Жаңа жыл мерекесінде жиі қолданылатын бенгал шамдары адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Бұл туралы аллерголог Владимир Болибок ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі RT басылымына сілтеме жасап.
Маманның айтуынша, бенгал шамдары қауіптілігі жағынан бірінші санатқа жатады. Олардың қауіпті аймағының радиусы – жарты метр. Соған қарамастан, дәрігерлер мен өртсөндірушілер оны жабық ғимарат ішінде жақпауға кеңес береді. Себебі жану кезінде бөлінетін зиянды заттар ауада жиналып, жиһаз бен тағамның бетіне қонады.
"Бенгал шамынан шығатын ақ түтіннің құрамында алюминий, темір, магний және барий оксидтерінің ұсақ бөлшектері бар. Олар шырышты қабықты тітіркендіріп, жөтел мен тамақтың жыбырлауына себеп болады. Сондай-ақ, өкпенің терең бөлігіне дейін енуі мүмкін", – дейді маман.
Бұдан бөлек, бенгал шамы жанған кезде көмірқышқыл газы мен иіс газы бөлінеді. Жабық кеңістікте иіс газының шамадан тыс жиналуы ауыр улануға, ал көмірқышқыл газының жоғары мөлшері ентігу мен жүрек соғысының жиілеуіне әкелуі мүмкін.
Пиротехникалық қоспаның құрамындағы кейбір заттар аллергиялық реакция да тудыруы ықтимал. Дәрігердің айтуынша, әсіресе бірден байқалмайтын аллергиялық реакция қауіпті. Ол шырышты қабықтың ісінуіне әкеліп, емдеуді қиындатады.
Сонымен қатар, бенгал шамынан шашыраған қызған металл ұшқындары көзге түссе, көздің қасаң қабығын күйдіруі мүмкін. Маман кейбір металдардың ағзада жиналып, ұзақ мерзімде жүйке жүйесіне зиян келтіруі ықтимал екенін де атап өтті.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!