IT-архивист – болашақ мамандығы

IT-архивист – болашақ мамандығы

Қазіргі таңда республикада цифрландыру жүйесін қарқынды жүзеге асырып енгізуде. Соның ішінде білім беру саласын цифрландыру алдыңғы қатарда жүргізіліп жатырған шаралардың бірі болып отыр. Білім беру саласын цифрландыру үш негізгі бағыт бойынша жүргізіліп жатқаны барлығымызға аян. Олар: білім беру үдерісін цифрландыру, цифрлық білім беру контенті және білім беруді басқаруды цифрландыру. 

Цифрлық технология дегеніміз - ақпараттарды жылдам тарату, қоғамды қажетті құжаттармен қамтамасыз етуде қолжетімділік мәселелерін шешудегі  жаңа құрал. Қазір бұл үрдіс архив және құжаттаманы басқаруды қамтамасыз ету салаларында өзінің оң шешімін табуда. Яғни, цифрландыру – архив құжаттарын электрондық түрге біртіндеп ауыстыру, осы бағытта құжаттарды тездетіп өңдеуде оларды құру, енгізу, ғылыми-анықтамалық аппаратын және архив қорларының автоматтандырылған дерекқорын құру, электронды форматта құжаттарды жариялау,  сонымен қатар ақпараттың сапасын жоғалтпай  сақтауды қамтамасыз ету жұмыстарын қамтиды.

"Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында "Бірыңғай электронды архив құжаттары" атты ақпараттық жүйесін қалыптастыру да қолға алынды. Сонымен қатар, мемлекеттік органдарда "Электронды құжаттар коймасы" сервистік бағдарламасы енгізілді, яғни электронды құжаттардың үлкен массивін сақтауға және басқаруға арналған заманауи бағдарламалық кешен. Электронды құжаттар қоймасы архив ісінің үрдісін автоматтандыруды, мемлекеттік органның барлық электронды құжаттарын сенімді орталықтандырылған сақталуын қамтамасыз етеді. Соңғы жылдары цифрландыруға байланысты болып жатқан архив саласындағы осындай өзгерістер білім беру бағдарламаларында көрініс табуда.

Биылғы оқу жылында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистратура бөлімінде жұмыс берушілермен бірлесе отырып  "7M03207 - IT Архивтану және құжаттану" оқу бағдарламасы іске асырылды. Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты құжаттану және архивтану саласында  IT-ны қолданудың терең дағдыларын меңгерген, Қазақстанның ұлттық басымдықтарын ескеретін, жоғары әлеуметтік құндылықтарға бейінділік танытатын, басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету, электрондық құжат айналымы, инновациялық технологиялар негізінде архив құжаттарын жинақтау, жүйелеу, сараптау және есепке алу, сақтау, пайдалану саласындағы қызметі жүзеге асыруға қабілетті ғылыми-педагогикалық кадрларды дайындау.

Оқу бағдарламасын іске асыруда архивтану және құжаттану саласында мамандарды дайындаумен айналысатын посткеңестік кеңістіктің ірі жоғары оқу орнының бірі - Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің  (Мәскеу, РФ) құжаттану және технотронды архивтер факультетімен тығыз байланыстар орнатылды. Осы университетпен  қос дипломдық оқу бағдарламасы іске қосылуда. Сонымен қатар,  "IT Архивтану және құжаттану" оқу бағдарламасының магистранттары Польшадағы Мария Кюри-Склодовская  атындағы  университетінде, Коперник университетінде,  Италиядағы Ла Сапиенца, Ка-Фоскари университеттерінде, АҚШ-ғы Мэриленд, Миннесота Университеттерінде  академиялық ұтқырлық шеңберінде оқи алады.

Бағдарлама бойынша дуалды білім беру жүйесі де қолға алынған, сабақтар Қазақстан Республикасы Президент Архивінің  базасында ашылған ҚазҰУ-дың "Архив ісі және құжаттану" оқу-өндірістік кафедрасының филиалында  өткізіледі. Өндірістің базасында осындай кафедраның ашылуы болашақта магистранттардың теориялық білімдерін  іс жүзінде практикамен ұштастыруымен қатар  үлкен оқу – әдістемелік орталығына айналатыны сөзсіз. Магистранттардың ғылыми-зерттеу тәжірибелері республикадағы архив мекемелерімен қатар,  мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың  және Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің  құжаттану және технотронды архивтер факультеті, Польшадағы Мария Кюри-Склодовская  атындағы  университеті, Коперник университетінің базаларында өтеді.

Жыл сайын Халықаралық жас архивистердің жазғы мектебі шетелдік спикерлердің қатысуымен өткізіледі (ұйымдастырушылар Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті (Ресей Федерациясы), ҚР Президент архиві, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ).  Жазғы мектептің секцияларында қазіргі кезеңдегі архив ісін цифрландыру сынды мәселелер талқыланады. Жазғы мектепті табысты аяқтаған қатысушылар өз саласындағы білімі мен тәжірибесін  алмасып қана қоймай, кәсіби  қабілеттерін де дамытуға мүмкіндік алады, соңында халықаралық сертификат беріледі. Мұның өзі жастардың мамандыққа деген қызығушылықтарын арттыра түседі.

Архив  және құжаттаманы басқаруды қамтамасыз ету  салаларында, электронды архивтің және құжатайналымының  ішкі құрылымы мен оның құжаттарының мазмұнын,  құрамын толықтай меңгерген цифрландыру үрдісін игере алатын ІТ мамандар қажет. Сондықтан да, "7M03207 -  IT Архивтану және құжаттану"  жаңа бағыттағы білім беру бағдарламасын  даярлау  заман талабы.

Алпысбаева Н.К.
әл-Фараби ат. ҚазҰУ
проф. м.а., тарих ғылымдарының кандидаты
Максымканова А.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
1 курс докторанты

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Жыландар қалай ұшады?
Жыландар қалай ұшады?
Жер сілкінісі де тоқтата алмайтын жолаушылар пойызы
Жер сілкінісі де тоқтата алмайтын жолаушылар пойызы
Бүгін – футболда ысқырық пайда болған күн
Бүгін – футболда ысқырық пайда болған күн
"Манчестер Юнайтед" ағылшын премьер-лигасында рекорд орнатты
"Манчестер Юнайтед" ағылшын премьер-лигасында рекорд орнатты
Ғалымдар ауаны коронавирустан тазартатын сүзгі ойлап тапты
Ғалымдар ауаны коронавирустан тазартатын сүзгі ойлап тапты
Тест. Балмұздақ. Ағылшын
Тест. Балмұздақ. Ағылшын