әл-Фарабидің ең алғаш қазақ екенін дәлелдеген ғалым кім?

әл-Фарабидің ең алғаш қазақ екенін дәлелдеген ғалым кім?

Ақжан Жақсыбекұлы 1906 жылдың 2 қарашасында Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында дүниеге келген. “Тұлпар аунаған жерде түк қалады” дегендей, Ақаң аты­шулы Машан бидің немересі.

Машан Жамантай төренің кеңесші биі, аузымен орақ орған шешен болған. Қазақ ұлттық техникалық университетінің түлегі, тау-кен инженері, қазақтың заңғар жазушысы Ілияс Есенберлин өзінің “Қаһар” атты романында Машан бидің атақты Ағыбай батырдың досы, Құнанбай, Құдайберді тәрізді адамдармен үзеңгілес, туыстық та қарым-қатынаста болғанын, қаз дауысты Қазыбек бидің досы болғандығын жазған. Құнанбай қажы мен Машан би жылына бір рет Қоянды жәрмеңкесінде бас қосып отырған екен. Осындай бір кездесуде атасымен бірге жәрмеңкеге барған бала Ақжан Шәкәріммен де кездескен. Ақаңның әкесі Жақсыбек Құранға жүйрік, сол кездердегі “Айқап”, “Дала уалаяты” атты газеттерді жаздырып оқитын адам болған. Ақаң алғаш әліппе тануды өз әкесінен, кейін кеңес мектебінен үйренген. 1924 жылы Қарқаралыдағы Әлімхан Ермеков негізін қалаған педагогикалық техникумға түсіп, Әлекеңнен, Ахаңнан (Ахмет Байтұрсынов) дәріс алған. Міне, осындай думанды шаңырақта, ойшылдардың ортасында жүріп, тәлім-тәрбие алған Ақжан Жақсыбекұлының ғұлама ғалым болмауы мүмкін емес еді. Ақжан ата бойындағы әділдігі, сабырлылығы, зеректігі, зерделілігі, ізденімпаздығы атадан балаға ұласқан сарқылмас қазынаның жалғасы деп білеміз.

 

 

Ақжан әл-Машани – еуропалықтар Шығыс Аристотелi деп атаған, дүниежүзiлiк екiншi ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидiң Отырардан шыққан Қыпшақ тумасы екендiгiн алғаш дәлелдеп, он бiр ғасырдан соң ұрпағымен қауыштырған, баба мұраларын жан-жақты зерттеп, фарабитанудың көпiрiн тұрғызған ғалым. Ұлы бабаның Дамаскiдегi Баб ас-Сағир зиратынан қабiрiн тауып, мiнәжат етiп, бiр уыс топырағын Отырарға әкелген тұңғыш қазақ. Сол жолы ол Сирия үкiметi тарапынан бабасының басына құлпытас орнатуға мұрындық болған. Және «әл-Фараби» (1970) тарихи деректi кiтабында ұлы бабаның көркем бейнесiн

тұңғыш сомдаған қаламгер. Фараби еңбектерiн қазақ тiлiнде тұңғыш сөйлетiп, оның трактаттарын аударды. Еңбектерiн тереңiрек зерттеп, зерделеу үшiн өз қаржысымен әл-Фараби ғұмыр кешкен Таяу Шығыс елдерiн аралап шыққан. Мұның бәрiн ғалым кешегi қызыл империя қыспағында жүрiп-ақ, дiнiнен алшақтап, дiлi титықтай бастаған елiнiң ұлттық рухын ояту үшiн жасаған едi...

Ақжан әл-Машани — ғұмырының 40 жылдан астам уақытын әл-Фараби мұрасын зерттеуге сарп етiп, бабаның ғылыми өмiрбаянын жасауда теңдесi жоқ мұра қалдырды. Ол қазақтың екi ұлы даналары әл-Фараби мен Абайдың арасындағы рухани байланысты аша отырып, «Әл-Фараби және Абай» зерттеуiн жасаған, абайтанудың ренессанстық соны зерттеуiн берген. Сондай-ақ, жер ғылымының жаңа саласы – геомеханиканың негiзiн салушы және елiмiзде оның мектебiн құрушы  ғалым. Елiмiзде жаңа кен орындарын ашуда да өзiндiк қолтаңбасын қалдырған.

Жалпы, әл-Машани 200-ден астам ғылыми мақалалар, 10 монография, 5 оқулық және 8 ғылыми көпшілік кітаптар жазып, артына өшпес мұра қалдырған ғалым. Осы еңбектері арқылы ғалымның кемеңгерлік қырлары жарқырай көрініп, есімі елге мәшһүр болды.

2001 жылдың 12 қазанында Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Б.Сапарбаевтың қолдауымен халықаралық деңгейде әл-Фарабидің 1130 жылдығы аталып өтті. Әкім бекіткен арнайы сыйлық және Әбу Насыр әл-Фараби атындағы сыйлықтың №1 куәлігі артына мол мирас, өшпес іс қалдырған әл-Машаниға берілді.

әл-Машанидің ғылымға қосқан зор үлесін және ғылыми педагогикалық қызметін жұртшылық пен Үкімет жоғары бағалады. Ол Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, көптеген медальдар және Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ жанындағы жараты­лыстану гуманитарлық институтына Ақжан әл-Машани есімі берілген.

Дереккөз: oksh.kz,malimetter.kz

Оқи отырыңыз:

Архимед ғылымға қандай үлес қосты?

Юрий Гагарин тұңғыш ғарышкер емес...

Мен ұмыта алмаймын, бірақ кешіре аламын

Химия саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары белгілі болды

Дайындаған: Нұрбол  Нұрмаханұлы 

Сурет:www.kaznu.kz

Н. Нұрмаханұлы