т.б сал-серілерімен қатар ел қорғаған батырларымыздан Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбайдай батырларымыз, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы, одан бері келе Амангелді Иманов, Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова сияқты т.б батыр ержүрек осындай тарихи тұлғаларымыз қазақ тарихының өшпес қайнар көзі. Ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы зерделеу - қазақтың дәстүрлі таным-түсінігіне ертеден қалыптасқан үрдіс. Қазақтың қария сөздерінде, яғни, шежірелік зердесінде тарих ұдайы жеке тұлғалардың өмір дерегі арқылы танылып отырады. Қоғамның саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани ахуалы ұдайы жеке тұлғалар болмысы арқылы көрініс табады. Соданда болу керек, қазақтың дәстүрлі философиялық пайымдауында өмірді өзгертуді бұрын, ең алдымен, адам санасын шыңдауға көбірек мән беріледі. Дәл осы сияқты шежірелік дәстүрде де қоғам дамуының жалпы ахуалынан бұрын алдымен адам туралы мағұлмат беру басты нысаны болып отырады.

«Жалпы қазақтың шежірелік зердесінде адам - тарихтың негізгі тұлғасы,  адам сапасы - тарихтың қозғаушы куші. Әрбір адам әкесі мен шешесінің ғана перзенті емес, сонымен бірге тарихтың да бір бөлшегі.» ( 15,25,26) Яғни шежірелік зердеде этнос тарихы жеке адамнан тыс қарастырылмайды, керісінше, адам әулетінің өмірбаяны ретінде қарастырылады. Бәлкім, осы дәстүрді тарихты танудағы тарих ғылымында мойындала бастаған жаңа әлеуметтік тарих «тарихи антропология» деп аталатын соны ізденістерімен үндес екені айқын. Міне осыдан келе тарихи түлға дегеніміз - жағдайға байланысты және жеке басының сапасына орай танылғандар деп келетін анықтаманы айтсақ болады. «Орыстың жазушы философының сөзімен айтқанда, халық шашырап жатқан ұлы тобыр. Ал оның күш-қуаты шоғырланып, өзін-өзі халық ретінде айғақтауы үшін тұтастануы қажет, құқық еркі мен мемелекеттік рух белгілі бір тарихи тұлғалар арқылы көрініс табу керек» - деген екен» [16, 43-44 б]. Халықта бір нөсер жауынды аңсаған шөл дала сияқты, дана көсемге қашанда зәру. Платон айтқандай, дана тұлға патшалық немесе патша дана тұлға болғанда дүние шырайнала түспек. Қазақ халқының ұзақ тарихы небір қым-қуат оқиғаларға толы. Сол қым-қуат оқиғалардың басында болмыс-бітімі алуан түрлі тұлғалар болғаны аян. Тарих толқыны дарындылар мен дарынсыздарға, данышпандар мен ақылсыздарға, табандылар мен тайғанақтарға кенде болмаған. Тағдырдың жазуы мен мемлекеттің, әскердің, халықтық қозғалыстың, саяси партияның тізгінін қолға алған тұлғалар өздерінің қабілет-қарымына орай тарихи ахуалға кейде жағымды, кейде жағымсыз әсер етуі мүмкін. Тарих жүзінде әрі жағымды, әрі жағымсыз із калдырған тұлғалар да аз емес. Сондықтан да саяси және мемлекеттік билік кімнің қолында болатыны қоғам үшін аса мәнді. Дегенмен де тарихи дамуға халық болмысы негіз болады. Жеке тұлғаның өзі халық арасынан шығады. «Антейдің күші қара жермен байланысып жатса, әйгілі тұлғалардың да барша болмысы халық өмірімен кіндіктес. Қандай бір айбынды әмірші болса да, халық деп аталатын құдірет айдынының бетіндегі қалытқы сияқты, сол халықпен бірге көтеріліп, сол халықпен бірге төмендейді. Қазақтың дуалы ауыз ақыны Әбубәкір Кердері де: «Жігітке бақытта оңай, дәулет те оңай, болса егер қабырғалы халқы оның» деген. Яғни, ақынның айтпагы тарихи тұлға қаншалықты данышпан болса да, оның барша болмысы қоғамдық өмір жиынтығымен шендесіп жатады деген ойды айтады» [46, 47].

Тарихтың даму үрдістеріне ғылым, техника, философия, әдебиет, өнер, діни ой-сана саласындағы біртуар дарын иелерінің де қосар үлесі айрықша зор. Фараби мен Яассауи, Қорқыт пен Асанқайғы, Шоқан мен Ыбырай, Абай мен Жамбыл, Құрманғазы мен Тәттімбет, Ақан мен Біржан, Әсет пен Мұхит, Қаныш пен Әлкей, Мұхтар мен Жүсіпбек, Мұқан мен Нұрғиса, Әбілхан мен Шәкен сияқты біртуар тұлғаларының есімін ардақ тұтады.

