Қазақстанда грантты төлеу жүйесі қалай өзгереді?

Қазақстанда грантты төлеу жүйесі қалай өзгереді?

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қазақстандық студенттерге гранттарды төлеудің жаңа жүйесі қалай жұмыс істейтінін айтты.

Білім және ғылым министрлігінің басшысы атап өткендей, енді грантта оқитын студент өздері оқығысы келетін ЖОО-ны таңдайды, содан кейін өздері таңдаған ЖОО бюджеттен қаржы алады. Бұл ретте грант ұтып алған студент төлем процедурасына өзі тікелей қатыспайды.

"Шындығында студент университеттегі оқу ақысын мектепте қол жеткізген жетістіктері үшін төлейтінін түсінбейді, керісінше оны тегін білім деп қабылдайды.Мемлекет ЖОО-ға орта есеппен 3,5-4 млн теңге төлейді", - деді Аймағамбетов.

Оның айтуынша, қазір оқу ақысын төлеу алгоритмі мынадай болады: белгілі бір жиілікпен университеттер студенттердің тізімдерін және төлеуге арналған актілерді министрлікке жібереді. Министрлік әрбір студент үшін ақшаны университеттің есепшотына тікелей аударады.

"Жақында Мемлекет басшысы бұл қаржыландыру жүйесін өзгертуді тапсырды. Бұдан былай қаражат грант ұтып алған студенттің оқу ақысын төлеуі үшін оның арнайы (ЭСКРОУ сияқты) банктік шотына тікелей аударылуы мүмкін.

Студент осылайша мемлекет тарапынан бұл қаржы мен тікелей қолдауды көріп, оқу ақысын төлеу тәртібіне өзі тікелей араласады. Яғни, қазір студент бұрынғыдай тегін қызмет алушы емес, қызметтің тұтынушысы. Тиісінше, ол тапсырыс беруші ретінде сапалы білім беруді талап етуге құқылы", - деп қосты министр.

Асхат Аймағамбетов бұл студенттің мемлекеттік қолдау шараларын қабылдауына оң әсер етіп, жауапкершілігін арттырады деп есептейді.

"Білімге миллиондаған қаржы жұмсалып жатқанын көрген студент білім алуға да, көрсетілетін қызметтің сапасына да жауапкершілігі артады", - деді Білім және ғылым министрлігінің басшысы.

Министрлік бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жояды және бюджет қаражатының барынша мақсатты және ашық жұмсалуын қамтамасыз етеді деп санайды.

Студент бюджет қаражатын басқа мақсатқа жұмсай алмайтыны баса айтылды. Бұл шара жоғары оқу орындарындағы бәсекелестікті арттырады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев студенттерге грант бөлу схемасын өзгертуді ұсынған болатын.

"Қаржыландыру грант алушыға тікелей берілуі керек, яғни студенттің өзі оқу ақысын төлеуі керек. Бұл ақша студенттің арнайы шотына түсуі керек, оны тек оқу ақысын төлеуге болады. Бұл тәсіл жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудегі бәсекелестікті арттырады", - деді Тоқаев 16 қарашада ҰҚК отырысында.