Джон Кеннедидің өлімі және қолшатыр ұстаған жұмбақ адам

Джон Кеннедидің өлімі және қолшатыр ұстаған жұмбақ адам

АҚШ президенті Джон Кеннеди 1963 жылдың 22 қарашасында Даллас қаласында (Техас штаты) мерген көздеген мылтықтың оғынан бас сүйегінен ауыр жарақат алып, көз жұмды. Қайғылы оқиға Кеннеди мен оның жұбайы Жаклин бастап Элм-Стрит бойымен кетіп бара жатқан президент кортежінде орын алды. Әлемді тік тұрғызған президент өлімімен аяқталған оқиғаны мұқият зерттеген арнайы комиссия кінәлі деп Ли Харви Освальд есімді азаматты атады. Кінәлі жан жазасын алса да, көптеген азаматтар істің осылай тез және де тек бір адамның кінәлі болып қана аяқталуына көңілдері толмады. Сол себепті де әлі күнге президент өлімінің балама нұсқаларын көрсететін конспирологиялық теориялардың жарысы толастамай келеді.

1

Солардың бірі Кеннеди өлімі орын алған кезде пайда болған жұмбақ адамның бейнесі еді. Дәлірек айтсақ, қолшатыр ұстаған адам. Ол сол мезетте түсірілген бірнеше суреттер мен бейнежазбаларға түсіп қалған. Бұл адамның өзін-өзі ұстауы да күмән тудырады. Мысалы ол неліктен қолшатыр ұстағаны жұмбақ күйінде қалып отыр. Әрине егер жаңбыр жауып тұрса бұл көрініске ешкім де назар аудармас еді ғой. Бірақ Кеннеди Далласқа келген күні аспан шайдан ашық болатын. Ал куәгерлердің берген түсініктемесі тіпті қызық. Олар әлгі адам Кеннеди лимузині пайда болған кезде қолындағы қолшатырын ашып, оны басынан жоғары биікке көтергенін байқаған. Ал әрі қарай оқиға тіпті қыза түседі. Кеннедидің көлігі жылдамдығын азайтқан мезгілде жұмбақ адам қолшатырын сағат тілінің бағытымен айналдыра берген. Сол мезетте оқ атылып, Кеннеди көз жұмады.

Іле-шала қолшатыр ұстаған жұмбақ жан да белгісіз бағытта жоқ болады.  

Тағы бір теориялар бойынша, бұл адам қолшатырын қастандық жасаушыға белгі ретінде қолдануы әбден мүмкін. Ал басқа бір болжам қолшатыр ұстаған күдікті уланған қысқа қаданы пайдалануы мүмкін дегенді келтіреді.

2

Ал 1978 жылы Луи Стивен Уитт атты азамат қолшатыр ұстаған жұмбақ адамның өзі екендігін мәлімдеген. Ал басқа бір ақпараттар бойынша суреттегі бейтаныс шығу тегі кубалық американдық азамат Мануэль Артиме болған. Бір қызығы ол 1977 жылы АҚШ үкіметінің Палатасы Комитеті қолшатыр ұстаған адам жөнінде тергеуге кіріскен кезде белгісіз жағдайда қайтыс болады.  

Әлі күнге дейін сол бір қайғылы жағдай жөнінде қаншама болжамдар айтылса да, Кеннедидің өлімі ғасырдың басты құпиясы болып қалып отыр. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: listverse.com

Б. Қосмағамбет