Ия, қазақ халқының шашасына шаң жұқпаған шешені де, тілінен бал тамған, қылышынан қан тамған ақындары мен батырларының болғанына халқымыздың өткені мен тарихы куә. Солардың бірі ғана емес бірегейі ауызымен орақ орған, сөзге шешен, халқының мұңын барлап, жоғын жоқтап, өзінің қара басынан гөрі елінің қамын жоғары қойған халық ақыны, жыр алыбы Жамбыл Жабаев жайында тілімізге тиек етсек.

Жамбыл - өмірімен де, шығармашылығымен де екі ғасырды молынан тұтастырып жатқан ұлы жырау. Ақынның XX ғасырдың басына дейінгі шығармашылық өмірбаяны туралы деректер аз, өлеңнен ауыз жаппаған кісінің шан-теңіз жыр-толғау, айтыстары да түгел сақталмаған. «Әйтсе де бала Жамбылдың дүмше молданы мысқылдап шығарған "Шағым", ақындық жолына рұқсат сұраған "Әкеме", "Менің пірім Сүйінбай" деген өлеңдері, бозбала кезінің мұңды да шуақты көркем жыры - "Айкүміспен айтысы", сылқым бойжеткен Кәмшат слуға шығарған құрбылық наз өлеңі сияқты дүниелер сақталған. Одан бертіндегі Жетісуды, Қаратау, Сыр өңірін өнеріне тәнті еткен, қырғыздың шалқар "Манасын", Шығыстың әйгілі қиссаларын жырлаған ақын мұрасынан бірталайының аты ғана белгілі. "Кедей күйі", "Пұшықтың ұрыға айтқаны", "Әділдік керек халыққа", "Кәрібайдың төбеті", "Жылқышы", "Мәңке болыс" тәрізді тегеурінді де өжет ақындык мінезден, халықтық даналықтан туған өлеңдері, әйгілі Құлмамбет, Сарбас, Нұрмағанбет, т.б. ақындармен айтысы, Өтеген, Сұраншы батырлар туралы ұзақ дастандары - даңқты шайырдың төңкеріске дейінгі шығармашылығынан сақталған қомақты мұрасы. Осылардың өзінен-ақ, Жамбылдың халықтың ақындық қазынасын жете, зерделей меңгеріп, жаңғырта, жаңарта дамытқан, омір-тіршілік даналығын көкірегіне тоқыған, елдің арғы-бергі тарихын әділдік, шындық сөзін ешкімнен де тайсалмай айтатын, өлеңі тау өзеніндей тасқынды үлкен дарын иесі екенін танимыз» [33, 34]

«Болашақ акын 1846 жылы ақпан айында казіргі Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының бөктерінде дүниеге келген. Ол жайында ақынның өзі “Менің өмірім" - деген өлеңінде:

Қақаған қар аралас соғып боран,

Ел үрей — көк найзалы жау торыған.

Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,

Жамбыл деп қойылыпты атым содан, -

дейді. Әкесі Жапа кедей болғанмен, ат үстіне мығым, найзагер кісі екен. Ел ішінің дау-дамайына бітімгерлік сөзін айтқан кездері де болыпты. Шешесі Ұлдан мінезі байсалды, абысын-ажын арасында беделді, орайы келгенде өз жанынан қиыстырып өлең шығара беретін, әдемі дауысты әнші екен. Жамбылдың аталарынан әріректе өнерпаз, сері, палуандар, ділмар шешендер шыққан. Ал оның руы - Екейлер туралы айтылатын ел ішіндегі: Екейде елу бақсы, сексен ақын, Жаратып мінеді екен ерттеп атын. Қобызы, домбырасы үнін косып, Гулейді жын қаққандай кешке жақын, - деген әзіл сөзде мол шындық бар. Жамбылдың ұстазы - әйгілі Сүйінбай ақын да осы Екей елінен шыққан. Бала Жамбыл ақындық жолын қууға рұқсат сұрағанда, әкесінің: "Екейде елу бақсы, сексен ақын" деген сөз де жетер, сен сексен бірінші болмай-ақ қой. Акынның түбі - қайыршылық, бақсының түбі - жын, жын жиып, бақсы болып ел кезгенше, мал бақ!" - дейтіні де Екей елінің өнер дарыған жұрт екенін көрсетеді» [56, 125]

Жамбыл өмірге келген кезде Қазақстанның оңтүстігі, оның ішінде ақынның туған өлкесі - Жетісу өңірі Қоқан хандырына бағынышты болатын. Ал қоқандықтардың халыққа жасаған зорлық-зомбылығы айтып жеткізгісіз ауыр еді. Ақынның өзі ауылдары солардан қашып бара жатқанда, қақаған аязды қыс айында көш-жөнекей туыпты.

