- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Шет тілін қалай...
Шет тілін қалай жылдам үйренуге болады?
Әрбір шет тілін үйренуді мақсат еткендер бұл үдерістің біршама күрделі әрі көп уақытты қажет ететінін ескергендері жөн. Дегенмен, бірнеше ережеге сүйене тырысатын болсаңыздар, кез келген тілде, тіпті ең күрделі тілдердің өзінде де сөйлей алу дәрежесіне жетуге болады. Расында бірнеше айдың көлемінде толық сөйлеп кете қоймайсыз. Бірақ диалогтардағы сөз саптауыңыз жақсарғаны өзіңізге біліне бастайды.
Кеңес #1
Сөздік қорыңызды дұрыс жинақтаңыз. Әрбір тілді үйрену барысы көптеген жаңа сөзді жаттаудан басталады. Тілдік құрамдағы барлық сөзді жаттап алу мүмкін емес, әрине. Біз тіпті өз ана тіліміздегі бар сөздің ұғымын біле бермейміз. Сондықтан «жаңа сөз» екен деп, барлығын қатарынан жаттай берген де болмайды. Мысалы ағылшын тілінде кез келген мәтіннің жатысын қамтитын орташа есеппен 300-500 сөздің жинағы бар. Өзге тілдерде де осылай болады.
Жылдам әрі сапалы жатқа алу үшін ең жиі қолданылатын сөздердің тізімін қағазға жазып, қабырғаға іліп қоюға немесе тақырыпқа байланысты (Мысалы, «Менің жанұям», «Менің мектебім») сөздердің ретін бөліп қарап, жаттауға болады. Сонымен қатар, ғаламторда немесе смартфондардағы Lingualeo секілді әртүрлі қосымшалардың көмегімен жаттығу жасаудың мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, жаңа сөздерді үнемі жаттап жүрумен қатар, оны әркез қайталап тұру керек.
Жаңа сөздерді жаттау барысында сөздің не екенін көзбен елестете біліңіздер. Оған синонимдерді тауып салыстырып көріңіздер. Сондай-ақ, жеке лингвистердің пікірлерін ескере, әртүрлі әдістерді қолдана білу керек (мысалы, memrise.com сайты).
Кеңес #2
Үйреніп жатқан тіліңізде күнде сөйлесуге тырысыңыз. Қазіргі кезде шет тілін меңгеру мақсатында тәжірибе жүзінде сөйлеу мәнерін арттыру үшін шетел асудың қажеті жоқ. Себебі ғаламтордағы мүмкіндіктер сізді толығымен қамтамасыз ете алады. Facebook немесе Skуpe секілді әлеуметтік желілердің көмегімен тегін видеобайланыстардың қызметін пайдалануға болады. Ең болмағанда өзіңізге қызық болған фильмдерді аударма субтитрлардың көмегімен көру арқылы тыңдау қабілетіңізді дамыта аласыз.
Ең бастысы сөйлеуден қорықпау керек. Біз өзіміздің аз сөзді білметінімізді ескеріп, диалог құрудан аяқ тартамыз. Қате айтып қоюдан қорқамыз. Skype арқылы сөйлесудің бір артықшылығы монитордың қасында өзіңіз ұмытып қалатын сөздердің тізімін қойып алып қолдануыңызға болады. Алғашында осылай тәжірибе жинақтаған дұрыс.
Сонымен қатар, Forvo сайты сөздің айтылуына қатысты қиындықтардан өтуге ерекше көмек бере алады. Сайттың бағдарламасы сізге қажет болған тілдегі белгілі бір сөздің дұрыс айтылу формасын көрсетіп бере алады.
Кеңес #3
Өзіңізге сене біліңіз. Жаңа тілді үйрену жастық шақтан өте икемді болып келетіні рас. Сол себептен, көптеген ересек адам «мен тіл үйренуден жасым өтіп кеткен» дегендей себептерді алға тартады. Ал шын мәнінде тілдік әрбір аспекті үлкен адамға тез жатталады. Мысалы, ересек адам кішкене мектеп баласына қарағанда грамматикалық ережелерді жылдам түсіне алады. Сосын мектеп оқушысы үйреніп жатқан тілін өз туған тілімен салыстыра оқи алуы екіталай. Себебі екі тілді салыстыра немесе салғастыра алу үшін, алдымен оның тілдік құрылымдарын білу керек.
Өзіңізге сеніп, көп нәрсені талап етудің де қажеті жоқ. Диалог барысындағы қателіктеріңізді ескеріп, дұрыстап отыруға тырысыңыз. Себебі туған тілімізде сөйлеген кезде де қателіктердің болатыны рас. Сондықтан шет тілінде сөйлегенде қате болса да өз пікіріңізді білдіруге талаптана беріңіз. Сосын жіберілген қателіктерге жеке-жеке мән беретін боласыз.
Кеңес #4
Өз мақсаттарыңызды жекелеп, нақтылап алыңыз. Тілді үйренуге немқұрайлы қарамаған жөн. Себебі тіл қарым-қатынас құралы болғандықтан, оны қолдану барысында сізбен диалог құрушының бар айтқан сөзін ұға білу әрі өз пікіріңізді толық жеткізе алу өте маңызды болып табылады. Міне, осы сізге негізгі мақсат болуы керек. Шет тілін тек жаттау арқылы біліп алу мүмкін емес. Сізге оны тәжірибе жүзінде көбірек тестілеуден өткізу керек болады.
Кеңес #5
Үйреніп жатқан тіліңізді туған тілі деп білетін адамдардың сөйлеу мәнерін қайталауға тырысыңыз. Шетелге шыққан кезде сіздің өзге елдің азаматы екеніңізді бір сөйлегенде жіберілген акцент арқылы анықтап алады. Сондықтан олардың диалогтарын көп тыңдап, тура сол кісілерге ұқсап дауыс тембрі мен интонацияны қайталауға барын салғаныңыз жөн.
Сурет: ucsandiegoextension.wordpress.com
Ж. Өрісбай