Би үйренуге арналған YouTube арналар

Би – үйде айналысуға болатын белсенді әрі көңілді спорт түрі. Оған көп күш салмайсыз, ол көңіл күйді көтеріп, өмірге серпіліс сыйлайды. Қандай би түріне икеміңіз барын білмейтін болсаңыз, бірнеше стильді байқап көруіңізге болады. Қайдан тапсам болады деп уақытыңызды текке құртпау үшін бүгін биден сабақ беретін бірнеше YouTube влогерлерін ұсынамыз. 

MadFit

Үйде жаттығу жасайтын болсаңыз, демек сізді фитнес блогер Мэддиді жақсы білесіз. Көбі оны әр техниканы толыққанды түсіндіретіні үшін және жаттығуларды түрлендіріп отыратыны үшін жақсы көреді.  Ол көбіне жаттығуларға мән бергенімен, видеолары арасынан аэробикалық биді табуға болады. Мэдди видео түсіргенде Ариае Гранде,  Джастин Бибер, Тейлор Свифт, Doja Cat  секілді танымал әншілердің туындыларын пайдаланады.

Сіздің міндетіңіз  бар болғаны — ыңғайлы киім киіп (міндетті түрде спорттық аяқ киім), видеоны қосып, жаттығуды қайталау. Бұл әдіс жаттығуды үйренгісі келетін, әр қадамды жаттауды ұнатпайтын, бірақ билеуді жаны сүйетіндерге арналған. 

Move with Color

Аустралиялық биден сабақ беретін ұстаз Нейтон Шорттың би қимылдарын қайталау аса қиын емес. Ол көрсеткен жаттығуды қайталауға небәрі 10 минут бөлсеңіз жеткілікті. Одан бөлек, Нейтон көбіне 2000 жылдардың хит әндеріне билегенді жөн санайды. Егер музыкалық талғамыңыз сай келсе, Бритни Спирс пен Бейонсе әндерін билеуді ұсынамыз. 

Get Dance

Егер өзіңізді Нашар биші сезінсеңіз, онда алдымен Моникадан сабақ алсаңыз болады. Ол әр қимылға толыққанды сипаттама беріп, асықпай түсіндіреді. Сондықтан оны жаттау да жеңілдей түседі. Хип-хоп бағытындағы Running Man атты қадамдарды жасауды, деніні бос ұстауға арналған жаттығулар мен би кештеріндер көрсетуге болатын қимылдарды үйретеді.  

Popsugar Fitness

Popsugar Fitness арнасында  түрлі дайындық деңгейі мен қызығушылығы әртүрлі адамдарға арналған жаттығулар топтамасы бар: пилатес, барре, жылдам ырғақты, йога және өзге де спорт түрлері. Соның ішінде би үйрететін видеолар да кездеседі. Олар балет, хип-хоп, поп секілді би түрлері мен прессті, қол, арқа бұлшық еттерін қатайтатын жаттығулардан тұрады.  Ал, толыққанды хореографияны үйренуге дайын адамдарға Эллен Кимнің видеоларын қарауға кеңес береміз. Ол біршама қиын қимылдарды үйретеді және біраз дайындықты қажет етеді. Сонымен қатар, арнада  латин-америкалық, хип-хоп және өзге би түрлерін үйренуге арналған видеолар бар. 

Dance with Miss Auti

Балетпен тек бала кезден бастап айналысу керек, есейгенде қимылдарын үйрену қиынға соғады деген болжам бар. Сол себепті көптеген адам осындай арманынан бас тартып жатады. Балет студиясына баруға ұялады. Дегенмен интернет арқылы көп нәрсенің шешімін табуға болады. Балеттің қимылдарын үйде де үйренуге әрі орындауға болады. Ол үшін хореограф Атидің видео-сабақтарын қарай аласыз. Оның балет қадамдарын, айналымдары мен секіру қимылдарын үйрететін сабақтары бар. Әрине, Ати тек балетпен шектеліп қалмайды. Арнадан contemporary стилін үйренуге арналған видео-сабақтар, икемділікті жетілдіру және хип-хоптың негізгі қимылдары бар. 

Lauren Renteria

Көптен бері бимен айналысып, енді толыққанды хореографияны үйренуді жөн көрсеңіз онда Лос-Анджелесте тұратын әрі жұмыс істейтін кәсіби биші Лореннің арнасына жазылғаныңыз дұрыс.  Видеоларында ол атақты музыкаларға қойылған хореографиясын көрсетеді. Лореннің видеосы бастапқыда қиын көрінгенімен, бірнеше сабақтан кейін жеңілдей түседі.