«1864 жылға дейін Қоқан хандығы, онан соң Ресей империясы билеген замандағы халықтың мүшкіл тірлігі, өз отбасының жұтаң тұрмысы, мықтының әлсізге зорлық-зомбылығы тумысынан талантты, намыскер Жамбылдың ішіне қайғы болып байланады. Ақын жыр, айтыстарының уыттылығы, адамдықты, әділдікті, батырлықты көксеген аңсары, кедейді жақтап, қайырымсыз бай, төрелерді ызалы шенеуі сол күйік-наладан бастау алып жатқан-ды. "Менің бақытым" деген бір сөзінде өзі де: "Мен өзімнің барлық өмірімде қыр қожайындарының бетіне шындықты қорықпай айтып, шайқасумен өттім", - дейді.

Жамбылдың өлеңге, ақындыққа құмарту сезімі ерте оянған. Өзінің айтуынша, 13 жасынан бастап ақын болуға бекем бел байлайды. Дүмше молдадан оқығанша, "домбыраны қолға алам" деп, әкесінен рұқсат сұрайды.

Жас талаптың Жетісу өңірінің даңқты ақыны Сүйінбаймен кездесіп, батасын алуы оның ақындық бағын ашқан айтулы оқиға болады. Бірде 14-15 жастардағы Жамбыл жарапазан айтуды сылтауратып, Сүйінбай ауылына келеді. Үйінің сыртында ат үстінде тұрып, жарапазанға жалғастыра өз жанынан өлең шығарып, ұзақ жырлайды» [123, 46]

Айтқандарына сүйінген Сүйінбай Жамбылды үйге шақырып, ұзақ отырып, өлеңін зор ықыласпен тыңдайды. Бала ақынның болашағынан үлкен үміт күткен көреген жырау: "Осы шабысыңнан тайма! Өлең-жырыңды дауылдата бер! Жолың болсын! Бақытың ашылсын, балам! Шындықты айт, әділдікті жырла! Кәне, тозығы жеткен жолға түспе, жаңа жол, даңғыл жолға түс! Өлеңің бүкіл халық сүйсініп, көңілімен иіліп тыңдайтын өлең болсын! Сенің көңіліңнің асылы патшаның қазынасынан да бай болсын!" - деп бата береді.

Сүйінбайдың өсиетін өмір бойы есінде сақтап, ұстазының есімін ардақтаумен өтеді. Жамбылдың әдебиет пен өнер әлемінде алар орны ерекше болса, Шоқанның ғылым кеңестігінде ойып тұрып орын алғанын айтпақпыз.

Қазақтың тұңғыш ғалымы, ағартушы-демократ, этнограф, саяхатшы, зерттеуші, қазақтың біртуар перзенті, тарихи тұлғасы, қамшының сабындай қысқа өмір сүрсе де, артына өшпестей із қалдыра білген Шоқан Уәлихановтың қазақ халқы үшін орны бір төбе.

«Шоқан 1835 жылдың қараша айында қазіргі Қостанай облысы Сарыкөл ауданындағы Күнтимес ордасында (қыстауында) туған. Әкесі Шыңгыс Уәлиханүлы сол кезде Аманқарағай дуанының (орталығы Қараоба мекені) аға сұлтаны болған. Округ орталығы 1844 жылы Құсмұрын қамалына ауысқаннан кейін дуан аты Құсмұрын болып өзгертілді. Шоқанның өз атасы Уәли Орта жүздің ханы болған. Арғы атасы Қазақ Ордасының Ұлық ханы Абылай, Шоқан оның шөбересі. Шоқанның балалық шағы қыс кезінде Обаған бойындағы Күнтимес ордасында, жазда Есілдің оң саласы Аққанбұрлық алабындағы ата жайлауда өткен. Әжесі Айғаным тұратын Сырымбеттегі хан ордасында да балдәурен күндерін өткізген. «Жеті жұрттың тілін білуге тиісті» хан тұқымы болғандықтан, Күнтимес ордасындағы әкесі ашқан ауыл мектебінде хат таныған Шоқан сол мектепте ортағасырлық қыпшақ-шағатай тілін меңгереді, парсыша, арабша тіл сындырады. Бұдан кейін 1847-1853 жылдары оны әкесі сол кезде Сібірдегі ең таңдаулы оқу орны деп есептелінетін Омбы кадет корпусында оқытады. Онда әскери сабақтарға қоса жалпы және Ресей жағрафиясы мен тарихы, батыс, орыс әдебиеттері, философия, физика, математика негіздері, шетел тілдері жүрген.

