XXI ғасыр білімі қандай болуы керек?

XXI ғасыр білімі қандай болуы керек?

Бүгінде білім саласына жаңа реформалар енгізу бүкіл әлем елдерінде ең өзекті мәселелердің бірі болуда. Әсіресе Қазақстанда. Білім жүйесіне жаңа емтихандар енгізіліп, мектепте білім беру жүйесі жаңартылып, ұйымдық-құқықтық құрылымдарға түзетулер енгізілуде. Осы атқарылған істерге қарай отырып, XXI ғасырда білім жүйесі қандай болу керек? деген сұрақ туындайды. Осы сұраққа Массагет.кз порталы жауап беруге тырыспақ.

№1. Пән

Ата-аналар балаларға көп салмақ түседі деп наразылық білдіреді. Оқушылар оқытылатын пәндердің көбі оларға қажет емес деп наразы болуда. Мұғалімдер болса, қазіргі балалардың сабаққа еш қызығушылықтары жоқ деп арыз айтады. Сонымен не істеу керек? Мүмкін оқушылар мен студенттерді шынымен кейбір пайдасы жоқ жалпы білімдік пәндерден босатқан дұрыс болар? Осы мәселеге келетін болсақ, гуманитарлық бағытта оқитын оқушылар физика пәнін оқуға мүлдем қарсы... 

"Бірақ, кейін өзіңнің балаң сенен есепті шығаруға көмек сұраса не істемексің?" деген сұраққа оқушылардың көбі: "Біріншіден, қажетті емес ақпарат тез ұмытылатынын ескере отырып, мен балама тіпті тартылыс күшін түсіндіріп беруім екіталай, екіншіден, менің балам мектепке барғанға дейін мектеп бағдарламасы мен білім беру жүйесі өзгереді, үшіншіден, мектепті үздік бітірген көп ата-ана үшінші сыныптың тапсырмаларын орындай алмайды" - деп жауап береді.

Жарайды... Дегенмен жан-жақты даму мәселесі ше?..

№2. Әрбір оқушымен жеке жұмыс жасау

Барлық оқушылардың білім деңгейі бірдей емес, кейбірі жақсы оқитын болса, кейбірінің үлгерімі нашар. Нәтижесінде нашар оқитындар үлгерімі жақсыларды артқа тартып, озат оқушылар өздерінің қабілеттеріне сай білім ала алмайды. Өз кезегінде нашар оқитындарда комплекс пайда болады. Соның әсерінен аталған екі топ та өз мүмкіндіктерін толығымен көрсете алмайды.

№3. Қажетті нәрселерге көңіл бөле білу

Бүгінде мектепте жүргізілетін сабақтар - тек ҰБТ-ға дайындалу немесе дәріс оқу. Өмірде еш қажеті болмайтын фактілермен, формулалармен оқушылардың миын қатырады. Немесе схемалардың мән-мағынасын түсінбестен, тек емтиханды дұрыс тапсыру үшін аталған схемаларды қинап жаттатқызады және мұндай білімнің қысқа уақыт ішінде ұмытылып жататынын ерекше атап кеткен жөн. Нәтижесінде мектеп қабырғасынан білімді азаматтар емес, формулаларды жаттап алған тотықұстар шығады. Сондықтан қазіргі кезде сабақ беру жүйесін заманауи әдіспен жүргізген дұрыс. 

Біріншіден, зерттеушілік қызметті дамытқан жөн. Оқытушылар сұрақ қойып, ал оқушылар тек сол сұраққа ақпарат іздеп, интернет беттерінен реферат жүктеп қана қоймай, өздерінің ой-қорытындыларын көрсетулері қажет. Яғни, үйреншікті үй тапсырмаларын беруден бөлек, оқушылар қысқа зерттеу жұмыстарын жасаулары, нақтырақ айтқанда, ақпарат көздерімен жеке жұмыс істеп, ақпарат жинап, оны талдап, өз бағасын берулері керек, сондай-ақ, зерттеу жұмысының қорытындысын жасап және мұғалімдермен бірге байланыста әрекет жасаулары қажет. Мектеп осындай әдіс арқылы оқушыларды өздігінен ойлауға үйретеді.

Екіншіден, оқушылар жиі презентациялар мен көпшілік алдында сөз сөйлеулері қажет. Сонымен қатар презентациялар PowerPoint программасымен шектеліп қоймай, аудитория алдында қандайда бір проекті толықтай қорғаулары қажет. Бұл оқушылардың коммуникативті болуларын және өздеріне сенімділіктерін арттыруға үлкен үлес қосады.

Сурет: guardian.co.uk, fwnews.ru

Ж. FM