Бекзат Саттархановтың анасы "Уақыт көрсетеді" бағдарламасына берген сұхбатында қазақ халқының кемшілігі туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Марқұм спортшының анасы әр Олимпиаданың алдында өзбек спортшылары келіп, бата алатынын, ал қазақ спортшыларынан тек Бақтияр Артаев пен Ермахан Ыбырайымов қана хабарласып тұратынын айтты.
"Қызғаныш, көреалмаушылығымыз басым ба деп ойлаймын. Қапа болған кезімде ренішімді айтып қаламын. 24 жыл бойы ұлымды өзім ұлықтап келемін. "Өлі арыстаннан, тірі тышқан артық". Жастар Бекзаттай болса жаман болмас деп ойлаймын. Бекзаттың жасын бермесін, жас кетті ғой. Бірақ тәрбиесі, жүрегі Бекзаттай болса жаман болмас. Балам ұлықталмай жатыр. Балама "Халық қаһарманы" атағын береміз деп бермей қалды", - дейді Бекзаттың анасы.
Ананың айтуынша, өзбектер аруақты қатты сыйлайды екен. Олимпиаданың алдында үйіне өзбек спортшылары келіпті. 2004 жылы да бір автобуспен "Батаңызды беріңізші, апа" деп өзбектер келіп кеткенін есіне алды. Одан кейінгі барлық Олимпиадада тек өзбектің балалары келеді екен.
"24 жылда қазақтардан Бақтияр Артаевтан басқа ешкімді көрмедім. Бақтияр Артаевқа батамды берген адаммын. 2004 жылы "Менің ұлым тірі болса, Олимпиадаға барар еді ғой" деп еңіреп жыладым. Сол кезде Бақтияр Артаев әке-шешесімен келіп, батамды алып кеткен еді. "Құдай қаласа сен Олимпиада чемпионы болып келесің! Көрген түсім анық болса, Бекзаттан кейін сен Олимпиада чемпионы боласың!" дедім. Сонда түс көргенмін. Түсімде Бекзаттың жалауы көтеріліпті. Қасынан бір жалау көтерілді. Екі жалаудың ортасынан бір саусақ шығып тұр. Сол кезде жолдасыма: "Бізде тағы бір Олимпиада чемпионы болады екен. Болмаса немерелерімнен, ұрпағымнан біреу шығады екен" дедім", - деді спортшының анасы берген сұхбатында.
Бекзат Саттархановтың анасының өкпе-реніші бар көрінеді.
"Ермахан Ыбырайымов анда-санда телефонмен хабарласып, жаңалықтарын айтып тұрады. Жылда Бекзатты еске алуға арналған турнирдің ашылу салтанатына Ермахан міндетті түрде келеді. "Өзі жоқтың көзі жоқ" дейтін шығар. Сол балаларға өкпемді жеткізейінші. Қазақтың балаларын өз бала-шағам деймін. Өз бала-шағамнан ешкімді көрмедім", - деп сырын ақтарды ана.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!