Кадет корпусына алғаш окуға түскен кезде Шоқан орыс тілін білмесе де өзінің зеректігімен тілді тез үйренді. Шоқанның корпуста бірге оқыған Г.Н. Потанин: «Өзінің орыс жолдастарын басып озып, Шоқан тез жетілді... Оған талайлар-ақ назар аударды. Ол сондай қабілетті еді және оқу орнына түспей тұрып ақ сурет сала білетін», - дейді. Оған әсіресе орыс тілі мен әдебиеті оқытушысы, шығыстанушы Костылецкий мен тарих пәнінің оқытушысы Гонсевский күшті ықпал етті. Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Герңен, Белинский т.б. орыс классиктерін және батыс әдебиетінен Диккенс, Теккерей, Руссо шығармаларын, «Современник» журналын үзбей оқып, әлеуметтік омірдің және әдебиет ағымының қай бағытта, қалай дамып бара жатқандығын аңғара алатын, өз кезінің саналы азаматының бірі болған.»(45.56)

Кадет корпусын 1853 жылы он жеті жасында бітірген Шоқан Батыс Сібір генерал губернаторының кеңсесінде қызметке қалдырылады. Бір жылдан кейін Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік шығыс аудандарын басқаратын генерал губернатор Гасфорттың адьютанты болып тағайындалады. Осы қызметті атқара жүріп, ол Орта Азия халықтарының тарихын, этнографиясы мен жағрафиясын зерттеуғе белсене араласады. 1854 жылы кадет корпусындағы ұстазы Костылецкийдің өтініші бойынша көрнекті шығыстанушы, Қазан университетінің профессоры Н.И.Березиннің тапсырмаларын орындайды. «Березин Шоқан жинаған қазақтың ауыз әдебиеті нұсқалары, «Қозы Көрпеш Баян сұлу» жырымен таныс еді. Жас ғалым әйгілі профессор Березин бастырып шығарған "Тоқтамыс ханның жарлығы мен басқа да хан жарлықтары туралы еңбектерге тыңғылықты талдау жасайды. Бұл оның алғашқы ғылыми зерттеулерінің бірі еді. Жастығына қарамай, оның білімдарлығын, әсіресе, шығыс әдебиеті мен тарихын жақсы білетіндігін сол кездегі орыс ғалымдары да жоғары бағалап, мойындай бастайды. Өсімдіктер әлемінің қолайлы жағдайды талап ететіні сияқты қоғам да өзінің кедергісіз дамуы үшін қолайлы жағдайды талап етеді. Алайда ғалым табиғат зандары мен қоғам арасындағы айырмашылықты ажыратып көрсетеді. Табиғаттың дамуы физикалық зандарға негізделсе, қоғамда олар әлеуметтік зандардың күшімен, яғни қоғамдық өмірдің әртүрлі жақтарымен, тайпалық организм өмірінің шарттарымен толығады» [147, 52]

1855 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторымен бірге Семей, Аягөз, Қапал арқылы Алматыға дейін келіп қайтады. Осы сапарында қазақ, қырғыз, ауыз әдебиетінің үлгілерін, тарихы мен этнографиясының материалдарын жинай жүреді. Бұл материалдар негізінде кейін ол «Тәңірі (құдай)», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» деген еңбектер жазады. Сол сапардан кейін оның әскери лауазымы бір сатыға жоғарылап, поручик шенін алады.

1856 жылы полковник М.М.Хоментовский басқарған әскери-ғылыми Ыстықкөл экспедициясына қатысып, қырғыз елін жете зерттейді. Қырғыздар мен Үлы жүз қазақтарының тарихы, этнографиясы жайлы мәліметтер жинайды, ауыз әдебиетінің нұсқаларын жазып алады. Әлем ғалымдары арасында түңғыш рет "Манас" эпосының ең шұрайлы бөлігі "Көкетай ханның ертегісі" жырын жазып алады. Манас - халық даналығының туындысы, барша халық ертегілерінің, хикаялары мен аңыздарының, география, дін және салт-сана, әдет-ғұрпы жөніндегі түсініктерінің энциклопедиялық жинағы - дала Илиадасы" деп бағалады» [78, 89]. Қырғыздардың көне тарихы жөнінде жазған К.Риттердің, А. Гумбольттің, шығыстанушы ғалымдар Шотт пен Клапроттың еңбектеріне сын айтады, Бұдан кейін Қүлжа қаласында болып, оның қорытындысында Шығыс Түркістанның өткені мен бүгіні туралы зерттеулер жазады. Осы сапарларда жинаған материалдарды ол «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қазақтың халық поэзиясының түрлері туралы», «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы» атты еңбектерін жазуға пайдаланады. Табиғатты және ел тұрмысын Шоқан жазушылық шеберлікпен суреттейді. Осыдан барып оны орыс достары «Қазақ тақырыбына жазатын орыс жазушысы» деп атаған. Тарих, география саласындағы даңқы Петербург ғалымдарына да жетіп, жиырмадан жаңа асқан жас Шоқанды Орыс География қоғамының толық мүшесі етіп сайлайды.

«1858 — 1859 жылдардағы Шоқанның Қашғарияға сапары ғалымдық, ағартушылық саласындағы еңбегінің жаңа белеске көтерілуіне жол ашты. Қашқария ол кезде Ресей тарапынан зерттелмеген өлке болатын. Саудагер ретінде Қашғарға құпия барған Шоқан, өлкенің экономикалық саяси құрылымын зерттеп, оның тарихы мен этнографиясынан көптеген материалдар жинайды. Қашқар сапарынан «Алтышаһардың, яғни Қытайдың Нан лу уәлаятының шығыстағы алты қаласының жайы» атты еңбегі дүниеге келді. Бұл Шығыс Түркістан халықтарының тарихына, әлеуметтік құрылысына арналып, сол заман ғылымының биік деңгейінде жазылган әлемдегі түңгыш зерттеу жмысы еді. Қашғар сапарынан кейін Сыртқы істер министрлігі Азия департаментінің арнайы шақыруымен Петербургте келіп, сонда бір жылдай тұрып ғылыми жұмыстармен айналысады. Алайда туберкулез ауруы меңдегендіктен Петербургтен елге, Сырымбетке оралады. Туган халқының екі жақты қанауда езілгенін көріп, 1862 жылғы сайлауда Атбасар округының аға сұлтаны болуға талпынады» [89, 56] «Елдестеріме пайдамды тигізу үшін аға сұлтан болғым келді. Оларды шенеуніктерден, қазақ байларынан қорғамақ болдым. Сондағы ең алдымен көздегенім өз басымның мысалы арқылы жерлестеріме оқыған аға сұлтанның пайдалы екенін көрсету еді» деп жазады ол бұл туралы досы Достоевскийге. Бірақ ол бұл мақсатын орындай алмайды. Шоқан қарсыласынан көп дауыс алып жеңіске жеткенімен, генерал-губернатор оның халық арасында ықпалы мен беделі зор болып кетеді деп сескеніп, «науқасына байланысты қызметтен бас тартты» деген өтірік сылтаумен аға сұлтандыққа бекітпей қояды. «1864 жылы наурыз айында Шоқан полковник Черняевтің шақыруымен Әулиеата жорығына қосылады. Орыс империясының Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны Ресей қарамағына бағындыру мақсатын көздеген бұл жорыққа аудармашы, жергілікті халықпен бейбіт мәмілегерлік келісімдер жасау үшін қатысқан ол, полковник Черняевтің Әулиеатаны (қазіргі Таразды) алу кезінде шәһар халқына жасаған жауыздығын көргесін, ренжіп, кейін қайтады. Содан Верный (қазіргі Алматы) қаласына келіп, одан әрі Тезек төренің ауылында (бұрынғы Талдықорған облысы, жазда Күреңбел жайлауы, қыс кезінде Алтынемел асуының күнгейі) тұрақтап қалады. Сонда Тезектің немере қарындасы Айсарыға үйленеді. Сөйтіп жүргенде ескі өкпе ауруы қайта қозып, Шоқан 1865 жылдың сәуірінде қайтыс болады. Оның сүйегі Алтынемел тауының баурайындағы Көшентоған деген жерге қойылады» [14, 52]

Шоқан, Абай сынды ағартушылар ұлттық әдебиетті әлемдік мәдени үдеріс биігіне көтерген, ұлттық әдебиеттің өрісін кеңейтіп, өресін көтерген тарихи тұлғалар десек, артық айтпағандығымыз болар.

Ахмет Байтұрсынов 1913 жылы "Қазақ" газетінде жарияланған мақаласында Абайды "қазақтың бас ақыны" деп бағалады. Шынында да, Абай - қазақ әдебиеті тарихында теңдесі жоқ суреткер ақын. Оның шығармаларында өз тұсындағы қазақтың қоғамдық өмірінің, халық тіршілігінің шытырман шындығы терең де көркем бейнеленген.

Абай өлеңдері "қиыннан қиысып", "айналасы жұп-жұмыр тегістілігімен" көңілге ұялайды. Жаңа ой, мазмұнына лайық өзгеше көркемдік қуатқа ие Абай қазақ сөзін нақтылап, әдеби тілдің негізін салды. Өлеңді өмір сыры туралы кемеңгерлік ойтолғамдармен, адам сезімін, оның көңіл күйін әсерлі бейнелейтін жоғары сапалы лирикамен жаңартты.

Кіршіксіз, адал махаббатты жырлайтын, табиғат жарасымын суреттейтін ғажайып өлеңдер тудырды.

Абайдың композиторлық шығармашылығы да қазақ өнері тарихында үлкен жаңалық болып табылады. Оның өз өлеңдеріне шығарған әндерінде заман ауыртпалығын тартқан адамның мұңы да, сүйіскен жастың жалынды сезімі де айқын көрінеді. Абай адам өмірін мағыналы етуді, нұрлы ақыл, адал еңбекке сүйеніп омір сүруді, жамандық жасамауды, адамгершілікті, имандылықты ұрпағына өсиет етті, адамның рухани азаттығын жырлады.

Сондықтан да ұлы жазушы М.Әуезов Абайды: «"Қазақтың классик әдебиетінің атасы, қазақ поэзиясының күн шуақты асқар биігі", - деп бағалады» [25, 46]

Кең-байтақ қазақ жерінің шығысындағы бір қатты қоныс, қасиетті аймақ ол кезде Семей облысы аталатын. Соның төскей төрінде көне тарихтың үнсіз куәсі - әйгілі Шыңғыс тауы жатыр мұнартып. Сол таудың көп бұлақ, көк өзенді жал-жоталары ақбоз үйлер мен төрт-түлік малға толы жаз кезі-тін. Осы қалың ел ішіндегі көкмайса коркем қоныстағы бір ауылдың сәулеті озгеше, сонысынан да ма, аздап сұстылау көрінетін. Міне, сол ауылда, «1845 жылдың тамыз айында нәресте дүниеге келді. Нәрестенің өмірге келуі, оның үстіне - ол заманның қазағы үшін тіптен ерекше қуаныш еді. Ел молдасы азан айтып, баланың құлағына үш рет айқайлап, атын қойды. Былайғы қалың қазақтың қарапайым тілімен Ыбырайым демей, нәресте туған үйдің өзгешелігіне бейімдеп - арабшасына жақындата Ибраһим деп атады. Құрметті ақсақалдар мен ажары ашық бәйбішелер бала туған үлкен ақ үйге кіріп: "Бауы берік болсын! Ата-бабаларындай атақты, абыройлы болсын!" - десіп жатты. Шынында да, бұл баланың ата-бабалары өте атақты болатын. Арғы түбін айтпағанның өзінде, жас Ибраһимнің туған атасы әйгілі Өскенбай би еді. Ол кісі бұл күнде дүниеден қайтқан. Шыр етіп түскен сәбиді етегіне орап, көтеріп алған мейірбан жүзді қарт әйел, әне, сол қадірлі бидің бәйбішесі, яғни мына сәбидің туған әжесі Зере болатын. Әкесі — Өскенбай бидің өжет баласы, жасында жау түсіргіш қарулы жігіт болған, бүгінде ел "қарадан хан болған" деп марапаттайтын аға сұлтан Кұнанбай-тын. Шешесі мінезге бай, ауылға жайлы, сонысымен аса сыйлы Ұлжан бәйбіше еді. Бұл кісі де текті жерден шыққан. Әсіресе өткір сықақ-мысқылға жүйріктігімен аты шыққан елдің қызы. Абайдың біреудің мінін ащы тілмен, ажуа-мысқылмен мінегіштігі шешесінің төркіндерінен - нағашы жұртынан жұққан десетін жрт. Әлгінде үлкендер жаңа туған нәрестеге "ата-бабаларындай атақты, абыройлы болсын!" - дегенде, меңзеп отырғандары осылар болатын.Иә, бұл бала кейін атақты болды, бірақ ата-бабаларындай өз ру-тайпасы мен іргелес елдерге ғана емес, тіпті бүкіл қазаққа ғана емес, күллі әлемге Абай деген айтуға жұмсақ қазақы есіммен мәшһүр атақты ақын, ойшыл болды» [45, 82].

