ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы жөнінде: “Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық”, - деген болатын. Алматы қаласы әкімдігі Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары М. Әшімбаевтың әліпбиді жетілдіру жұмыстарын қорытындылау жөніндегі тапсырмасына сәйкес Алматы қаласындағы Ғылым ордасында “Әліпбиді жетілдіру жұмыстарын қорытындылау бойынша ашық талқылау отырысы өтті.
Талқылауға қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелері, білім-ғылым мекемелерінің мамандары, жас ғалымдар, докторанттар, мемлекеттік органдарының басшылары мен тіл мәселесіне жауапты мамандар, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Ашық отырыста мынадай сұрақтар талқыланды:
1. С – әріпін әліпбиге енгізу керек пе?
2. Енгізілсе, С әрпімен Ч дыбысын белгілеуді құптайсыз ба?
3. Немесе С әріпімен Ц-ны белгілеп, Ç -мен Ч дыбысын белгілеген дұрыс па?
4. Ұсынылған әліпбидегі Iɪ - i мен İi -мен и таңбалары ұқсас болғандықтан, шатастырмас үшін Ии-дыбысын Jj-мен, ал Ζ,-мен Жж дыбысын белгілеуді құптайсыз ба?
5. Iɪ - i мен İi -мен и дыбысын орындарын ауыстыру немесе сол қалпы қалдырудың қайсысын құптар едіңіз?
6. Ң – әріпін латында жоқ Ŋ-таңбасымен берген дұрыс па, әлде N әріпінің үстіне тильда немесе бревис қою арқылы таңбалауды құптайсыз ба?
7. Ww, Xх, С таңбалары тек пернетақтада орналасу керек дегенді құптайсыз ба?
Талқылаудың мақсаты жоғарыдағы ұсыныстар бойынша ортақ пікірге келу.
Алғаш болып сөз алған танымал түрколог, профессор Юлай Шамиль Оглы кириллицаның ерекшеліктерін латын қарпіне көшірудегі маңызын көріп тұрмағанын айтты.
Әкімдік атынан сөз алған Бақыт Әбиірұлы 3-4 дыбыс пен 3-4 әріп дауы арасында бір шешімге келе алмағандықтан да бүгінгі талқылау ұйымдастырылып жатқандығын айтты.
“Жоғарыдан келген тапсырма осы 3-4 дыбыс дауына нүкте қойып бір шешімге келу. Бүгінгі айтылатын ұсыныстар Қазақстанның басқа өңірлерінен айтылатын ұсыныстарға қарағанда салмақты болады. Өйткені Тіл білімі институты ғалымдары осында. Бұдан бөлек әл-Фараби, Абай атындағы университеттер және басқа университеттен де мамандар келіп отыр. Сондықта,н қысқа да нұсқа ұсыныстарыңызды айта отырсаңыздар. Біз осы талқылаудың қорытындысын күтіп отырғандарға жеткіземіз”, - деді Бақыт Әберұлы.
Филология ғылымының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек алфавиттегі ҚК, ҒГ дыбыстарының орны КҚ, ГҒ дыбыстарының орны ауысса екен деген ұсыныс айтты. Белгілі ғалым арнайы берілген сұрақтар ішінен 7-сұраққа тоқталды.
“Ww, Xх, С таңбалары тек пернетақтада орналасу керек дегенді құптайсыз ба?” - дейді. Бұл не деген масқара. Оны пернетақтаға орналастыру не орналастырмауды Тіл қазынасы шеше ме? W Тіл қазынаға дейін де тұрған, қазір де тұрады, олар тарағаннан кейін де тұра береді. Ол пернетақтаның классикалық үлгісі ғой. Оны ешкім алып тастай алмайды” - деді Әлімхан Жүнісбек.
“W дыбысы қазаққа керек пе?” деген талқылауға қатысушылардың сұрағына:
“Бұл дыбыстың белгілі бір жүйесі бар. Егер W дыбысы жойылып кетсе бүкіл дауыссыз дыбыстардың жүйесі бұзылады. Бізге бір дауыссыз дыбыс жетпей тұр. Мектеп жасындағы балаға W (у) дауысты дыбыс деп үйретеміз. Ал ол бала ағылшын сабағына барғанда W-ды дауыссыз дыбыс деп үйретеді. Ол кімге сенеді. Бір жүйе болу керек қой” - деп жауап берді.
Ал академик Асқарбек Құсайынов талқылауға берілген сұрақтарға қысқаша жауап берді.
1. “С – әрпін әліпбиге енгізу керек пе?” дегенге “Иә”, - деді.
2. “Енгізілсе, С әрпімен Ч дыбысын белгілеуді құптайсыз ба?”, - дегенге “Жоқ”, - деді.
3. “Немесе С әрпімен Ц-ны белгілеп, Ç -мен Ч дыбысын белгілеген дұрыс па?” - дегенге “Дұрыс”, - деді.
Осыдан соң сөз алған профессор Анар Салқынбай әл-Фараби университеті тіл мамандарымен отырып бір тоқтамға келген ұсыныстарын жеткізді.
“Баспасөз беттерінде “Латын негізіндегі қазақ жазуы” деген термин қалыптасып кетті. “Қазақ жазуы” дегеннің алдында “латын негізінде” деген сөздің тұруы біздің ғалымдар мен студенттерді алаңдатады. Сондықтан, біз “Қазақтың латын әліпбилі” немесе “Қазақ латын әліпбилі жазуы” болса екен деген ұсыныс айтамыз. Екіншіден, мына сұрақтарға тоқтала кетсек, біздің ойымызша С әрпін қазақ латын әліпбиіне енгізудің қажеті жоқ. Орыстың әріптерін, сөзін қалай жазамыз деген құлдық санадан арылуымыз керек. Сондықтан да Ч, Ц және Ф әріптерді алып тастауды ұсынамыз. У дауыссыз дыбыс екендігін бәріміз білеміз. Ендеше жаңа әліпбиде У дыбысы не үшін дауысты дыбыс етіп берілгенінін біздің университет мамандары түсінбей отыр. У дыбысы дауыссыз екен, біз оны ағылшын тіліндегі W-мен берілгенін қалаймыз” - деді.
Сөз соңында А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек бірқатар дыбыстарды қайта таңбалау және W дыбысын қазақ латын әліпбиіне енгізуді дауысқа салды.
1. W дыбысын дауыссыз деп алып, қазақ латын әліпбиіне енгізуді ғалымдар бірауыздан қолдады.
2. Жұп дыбыстар Ы,І-ні бір таңбамен, яғни Ы-ны І-мен, І-ні İ-мен белгілеуді де ғалымдар қолдады.
І Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық және IT-cүйемелдеу жұмыс тобының бірлескен отырысында мақұлданған
ЖЕТІЛДІРІЛГЕН ӘЛІПБИ