Джеки Чан ағылшын тілін қалай үйренді?

Ағылшын тілін үйрену үшін Шакира мен Шварценеггердің қандай тәсіл қолданғанын жазған едік. Бүгін қытайлық әйгілі актер Джеки Чан тәжірибесін назарларыңызға ұсынбақпыз.

China Daily басылымына сұхбат берген Джеки Чан ағылшын тілін қалай үйренгенін айтып берген. Ол бұл сұхбатта тіл үйренуде қандай қиындықпен күрескенін, қандай тәсіл қолданғанын баяндайды. Оның айтуынша, Голливудқа алғаш келгенде қиындық тудырған оның ағылшын тілін білмеуі еді. Ол кез келген қиын трюкты оңай үйреніп алатын, фильмге түсу кезінде міндетті түрде басты рөлге шақырылатын, бірақ ағылшын тілін меңгеруге келгенде өте қатты қиналғанын мойындайды.

Ағылшын тілін үйрену Джеки Чан үшін қорқынышты іс еді. Әлемге танылып, өзін мойындату үшін ағылшын тілін үйрену міндетті екенін түсінгеннен кейін, ол белді бекем буып, ағылшынша бір сөз білместен Америкаға аттанады. Джеки Чан өмірінің осы кезеңі "Қарбалас сәт" фильмінде (Детектив Джеймс Картермен кезігетін сахна) көрініс тапқан.

Ағылшынтілді ортамен араласты

Ағылшын тілін үйрену үшін ағылшынтілді ортаны іздеп келген Джеки арнайы тіл курстарына да барып, оқытушы көмегімен тілдің грамматикасын үйренуге кірісті. Сол кезеңде актер тәуліктің 9 сағатын тіл үйренуге жұмсаған екен. Ал түсірілім кезінде міндетті түрде ағылшынша білетін әріптестерімен байланыс орнатып, жеңіл тақырыпта әңгіме-дүкен  жүргізуге тырысты.

Фильм, сериал қарады

Джеки ағылшын тіліндегі фильмдер мен сериалдарды қарады. Алғашында экранның астыңғы бөлігіне субтитр көмегімен, кейін оны алып тастап көруге көшті.

Ән тыңдады

Қытай азаматы үшін ағылшын тілінде акцентсіз сөйлеу – өте қиын шаруа. Джеки ағылшынның сөздерін санасына қондырып, сөз бен сөзді, сөйлемді байланыстыратын деңгейге жеткенде америкалық әндерді тыңдап, дауыстап айтуды қолға алды. Әншінің орындауындағыдай дыбыс шығаруды мақсат етіп, құлаққа ұрып тұрған жағымсыз акцентпен осы тәсіл арқылы күресті.

Фильм сценарийлерін жаттады

Джеки Чан фильмге түскен кезде тек өзінің сөздерін ғана емес, толық фильмнің сценарийін жаттап алады екен. Осы тәсілдің көмегінің арқасында өзі тілдік қорын дамытып жатса, сөзін ұмытқан актерлерге сол мезетте мәтінді жылдам естеріне түсіруге көмек береді екен.

Назарларыңызға Джеки Чанның 2016 жылы "Оскар" сыйлығын иеленген кезде сөйлеген сөзін ұсынамыз.