“Бэби бум“: Алматы хайуанаттар бағында кенгурудың үш төлі дүниеге келді

“Бэби бум“: Алматы хайуанаттар бағында кенгурудың үш төлі дүниеге келді
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы хайуанаттар бағында қуанышты жаңалық. Кенгурулар көбейіп, бірден үш төлі дүниеге келді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сұр кенгурулар Лорд пен Ларадан, сондай-ақ, Тик пен Линдадан екі төл туған. Лара алтыншы рет төлдесе, Линда алғаш рет төлдеп отыр. Ал жирен кенгурулар Мартин мен Мартадан тағы бір еркек төл дүниеге келген.

Зообақ мамандарының айтуынша, кенгурулардың төлдеу сәтін көру өте қиын. Өйткені олардың төлі өте кішкентай болып туады, ұзындығы небәрі бірнеше сантиметр болады. Туған бойда ол өздігінен анасының қалтасына кіріп, сол жерде өсіп-жетіледі.

Суреттер: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі 

"Жаңа туған кенгурудың төлін бірден байқау мүмкін емес. Оның дүниеге келгенін тек біраз өскен соң, қалтадан басын шығара бастағанда ғана аңғарамыз. Сондықтан нақты туған күні шамамен ғана анықталады", - дейді Жыртқыш сүтқоректілер бөлімінің жетекшісі Гауһар Сіргебаева.

Қазір жирен кенгурудың төлі еркек екені белгілі болған. Ал екі сұр кенгуру төлінің жынысы әзірге анықталған жоқ.

Дәстүр бойынша Алматы хайуанаттар бағы жаңа туған төлдерге ат қоюға көпшілікті шақырады. Екі кенгурудың жынысы әлі белгісіз болғандықтан, оларға еркекке де, ұрғашыға да жарасатын әмбебап есімдер ұсынуға болады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget