Дипломсыз істеуге болатын жұмыстар

Дипломсыз істеуге болатын жұмыстар

Жоғары оқу орнына тапсырған түлектердің тағдыры анықталды. Егер армандаған оқу орнына қабылданған болсаңыз, біз сізді құттықтаймыз. Ал жоғары оқу орнына балыңыз жетпей қалған болса, қам жемеңіз! Қалыптасқан түсінік бойынша, жоғары оқу орнының дипломысыз жақсы жұмыс табу мүмкін емес. Кәсіптік оқу орнының дипломы жалақысы жоғары, тұрақты жұмыстың кепілі емес. Дегенмен дипломсыз-ақ жұмыс жасауға әбден болады. Тек ол жұмысқа деген ебіңіз болса, болғаны. 

Осы орайда дипломсыз қандай жұмыстар істеуге болатынына жауап іздейік.

1. Фотограф. Кәсіби фотоаппаратпен сапалы суретке түсіре алсаңыз, фотоаппарат сіздің наныңыз болмақ. Дегенмен, тек сапалы етіп түсіре алсаңыз ғана... Бұған дейін суретке қалай кәсіби түрде түсіруге болатынын айтып өткен едік. Фотоға түсіру де үлкен өнер. Тынбай еңбектеніп, көп оқысаңыз ғана нағыз фотограф боларыңыз анық. 

2. Шаштараз. Шаш қиюға ебіңіз болса, бір айлық шаштараз курсын оқып алсаңыз болады. Көптеген қыз-келіншектер күтімді болып жүрулері үшін өздерінен ештеңе аямайды. Шаш қиюмен қатар тырнақ бояу, массаж жасауды да қосымша үйреніп алсаңыз, әмбебап салон қызметкері болып шыға келесіз!

3. Сатушы-кеңесші. Стилист. Егер мінезіңіз ашық болып, адамдармен тез тіл табыса білсеңіз, қысылмай түрлі бутиктер мен дүкендердің есігін қағыңыз. 

4. Тігінші. Тігіншілерді де дайындайтын арнайы курстар бар. Аз уақыт ішінде тігін тілін үйреніп алып, тіпті үйде отырып тапсырыс қабылдауыңызға болады.

5. Стюардесса. Сыртқы сұлулығыңызбен мақтана алып, ағылшынша сөйлей білсеңіз, стюардесса бола аласыз. Бойыңыз 160-175 см, киім өлшеміңіз - 46-ға дейін болса, бұлттардың арасымен жаһанның түкпір-түкпірін шарлауға дайындала беріңіз. Мінсіз мүсін мен әдемі келбет иесі болсаңыз, модельдік агенттіктерге барып, бағыңызды сынап көріңіз.

6. Бармен, даяшы. Даяшылықтан көбі қашып жатса да, даяшы болып жүріп, өз-өзіңізді жетілдірудің арқасында көтерілуге болады. Мысалы, басында жай ғана даяшы болып, кейін ағылшыншаңызды арттырып, курстарға барсаңыз, жалақысы жақсы қымбат мейрамханаларға алып қалар. 



7. Трейдер. Олар биржада валюта мен акцияларды сатып, түрлі операциялар орындайды. Трейдингпен айналысу үшін арнайы курс аяқтау жеткілікті. Сосын қол астыңызда интернет болсын. Интернет демекші, интернетті тиімді пайдалана алсаңыз, бұл күні интернет арқылы да біраз жұмыс жасауға болады. 

Десек те, жоғары оқу орнының дипломын бір алып алуға әрекет етіңіз. Осындай қосымша жұмыстар істеп жүріп, жоғары оқу орнын бітіріп алуыңызға кеңес береміз. 

Жалпы, қай саланы жаныңыз сүйсе, сол салаға қарай бейімделіңіз. Бәлкім сізден керемет фотограф, ғаламат стилист шығып қалар. Іске сәт!

Сурет: marco.az, wday.ru

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

М. Оңғарова