Бауырдың майлану қаупін азайтуы мүмкін: мамандар пайдалы сусынды атады

Диетологтар Мұхаммед Қасым мен Джонатан Силберлихт бауыр саулығын сақтауға көмектесетін, кешке ішуге болатын сусынды атады. Мамандардың кеңесін Eating Well басылымы жариялады., - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Диетологтардың айтуынша, күннің екінші жартысында бауырға пайдалы сусындардың бірі – қантсыз, кофеинсіз кофе.

"Кофе – бауыр саулығына оң әсер ететін санаулы сусындардың бірі. Ал кешке оның кофеинсіз түрін ішу ұйқыға кедергі келтірмей, пайдалы қасиеттерін арттыруға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді Қасым.

Джонатан Силберлихт кофе ішетіндерде бауырдың майлануы, фиброз, цирроз және бауыр обырының даму қаупі төмен болатынын атап өтті.

Мамандар кофеинді және кофеинсіз кофенің бауырға әсері арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ екенін көрсеткен зерттеу нәтижелеріне де тоқталды. Олардың мәліметінше, күніне бір-екі кесе кәдімгі немесе кофеинсіз кофе ішу бауыр циррозының даму қаупін 20 пайызға, ал бауыр обырының қаупін 24 пайызға төмендетумен байланысты.

Диетологтардың түсіндіруінше, мұндай әсер кофенің құрамындағы хлороген қышқылдарына байланысты. Бұл заттар полифенолдар тобына жатады және қабынуға қарсы қасиеттері арқылы бауыр жасушаларын қорғауға көмектеседі.

Сонымен қатар, кофенің құрамындағы өсімдік тектес қосылыстар бауырдағы майдың ыдырауына ықпал етіп, май жиналуын және бауыр тінінің тыртықтану қаупін азайтуы мүмкін.

Дегенмен мамандар кофенің пайдалы қасиеттері болғанымен, оны бауыр ауруларының алдын алудың немесе емдеудің жалғыз тәсілі ретінде қарастыруға болмайтынын ескертеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!