- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Ағылшын тілі ұсынатын...
Ағылшын тілі ұсынатын мүмкіндіктер
Әлемдік тіл – ағылшын тілі. Әлемнің көптеген елі ағылшын тілін біледі. Ақпараттардың зор ағымы да осы тілде. Ағылшын тілін білу жаңа әлемнің есігін ашып береді. Біз сіздерге осы тілді жетік білудің артықшылықтарымен бөлісеміз.
1. Жаңа ақпаратқа қол жеткізу:
Қазнеттегі ақпараттар жеткіліксіз. Ал орыс тілді ақпараттарға қарағанда ағылшын тілді мәліметтердің күші орасан. Мысалы, 2017 жылғы статистикаға сүйенсек, ағылшын тіліндегі сайттар – 51,3%, орыс тілді сайттар – 6,7%. Қазақ тіліндегі сайттардың үлесі уақыт өте артып келе жатыр.
Видео контенттің негізін қалаған YouTube желісі арқылы ағылшын тілінің басымдылығын аңғаруға болады.
2. Фильмдердің түпнұсқасын қарау:
Фильмдерді түпнұсқасында қарау арқылы сіз оны шынайы сезіне аласыз. Ал, аудармалар сапалы болмаса, фильмнің негізгі идеясын жеткізе алмайды. Егер тікелей қарау қиынға соқса, бастапқы уақытта жүгіртпе (субтитр) арқылы қараңыз.
Сіз білесіз бе? Біз 4 тіл білсек, біздің денемізде де 4 түрлі адам өмір сүреді. Сіз неғұрлым тіл меңгерген сайын, соғұрлым түрлі адамдардың жиынтығына айналасыз.
3. Еркін саяхаттау мүмкіндігі:
Ағылшын тілі әлемнің 59 елінде ресми тіл ретінде қабылданған. Ұлыбританиядан бөлек, АҚШ, Канада, Австралия, Үндістан секілді ел тұрғындары ағылшын тілінде сөйлейді.
Ағылшын тілін тез меңгеріп алсаңыз, саяхаттау барысында сіз ойыңыздағыны тез түсіндіріп, мейрамханада еркін тамақтана аласыз. Өзге елден келген туристтермен сөйлесіп, әлем мәдениетін терең меңгере түсесіз.
4. Әндердің сөзін түсіну:
Ағылшын тілін жетік меңгеру арқылы тыңдайтын шетел әндерінің мағынасын еркін түсіне бастайсыз. Сайттарда жарияланған аудармасын оқи салу бөлек, ал, тыңдау арқылы түсіну – мүлде бөлек сезім.
5. Жұмысқа орналасу мүмкіндігі:
Ағылшын тілін меңгерсеңіз, бұл сіздің болашақта жұмысқа орналасуыңызға септігін тигізеді. Ағылшын тілі сұранысқа ие. Сонымен қатар, көптеген компаниялар шетелдік серіктестермен жұмыс жасайды. Әрине, ағылшын тілінде сөйлейтін маманның құндылығы арта түседі.
6. Достарыңыз көбейеді:
Шетелдік достарыңыз пайда болады. Адам бір ортамен шектелсе, оның таным көкжиегі кішкентай күйінде қалады. Ал, танымы, түсінігі, мәдениеті бөлек ортамен араласып, оларды зерттеу арқылы сіз әлем мәдениетінде еркін жүзетін боласыз..
7. Ми қызметін жақсарту:
Оқу барысында сіз ережелер жаттайсыз, жаңа сөздерді меңгересіз. Зейініңіз бен есте сақтау қабілетіңіз арта түседі. Бір ғана тілмен шектелмей бірнеше тілді үйренуге құлшынысыңыз артады. Өзіңізге беймәлім әлемнің есігін ашқан сайын, қызығушылықтарыңыз, талғамыңыз өзгереді.
8. Шетелдік интернет-дүкендердің тұтынушысы болу:
Шетел дүкендерінде таңдау мүмкіндігі жоғары әрі сапалы. Сонымен қатар, заттардың түпнұсқасын шетелден тікелей сатып алу тиімдірек.
Тілдерді үйренуге деген қызығушылық – адам бойындағы ең қызықты қасиеттердің бірі. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, адам 3 жасқа дейін барлығын қабылдайды. Сонымен қатар, 3 жасқа дейінгі күшті зейін мен мүмкіндік 20-30 жас аралығында қайта туады.Сондықтан, уақытыңызды текке жіберіп алмаңыз.
Т. Есқали