Танымал продюсер Баян Алагөзова Қазақстанның Халық әртісі Меруерт Өтекешовамен кездесіп, оған пәтер сыйлайтынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Баян Мақсатқызы актрисаға ерекше құрмет көрсетіп, "Қыз Жібек" фильміндегі тарихи қамзолды, арнайы тігілген тон мен эксклюзив зергерлік бұйымдарды табыстады. Продюсер Меруерт Өтекешованы қазақ өнерінің биік тұлғасы деп атап, оның ел мәдениетіне қосқан еңбегін ерекше бағалады.
"Сіз – ұлы әйелсіз. Сіздей адам жоқ және болмайды", – деді Баян Алагөзова.
Кездесуде продюсер актрисаға ұлттық брендтің алтын мен гауһардан жасалған эксклюзив сырғасын сыйлады. Оның сөзінше, бұл бұйым Меруерт Өтекешоваға арнайы тапсырыспен, жалғыз дана етіп жасалған.
Бұдан бөлек, Баян Алагөзова актрисаға пәтер сыйлайтынын айтты. Ол Меруерт Өтекешова өзі қалаған ауданнан, өзі таңдаған баспанаға ие болатынын айтты.
"Жылағаныңызды емес, қуанышты болғаныңызды қалаймын. Екі айдың ішінде сіз айтқан ауданнан пәтер таңдаймыз. Сіз шалқып өмір сүруіңіз керек", – деді продюсер.
Меруерт Өтекешова продюсерге алғыс айтып, көз жасын тыя алмады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз