- Негізгі бет
- LifeStyle
- апалы-сіңлі стюардесса бортсерік хикая
“Биікте қалқу үшін қанат бітірдің“. Апалы-сіңлілі стюардессалар жұртты тәнті етті
Меруерт пен Ақниет - туған әпкелі-сіңлі қыздар. Екеуі де бортсерік болып жұмыс істейді. Меруерт еліміздегі жетекші әуе компанияда қызмет етіп жүргеніне 8 жыл болса, Ақниет былтыр халықаралық әуе компанияға ауысып, Дубайға көшкен. Олардың кіші інісі де авиация жолын таңдаған. Massaget.kz тілшісі желіде жұртты таң-тамаша еткен кейіпкерлермен сұхбаттасты.
Ақниет Патшаханның айтуынша, жақындарыңмен бір салада қызмет еткеннің артықшылықтары бар: жұмысқа бірге бару, ұжымдық шараларға қатысу, ондағы қиындықты айтпай-ақ ұғу. Бір қызығы, әпкелі-сіңлі қыздардың ата-анасы авиациядан алшақ.
Үйдің үлкені Меруерт тек Ақниетке әсер етіп қойған жоқ. Қыздардың інісі де осы салада білім алып жатыр. Ол ұшқыш болғысы келеді. Бұл отбасының балалары тегін тура мағынасында көкке көтерді.
"Отбасында әпкем екеумізден басқа авиацияда ешкім жұмыс істемейді, ал інім Мәскеу авиациялық университетінде ұшу сынақ аппаратының инженері мамандығы бойынша қазір 5-курста оқып жатыр. Оқуын бітірген соң ұшқыш болғанын қалаймыз, қазір соған дайындалып жүр", - дейді қыздардың бірі.
Ақниет Патшахан бұдан екі жыл бұрын әпкесі жұмыс істейтін қазақстандық әуе компанияға жұмысқа тұрып, 1 жыл істеген. Ол 2023 жылы сәуірде әлемдегі алып әуе компаниялардың біріне ауысқан. Ал әпкесінің жұмыс істеп жүргеніне 8 жыл болған. Оның айтуынша, бұл саланы таңдауға әпкесі Меруерт әсер еткен.
"Мен оқуға түскелі бері 18 жасымнан әпкем екеуміз бірге тұрғанбыз. Сол кезде оның жұмыс киімін көріп, жұмысқа жиналып жатқанын тамашалап, қатты қызығатынмын. "Жол қайда түсті?" деген сұраққа ол - Лондон, Мальдив аралдары, Париж дегенде мен де көз алдыма басқа қалаларға барып, саяхаттап жүргенімді елестететінмін", - дейді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Алайда Ақниет Патшаханның арманы бірден орындала қойған жоқ.
"Бортсерік болып жұмысқа бірден орналаса қойған жоқпын. Арманым үшін біраз еңбек етуге тура келді. 2018 жылы студент болып жүргенде әуе компанияға алғаш рет өтініш жібердім, алайда ол кезде еңбек өтілім болмаған соң өте алмадым. 2019 жылы да бағымды сынап көрдім, ол да сәтсіз болды. 2022 жылы компания бортсеріктерді қабылдауға ашық есік күнін ұйымдастырған, сол кезде бағым жанып, болашақ стюардесса атандым. Қуанышымда шек болмады", - дейді ол.
Меруерт пен Ақниет Патшахан. Кейіпкерлердің жеке архивінен
Ақниеттің айтуынша, әпкесімен 1 әуе компанияда жұмыс істеп жүрген кезде бірге ешқайда ұшпаған. Ол бұл компаниядағы соңғы рейсін әпкесімен бірге орындағысы келіп, басқа бортсерікпен ауысқан. Кейіпкер бұл рейсті аса сағынышпен еске алады.
Мұндай алып компанияға кез келген адам оңайлықпен орналасып кетпейді. Ал Ақниет Патшаханның шетелдік компанияда жұмыс істейтініне күмәні болмаған.
"Өтпей қаламын, мені қабылдамайды деген ой мүлде болған жоқ. Себебі мақсатым айқын болды, оған сенімді түрде қадам жасадым. Бұған дейін ағылшын тілін де жетік меңгердім, жұмыс өтілім де болды және барлық талапқа сай едім", - дейді ол.
Үйдің үлкені Меруерт ешқашан шетелдік компанияларға ауысу туралы ойланбаған. 10 жылға жуық уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан оның бұл компанияға деген ықыласы ерекше.
Бортсерік болып жұмыс істеудің қандай қиындығы бар?
"Жұмыс болған соң ауыртпалықсыз болмайды деп ойлаймын. Басты қиындығы - уақыт белдеуі мен табиғат ерекшеліктеріне бейімделу, яғни акклиматизация. Жұмыс кестеңнің тұрақты болмауы. Күн-түн демей, сапарға шығуың керек, оған қоса, оны мінсіз атқаруға кез келген жағдайда дайын болуың керек. Бортсерік жырақта, туған-туыстарынан алыста жүргенде жұмыстың ауырлығы әсіресе қатты білінеді. Біріншіден, еліңді, жеріңді, ата-анаңды, бауырларыңды, достарыңды қатты сағынасың. Кейде жалғыздық адамды қажытып, көңіліңді түсіреді. Кейде сағыныш сезімі бойыңды билеп, жылап та алатын кез болады", - дейді қыздар.
Шетелге көшіп кеткен Ақниет үшін жұмыс кейде бұдан да ауыр болып кетеді. Себебі туғандардан жырақта жүргенде кейбір сәттерді өткізіп аласың.
"Туған елімде болып жатқан мерекелерді, мейрамдарды, атаулы күндерді жақындарыммен бірге тойлайтын мүмкіндік болмаған соң бәрін тастап, елге қатты оралғым келеді", - дейді ол.
"Үш ұйықтасам түсіме кірмеген"
"Жұмыстың қызық тұсы да басым. Жұмыс істей жүре демаласың, ел аралайсың, әлемнің керемет жерлерін, тарихи нысандарын көруге мүмкіндік туады. Оған қоса, бала кезден көрсем деп армандаған көп жерге аяқ бастым. Мысалы, мұхитты, китті көру арманым болатын. Осының бәрін көріп, китпен қатар жүздім. Жаңа Зеландия, Аустралия сынды елдерді көру үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Бірақ армандай білу керек, себебі арман әрқашан орындалады", - дейді Ақниет Патшахан.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Еске салайық, бұған дейін Дубайда бортсерік болып жүрген Аружан Әлімбетова мен Катар мемлекетінде жұмыс істейтін Дастан Кәкімжанмен сұхбаттасқан едік.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек