- Негізгі бет
- Білім
- Баланы кітап оқуға...
Баланы кітап оқуға қалай қызықтыруға болады?
Баланы кітап оқуға қызықтыру – үлкен шаруа. Себебі барлық бала бірдей кітаппен дос емес. Назарыңызға үш түрлі тәсіл мен қағидаларды ұсынамыз.
1. Кассиль тәсілі
Кассиль тәсілі – баланы кітапқа қызықтырудың танымал әдісі. Бұл оқи алатын, бірақ кітап оқуға құлқы жоқ балаларға арналған. Кассиль тәсілі бойынша, ата-ана кітапты баламен бірге оқып бастап, қызық жеріне келгенде үй шаруасын сылтауратып баланы жалғыз қалдырып кетуі керек. Кітаптың қызығын көрген бала оны соңына дейін оқып бітіретіні анық. Мұндайда ата-ана баланың өз бетімен оқып бітіргенін мақтап, ынталандырып отырғаны жөн.
2. Искра Даунис тәсілі
Психолог Искра Даунистің бұл тәсілін басқаша "сүйікті кейіпкер хаты" деп те аталады. Бала таңертең оянғанда бөлмесіне оның сүйікті мультфильм кейіпкері (мысалы Карлсон) хат қалдырғанын көреді. Хатта Карлсон балаға сыйлығы бар екені және оны қай жерге жасырып қойғаны жазылған. Бала расымен сыйлықты тауып алады және келесі күні де хат тауып алады. Бірақ бұл жолғысы сәл ұзақтау. Карлсон өзінің қызық оқиғаларын, бала өміріндегі маңызды нәрселерді жазады. Күн сайын хат ұзарып, күрделене түседі. Осылайша хатты оқу арқылы баланың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға болады.
3. Белгілі бір кітапты оқуға тыйым салу
Балаға үйде жатқан белгілі бір кітапты оқуға тыйым салу да бір тәсіл. Оның сәл манипуляциялық негізі бар, себебі "оны оқуға сенің жасың әлі жеткен жоқ" деп алдауға тура келеді. Бірақ бұл – жақсы ниетпен айтылған өтірік және тыйым салынған заттың құны артатыны белгілі.
Бұл тәсілдердің біреуі сай келмесе, бірі жарап қалуы мүмкін. Бірақ бұдан бөлек мына қағидаларды сақтау қажет:
• Көбірек мақтап, азырақ түзеп отырыңыз. Баланың әр қатесін айтып, ұрыса берген дұрыс емес. Ол өз мүмкіндігіне қарай оқуға тырысады. Одан да оның әр дұрыс оқып-жазғанын айтып, қолдап отырыңыз.
• Баланы біреумен емес, тек өзімен салыстырыңыз. "Айбар деген бүкіл әліппені жаттап алған" деген сөз баланы ынталандырмайтыны анық, керісінше қапаланып, ыза болуы мүмкін. Баланы тек өзімен салыстыру керек: "Кеше бір бет оқып едің, ал бүгін екі бет оқып тастадың. Жарайсың".
• Балаға үлгі болыңыз. Баланы кітап оқуға қызықтыру үшін құр ақыл айту жеткіліксіз. Оған кітап оқы деп, өзіңіз смартфоннан видео көріп отырсаңыз, бала сізге сенбейді. Балалар ата-анасын тыңдағаннан гөрі, оларға еліктегенді ұнатады. Сондықтан ата-ана өзі де кітап оқып, үлгі болуға тиіс.
• Рөлге бөлініп оқыңыздар. Балаға бір жолын, өзіңіз бір жолын оқып та қызықтыруға болады. Мұндайда бала үлкендерге көмектесіп жатқанын, өзінің маңызы бар екенін сезеді.
Massaget