Емтихан алдындағы күйзелістің алдын алу жолдары

Емтихан алдындағы күйзелістің алдын алу жолдары

Мамыр мен маусым – мектеп түлектерінің ҰБТ тапсырып, студенттердің сессия мәселесімен бастары ауыратын кезең. Сондықтан сынақ алдында стрестің алдын алу қашанда өзекті мәселелердің бірі болып қала бермек. Бүгін емтихан алдында мазасыздануды азайтудың жолдары жайлы сөз қозғамақпыз.

Сәтсіздікке ұшыраған жағдайда ақыр заман басталады деген ойдан арылуға өзіңізге уәде беріңіз. Қандай жағдай болмасын (емтиханды қалағаныңыздай тапсыра алмаған жағдайдың өзінде) өмір онымен бітпейді.

Емтиханға дейін керектінің бәрін оқып үлгере алмайтыныңызға байланысты уайымдамас үшін дайындық жоспарын құрып, соны орындауға тырысыңыз. Біріншіден, сіз өзіңіздің нақты жетістігіңізді анық көре аласыз және жетістікті көргеннен кейін сізде сенімділік пайда болады. Екіншіден, мұндай жүйе қобалжудың кесірінен орын алып жататын маңызды да жағымсыз мәселелерді кейінге қалдырудан қорғайды.

Шпаргалка жазыңыз. Барынша көп шпаргалка дайындаңыз. Себебі, шпаргалка жасау біліміңізді жүйелеуге едәуір септігін тигізеді (тек өзіңіз жазған жағдайда ғана). Бірақ емтиханға алып кіруші болмаңыз.

Қатты уайымдап, мазаңыз кетсе, өзіңізге физикалық салмақ түсіріңіз. Тіпті бір-екі минут қол мен аяқты сермеудің өзі ішіңіздегіні шығарып, мидың демалуына мүмкіндік береді. Егер үйіңізде бокс қабы немесе әдеттегі жастық болса, тіпті жақсы – күйіп-піскен кезіңізде оны барынша төмпештеңіз. Қайдағы бір емтихан тұрмақ, кез келген қиындыққа төтеп беруге қабілетті екеніңізді сезе аласыз.

Үтіктелген көйлек, жеке куәлік немесе қаламыңызды соңғы сәтте іздеп жүрмес үшін емтиханға керектінің бәрін алдын ала дайындап қойыңыз (құжат, киім, сөмке, шоколад). Осылайша, сіз емтиханға еш нәрсені ұмытпай, толықтай дайын болып баратыңызды білгеннен соң, аз да болса, тынышталасыз.

Емтиханға кірерде өзіңізбен бірге бір бөтелке су алып кіруді естен шығармаңыз – бір жұтым су шешуші сәтте қолдың дірілдеуін тоқтатуға және ойлануға көмектеседі.

Сәттілік!

Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: domashniy.ru

Ж. FM