Тегін білім алуға болатын интернет ресурстары

Тегін білім алуға болатын интернет ресурстары
Фото: freepik.com

Мектеп немесе жоғары оқу орындары кейде сіз қалаған нәрсені бере алмайды. Сондай сәтте өзімізге керекті білім көзін интернет аймағынан іздей бастаймыз. Бүгінде онлайн курстар, онлайн-мектептер мен университеттердің бары жасырын емес. Ендеше назарларыңызға солардың бірнешеуін ұсынамыз:

Интуит
Жоғары немесе екінші жоғары білім алуға мүмкіндік беретін әрі кәсіби дайындық пен біліктілікті арттыруда ең тиімді көмекші рөлін атқаратын ресейлік ірі интернет-университтердің бірі – Интуит. Толық білім алу – ақылы. Дегенмен, сайт парақшасынан информатика, математика, экономика және философия салалары бойында 500-ден астам тегін курстар табуға болады. Оқу курстарын аяқтаған соң тегін электронды сертификат ала аласыз.  

Универсариум
Ресейдің алдыңға қатарлы университеттерінің білікті оқытушылары ұсынатын оқу курсынан өтуіңізге болады. Курс ішіне видео дәрістер, үй жұмысы, тест, топтық жұмыс пен қорытынды емтихан кіреді.

Twirpx
Әдебиет саласына қызығатындар үшін таптырмас білім көзі. Өйткені, бұл жерден сирек кездесетін жазбаларды табуға болады. Оларды жүктеп алу ұпай жинау негізінде іске асады: ұпайды сайтқа материал жүктеу арқылы немесе қосымша ақы төлеп жинайсыз.

Academic Earth
Ағылшын тілін жақсы меңгергендер немесе шет тілінде еркін сөйлеуді мақсаты еткендер үшін таптырмас көмекші. Сайтқа әлемнің ең үздік университеттері ұсынған дәрістер жүктелген. Соның ішінде, MIT, Гарвард, Принстон, Стэнфорд, Йель университеттерін атап өтуге болады.

Еdx
Ағылшын тіліндегі әлемдегі озық білім ордаларының дәрістері жүктелген тағы да қосымша сайт. Бұл жерден өзіңізге керекті саланы оңай табға болады. Мысалы, музыка индустриясы саласы бойынша білім алуға мүмкіндігіңіз бар.  

University Of the People
UoPeople — тегін университет болғанымен, студенттер әр курстың аяғында емтихан ақысын төлеуі тиіс. Оқу ақысы студенттің тұрғылықты жеріне байланысты. Онымен қоса, толық тегін білім алу үшін грант та бөлінеді. Университет студенті атану үшін ағылшын тіліңіздің деңгейі мен орта білім деңгейі жоғары екенін дәлелдеуіңіз керек.

TED
Толық атауы – «Technology, Entertainment, Design», қазақ тіліне аударар болсақ – «Ғылым, Өнер, Мәдениет». Сахнада ғалымдар, зерттеушілер, кәсіпкер, инженер және өзге де кәсіби мамандар өз идеясымен бөлісетін атақты конференцияның кей видеоларын YouTube желісінен көрген шығарсыз. Бұл жерде тек идеялармен бөлісіп қана қоймай, тақырыпты жан-жақты талқылайды. Барлық видеоны өзіңізге ыңғайлы тілде жүгіртпе жол арқылы қарауға болады.  

Хан академиясы
MIT және Гарвард университтерін аяқтаған жас жігіт бір күні өзге қалада тұратын туысқанына математиканы меңгеру қиынға соғатынын біледі. Кейін, оған көмектесу үшін YouTube желісіне видео-сабақтар жүктейді. Кейін ол сұранысқа ие болады. Бүгінде Хан академиясы 4200-ден астам видео дәрістерді қарауға мүмкіндік ұсынады.  

Т. Есқали