- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Басында қиын болды"....
"Басында қиын болды". 90-жылдары Германияға көшкен немістер Қазақстанды аңсайтынын айтты
90-жылдары Германияға көшкен немістер Қазақстанды аңсайтынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
90-жылдары Германияға үдере көшкен немістер әлі күнге Қазақстанды аңсап тұрады. Қазақша дастарқан жаяды, қазақша ән шырқайды. Қазақша тілге де ағылып тұр.
Солардың бірі - Пауль мен Ольга. Бремен қаласының іргесінде тұратын әртістер дуэт құрып, қазақтың хит әндерін орындаумен танымал болған. Пауль Фридрих пен Ольга Каспер Германияда тұрады. Екеуі де музыкант. Бірнеше тілде ән шырқайды. Бірақ жанымызға жақыны қазақы әуендері дейді. Олардың атағын аспандатып, танымал еткен де - қазақша әндер. Екі әншіні той-томалақтарға шақыратын адам да көп. Әсіресе Қазақстаннан көшіп барған немістер қолқалап, ай бұрын хабарласып жатады. Дуэт интернетте де белсенді. Бейнежазбалары миллиондаған қаралым жинаған.
"Алғаш рет "Той жырын" орындағанда, қатты қобалжыдық. Қазақстаннан көшіп келген адамдар оны қалай қабылдайды екен деп қорықтық. Оларға қатты ұнады", - дейді музыкант Ольга Каспер.
Пауль мен Ольга Германияға сонау 90-жылдары көшіп барған. Қазір Германия азаматы болғанымен "біз Қазақстаннанбыз" деп мақтанышпен айтады. Бұл дуэттің танымалдығы Астанаға дейін жеткен. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев музыканттарды мемлекеттік наградамен марапаттады.
"Әрине Қазақстанды сағынамыз. Мен онда 24 жыл тұрдым. Ол жердің табиғаты кез келген адамды тамсандырады. Көршілеріміз, достарымыз, қазақтың ұлттық тағамдары - бәрі есімізде", - дейді музыкант Ольга Каспер.
Ал Пауль Фридрихтің айуынша, ол Қазақстанда туып-өскен.
"Қазақстан - менің туған жерім. Осы жерде мектепке бардым. Он жыл білім алдым. 18 жасымда отбасыммен Германияға көштік. Ең басында барлығымызға қиын болды. Туып-өскен жерімізді сағына бердік. Жылдар өтті, ақырындап үйрендік. Бірақ әрқашан сағынышпен жерлестерді, көршілерді, достарды еске алып хабарласып тұрамыз. Кішкентай кезімнен көршінің балаларымен асық ойнап, доп қуып, қазақша сөйлеп өстім солай", - дейді музыкант Пауль Фридрих.
Келер жылы дуэт өзінің 10 жылдығын атап өтеді. Соған орай Германияда концерт беруді жоспарлап отыр. Пауль мен Ольга одан кейін Қазақстанға гастрольдік сапармен келіп, үлкен сахнада өнер көрсетсек, одан артық арманымыз болмас еді дейді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек