Еуразия ұлттық университеті әлемдік рейтингте Назарбаев Университетін басып озды

Еуразия ұлттық университеті әлемдік рейтингте Назарбаев Университетін басып озды
Фото: strategy2050.kz

Испанияның ірі қоғамдық ғылыми-зерттеу институты – Ғылыми зерттеулер жөніндегі Жоғарғы кеңесі әзірлеген (Consejo Superior de Investigaciones Científicas (CSIC)) Webometrics «TRANSPARENT RANKING: Top Universities by Google Scholar Citations» жаңа рейтингтің нәтижелері белгілі болды, деп хабарлайды Массагет тілшісі enu.kz сайтына сілтеме жасап.

Рейтинг әлемдік ғалымдардың зерттеу жұмыстарының нәтижелерін жоғары оқу орнының сайтына жариялау бойынша есептелінеді. Қорытынды кестеде әлем университеттерінің 4 982-сі бар. Олардың алтауы – қазақстандық ЖОО.

Қазақстан бойынша Еуразия ұлттық университеті әлемдік рейтингіде (725-орын) көш бастады. Назарбаев Университеті 1 382-орын, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – 3 559-орынға табан тіреді. Сонымен қатар рейтингке Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті (4 077-орын), Қазақстан-Британ техникалық университеті (4-935 орын) және С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті (4 961-орын) кірді.   

Webometrics рейтингісі университет жариялайтын веб-беттердiң көлемімен, (көрнекiлiк) және әсерімен (тиiмдiлiк) өлшенедi, университеттегі ға­­­ламтор желісіндегі ғылыми жа­рияланымдар, әр ЖОО ғалым­да­рының зерттеу еңбектері, олар­ға жасалған сілтеме ескеріліп, басты нысанаға ЖОО-ның ғылыми-зерттеу әлеуеті алынады. Жарияланымдар саны Google Scholar сайты арқылы есептелінді. Ағымдағы рейтинг 2017 жылдың 2-4 шілдесіне арналған мәліметтер бойынша өлшенді. Әлем университеттері бойынша рейтинг нәтижесімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.

Мұнымен қоса, Webometrics Ranking of World Repositories рейтингісінің қорытындысы бойынша Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ әлем бойынша 878 орын және Қазақстан бойынша І-орынды иеленді. 2017 жылдың шілде айындағы рейтингке 8 қазақстандық электрондық ғылыми мұрағат ұсынылған. 

М. Оңғарова