Химия бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары белгілі болды

Химия бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары белгілі болды
Фото: nobelprize.org

Бенджамин Лист пен Дэвид Макмиллан химия бойынша асимметриялық органокатализаторды дамытқаны үшін 2021 жылғы Нобель сыйлығының лауреаттары атанды.

Ғалымдар бұл сыйлықты ұсақ органикалық молекулаларды қолдана отырып катализдің жаңа түрін жасағаны үшін алды.

2020 жылы Эммануэль Шарпанте мен Дженнифер Дудна геномды өңдеу әдістерін дамытқаны үшін химия бойынша Нобель сыйлығына лайық деп табылған болатын.

4 қазаннан бастап осы жылғы Нобель сыйлығының лауреаттарын жариялау апталығы басталды. Оның аясында Швеция Корольдік ғылым академиясы медицина мен физика бойынша 2021 жылғы Нобель сыйлығының лауреаттарын жариялады.

Медицина саласындағы беделді марапат Калифорния университетінің профессоры Дэвид Джлиус пен АҚШ -тағы Scrips зерттеу институтының ғылыми қызметкері Ардем Патапутянға берілді.

5 қазанда Джорджио Паризи, Клаус Хассельман және Сюкуро Манабе 2021 жылғы физика бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары атанды.

Нобель комитеті жеңімпаздарды тағы 3 бағыт бойынша марапаттайды. Атап айтқанда, әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегері 7 қазанда, экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты  11 қазанда белгілі болады.

8 қазанда Норвегияның Осло қаласында бейбітшілік саласы бойынша сыйлықтың иегері жарияланады. Оған 329 үміткер қатысқан.

Т. Раушанұлы