Абай туғанда "бауы берік болсын" айтушылардың: "Ата-бабаларындай атақты болсын!" - деулерінің мәнісі не еді. Абайдың бала кезінде әкесі Құнанбай ел басқару жұмысымен жүріп, үйінде сирек болатын. Соның өзінде оны сәлем беріп немесе әр алуан шаруамен келген ел кісілері босатпайтын. Әйтсе де сол қысқа әрі сағынышты кездесулерден алғыр Абай әке мінезін танып, сезімтал жанымен аңғарып өсті. Оның бойына әкесінің батылдығы мен қызуқандылығы, жігерлілігі мен алғырлығы дарыды. Алайда болашақ ақынның балалық шағы, негізінен, қос ананың - әже мен шешенің бауырында, тәрбиесінде өтті. Қайныларының атын атамайтын қазақ салты бойынша бұл ауылдың жас әйелдерінің оны Телғара деп кетулері де сол екі енені тел (қатар) еміп өскен дегенді білдіретін. Тіпті сүйікті немересінің азан айтып қойған Ибраһим деген атына тілі келмей, оны "ойлы болсын, аңдағыш болсын, абайлағыш болсын" деген тілекпен Абай атандырған да сол аяулы кәрі әже-тұғын. Өзара өте тату екі ана - әже мен шеше жаратылысынан байсалды, мейірбан, әділ адамдар болғандықтан, өздерінің мейірі қатты ауған бұл баланы бауырмал, адамгершіл, қайырымды да әділ етіп өсіруге тырысты.«Абай өңі қараторы, екі көзі тостағандай әрі өткір, кең маңдайлы, дембелше бойлы бала болыпты. Мінез жағынан ширақ, өткір, аңқаулығы мен тентектігі де аралас болса керек. Әсіресе, ол аса ғымтал, бір көргені мен естігенін ұмытпайтын зерделілігімен айрықша көзге түсетін. Кейін кемеңгер Абай адамның ең жақсы қасиетіне санаған "білмекке құмарлық" өзінің туа біткен мінезі десе де болғандай. Оның бала кезін білетіндерден қалған сөзге қарағанда, Абай ертегі-аңыздар, ел ішінің өткен өмірінен қалған алуан түрлі әңгімелер, өлең-жырлар десе, ішкен асын жерге қояды екен. Мұндайда көп мазалайтыны сондай әңгіме-хикаяларды, әсіресе ертегілерді көп білетін әрі нақышына келтіріп жалықпай айтатын өзінің әжесі еді. Шешесі Ұлжан да ара-тұра хикая құмарлана ел ішінің күлкілі оқиғаларын мысқыл, сықақ қоса отырып, қызықты етіп әңгімелеп беретін» [57, 63].

Абай осы әдетін өмір бойы тастамаған. Көп жылдар оның қасында болған Көкбай ақын: "Өзі біреуге зақ әңгіме, жыр сияқты нәрселерді айтқызғанда, еш уақыт басқа, бөтен нәрселерге аумай, таза көңілмен, үлкен ықыласпен тыңдайтын", - деп жазған. Осындай сөзді баласы Тұрагүл мен қызы Уәсила естеліктерінен де оқимыз. "Әкем Абай туралы" атты естелігінде Тұрагүл былай дейді:

«"Түн болғанда әмсе біреуге ертегі айтқызып, я өзі айтып отыратын әдеті бар еді. Біреуге айтқызғанда, бұрын естімеген кісіше, ынтасын сала тыңдап, әбден айтып болған соң, айтушының адасқан (қателескен, жаңылған -Ұ.А.) жері болса, өзі (түзетіп) айтып береді. Қазақ ертегісінде естімеген, білмеген ертегісі кем шығар. Қазақтың ертегісінен брын қай жерлерде жүргені, көршілесі, күндес елдері кім екені (жауласкан елдері - Ұ.А.), харекеті (кәсібі, шаруасы - Ұ.А.) не екені, елдің арманы, (бүл ертегілерді) білімінің қандай кезінде шығарылғандығы көрінеді деуші еді» [25, 46].

«Бұл кезде бір тайпа елдің анасы, көптің тілеуқорына айналған Зере әжеге, оның ара сұлтан баласы Құнанбайға сәлем беруге, не маңызды бір шаруамен бұл ауылға келуші ел ағалары, атақты билер мен ақын-жыршылар, әнші-күйшілер, жат жұрттык жолаушылар үзілмейтін. Ол кездің әдеті бойынша, олар жата-жастанып өткен-кеткенді, бұрынғының әр алуан қызықты да қайғылы оқиғаларын айтысып, келген шаруаларын тек кетерде сөз ететін. Ал сол қонақ отырған үйдің ең ынталы да жалықпайтын тыңдаушысы - Абай-тұғын. Ерекше зерек бала үшін мның бәрі туған халқының әдет-салтын, соз өнері мен тарихын, игі жақсыларының үлгі-өнегесі мен мінез-машықтарын білудің, танудың өзінше бір тамаша мектебі еді. Оның үстіне, солардың арасындағы атақты ақын-жыршылар, әңгімеші-ертегішілер Зере мен Ұлжан аналардың өтінішімен апталап, айлап жатып, жас Абайды әңгіме-жырға қандыратын. Ауыздан-ауызға көшіп, келе жатқан шешендік үлгілері, ақындар айтысы, билер дауы, неше түрлі күлдіргі сөз, тапқыр әзіл-сықақтар ынталы баланың тқыр жадында өшпестей болып қалып отырды. Абайдың еңбекқор төзімділігі, аз ұйықтайтын сергектігі, тамақты тарта ішетіндігі де бала шағынан бойына мықтап жұққан мінез болыпты. Абай жасы ұлғайған шағында да келген қонақтарымен түннің бір уағына дейін сөйлесіп отырып, олар ұйқыға жатқан соң, өзі оңаша кітап оқып не өлең жазады екен. Соның өзінде таңғы сағат 5-6-ларда елден бұрын тұруды әдет еткен. Сол заманда бала-шаға қақпай көрмей, үлкендердің жанында жүретін. Ас пен той, басқа да толып жатқан мереке-қызықтарда елгезек, аңғарымпаз Абай өнегелі, білімді қауымға жақын жүрген соң, ұққан-білгені аз болмағаны аян. Әрине, мұның бәрі бала Абайдың өз қалау, сұрауымен ғана болмаған. Бұрынғыдан келе жатқан бұлжымас салт бойынша, әкесі Құнанбай да, аналары да сүйікті ұлдарының өздерінің абырой- мәртебелеріне лайық болып өсуін қатты қадағалап, бағыттап отырған» [12, 5]. Сөйтіп, Абай тоғыз жасына дейін ауыл молдасынан оқып, хат танып, қазақтың ескілікті әңгімелеріне қанып, ана тілінің сөз байлығы мен көркем нақыштарын едәуір меңгереді. Айналасындағылармен әзіл-қалжың түріндегі сөз қағыстыруларда оның тілінде тақпақ, ұйқасты оралымдар шыраса бастайды. Қазақ салтында бар бірер ауыз өлеңмен сөзге тарту, біреудің кемшілігін өлең қылу сияқты қылықтар да кездесіп қалып отырады. Бірақ бұл оның ақындық жолға талпынысы емес еді. Өйткені Құнанбай сияқты кісілер тұқымына ақын-әншілікті кәсіп қылу мін саналған. Тілді, тапқыр Құнанбайдың өзі де, оның әжелері мен аталары да бірер ауыз өлең шығара беретін болған. Ондай өлең сөздерінің ел есінде сақталып, біздің заманға жеткендері де жоқ емес. Бірақ олардың ешқайсысы да онысын ақындық санамаған. Әйтсе де кішкентай Абайдың үлкендерге еліктеп әзіл-оспақ ретінде шығарған шумақтарынан туа дарыған ақындық танылғандай. Болашақ данышпан ақынның 10 жасында шығарған сондай бір шумақ өлеңі сақталған. Оның шығармаларының толық жинақтары, әдетте, сол өлеңмен басталады. Демек қазақ мәдениетінде ұлы тұлғалық бейнесі қалатынына Абайлардың, Құнанбайлардың т.б тұлғаларымыздың тарихта алтын әріппен аттары жазылуына ешкімнің шүбәсі жоқ.

Алмас Жұмаділов

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті
Тарих және шетелдік студенттермен жұмыс факультеті
Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасы

 Пайдалалынған әдебиеттер тізімі

1.Н.Назарбаев. Қалың елім қазағым. — Алматы, «Өнер», 1997ж, [15-25-26].
2.Қ.Сиранов «Қайтпас қайсарлық». // Казахстанская правда,1936ж, 25 май [16-43-44б ]     
3.Қ.Сиранов. Кино. Жылдар. Ойлар. — Алматы, «Өнер», 1983ж.[46-47]
4.Қ.Сиранов. Киноискусство советского Казахстана. — Алма-Ата, Казақстан», 1966ж.[33 -34]
5.В.М.Жирмунский. Происхождение героического эпоса. Ранние формы и рхаические памятники. —Москва, 1963г.[56 - 125]
6. Қазақ бейнелеу өенрі ХХғ. — Алматы, 2001 ж, -1626.[12 3- 46]
7. М.Әуезов. Әдебиет тарихя. — Ташкент, 1927ж .[45 -  56]
8.А.Байтұрсынов. Шығармалары. — Алматы, 1989ж, -[147-152]
9. В.Я.Пропп. Исторические корни волшебной сказки. — Ленинград, 1986ж, [78-79]
10. Ә.Марғұлан. Ежелгі жыр аңыздар. — Алматы, 1985ж, [89-56]
11.Е.М.Мелетинский.Введение в историческую поэтику эпоса и романа. — Досква, 1986ж, [14-52]

О. Сансызбай