Назарбаев университетіне түсу үшін қандай емтихан тапсыру керек?

Назарбаев университетіне түсу үшін қандай емтихан тапсыру керек?
Фото: profwidom.medium.com

Биыл Назарбаев университетінің құрылғанына 10 жыл толды. Еліміздегі беделді оқу орнына қалай түсу керек екенін бірі білсе, бірі біле бермеуі мүмкін. "Жұлдыз FM" радиосының "Таңғы шоу" бағдарламасында университеттің қабылдау департаментінің бас менеджері Гүлден Шоқатова Назарбаев университетіне түсу қанша кезеңнен тұратынын, қандай талаптар қойылатынын және тыңдармандар қойған кей сұрақтарға жауап берді. 

Үміткер бакалавриат бағдарламасына тікелей түсем десе, мамандығына қарай екі емтихан тапсырады. Біріншісі, ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтайтын IELTS емтиханы. Оның нәтижесінде 6,5 ұпайдан жоғары жинау қажет. Ал жазу, оқу, сөйлесу, тыңдау секцияларында кем дегенде 6,0 ұпай алуға тиіс.

Екінші емтихан – SAT. Бұл – АҚШ университеттеріне түсер кезде тапсыратын емтихан. Ол физика, биология, математика, химия пәні бойынша өтеді. Ең төменгі ұпай – 600. SAT Reasoning тесттен 1240 ұпай жинау қажет. Емтиханды арнайы тест орталықтарында тапсыруға болады.

Егер үміткер магистратура, резидентура, докторантура бағдарламаларына түсем десе, IELTS емтиханын тапсыруға тиіс. Магистураның көп мамандығында 6,5 ұпай жинау қажет. Сонымен бірге магистратураға түсерде бакалавриат дипломындағы жалпы ұпайына мән береміз. Кең тараған 4,0 ұпайдың ішінде мамандыққа қарай 2,69, 2,75, 3,0 ұпайға қарайды. 

Докторантураға түсерде жаратылыстану бағытында IELTS бағасы 6.5, гуманитарлық мамандықтарда 7.0 болуы керек. Бұл кезеңнен өткен үміткерлер ағылшын тілінде сұхбаттан өтеді. Ең көп ұпай жинағандар грантқа ие болады.

Үміткерлер өтінішті онлайн өткізе алады. Ол үшін Назарбаев университетінің ресми сайтына кіру қажет.

А. Рысдәулет