- Негізгі бет
- LifeStyle
- Беташар
Беташардан түскен ақша келінге берілуі керек пе? Этнограф пікірі
Беташарда келіннің көрімдігі жиналған табақтағы ақша қайда жұмсалады? Ол ақша кім және не үшін салынады? Оған қоса, беташардан түскен ақша келінге берілуі керек пе деген сауал да көпті мазалайтыны анық. Бұл сұрақтардың жауабын Massaget.kz тілшісі этнограф Болат Бопайұлынан сұрады.
Ертеде беташар рәсімі қалай өткен?
Этнографтың айтуынша, бұрын қазақта беташарда, сәлем салып тұрған келінге құлынды бие, басқа мал түрлерін немесе үйіне қажетті бұйымдар сыйланған.
"Жігіт жақтың ақ босағасын аттаған келіннің бетін ашу ертеден келе жатқан салтымыз екені белгілі. Келіннің бетін ашқанға дейін онымен бірге келген құрбы-құрдас, жеңгелерінен басқалар оның жүзін көре алмайтын. "Беташар" салты - жаңа түскен келінді жігіт жақтың әулетімен, туған-туыстарымен таныстыру. Екінші жағынан, өлең шумақтарымен туыстардың әрқайсысының орнын, үлкен-кішілігін аңғарту. Үшіншіден, келінге тәлім-тәрбие беру. Мұның бәрі бізге "беташар" жырынан белгілі. Беташарда әулет үлкендерінен бастап, кішісіне дейін сәлем салдырады. Ерте кезде әулеттің бақуатты туыстары сәлемге құлынды бие, не басқа да мал түрлерін немесе жастардың үйіне қажетті бұйымдар берген. Кейін келе сәлем салдырған әр адамның ортаға қойылған табаққа ақша салуы, әсіресе оңтүстік аймақтарда кең таралды. Оны бет ашқан жыршы алып кететін, сондықтан да сәлем салдыратынның саны көп болғанын қалап, шұбыртып, кішкентай қайны-қайын сіңлілерге дейін айтып жатады", - деді ол.
"Беташардан түскен ақша тек келіндікі емес"
Болат Бопайұлының сөзінше, беташарда жиналған ақша бүкіл отбасының ортақ қуанышының белгісі. Дегенмен маман бұл қаражатты басқару отбасының өзіне байланысты екенін айтады. Сондықтан нақты белгіленген жауабы жоқ.
Егер отбасы көрімдікті толық келінге беруді шешсе, бұл этнографиялық тұрғыда - оның жаңа отбасындағы алғашқы қадамына қолдау көрсету ретінде қабылданады. Бұл қаражат келінге жаңа киім, үй шаруасына қажет заттар алу үшін берілген. Ал бет ашқан адамға келін түсірген ата-ана жақсы кәдесый жасайды. Бет ашудан түскен көрімдік ақыны бет ашқан жігіт өзі алса да болады. Ол сол жігіттің жомарттығына байланысты шешім табады.
"Беташардан түскен ақша келіннің абырой-беделін айқындайды. Қалың мал, жасау, тойдан түскен сыйлықтарға қоса, бұл қаражат оның жаңа ортаға бейімделуіне көмектеседі. Қалай болғанда да, беташардан түскен қаражатты келінге беру дәстүрі - оның отбасындағы орны мен мәртебесін тану, әрі жаңа өміріне жақсы бастама жасауға мүмкіндік беру дегенді білдіреді" , - деп түсіндірді Болат Бопайұлы.
Ал кейбір отбасыларда қаражат ортақ мүддеге жаратылады.
"Кейбір өңірлерде бұл ақша отбасының ортақ қазынасына салынып, үйдің қажетіне жұмсалады. Бұл әсіресе көпбалалы немесе жағдайы төмен отбасыларда кездескен", - деді этнограф.
Айта кетейік, бұған дейін белгілі тарихшы, жазушы, Ұлы дала мәдениетінің насихаттаушысы Арман Нұрмұханбетов беташардың мағынасы неде екенін түсіндірді. Бұл туралы Нұрмұханбетов Dope Soz YouTube-подкасында айтты.
"Келін өзінің руынан ұзатылып кеткенде ол (тұрмысқа шыққан қыз - еск.) өз руы үшін өлген деп саналады. Оның бетін ашатын жай адам емес. Неге келіннің бетін ақын ашады? Ақын көне заманда магикалық қызметкер деп саналған. Ақын - тегін адам емес, ақында қасиет болған. Қасиеттің өзі ерекше рухани құбылыс. Қай дәстүрді алсақ та, әрқайсы сиқырмен байланысты", - дейді Арман Нұрмұханбетов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә