"Басы жоқ, аяғы жоқ анау сөзді айтқан жоқпын". Меруерт Әйтенова ажырасқан әйелдер туралы сынға қалған сөзін түсіндірді
Әлеуметтік желіде журналист Меруерт Әйтенованың ажырасқан әйелдер туралы айтқан видеосы тарап, қызу талқыға түсіп жатыр. Massaget.kz тілшісі журналист, жазушымен сұхбаттасып, бұлай деуіне не түрткі болғанын сұрады.
Меруерт Әйтенованың айтуынша, бұл бағдарлама "Көреміз" әлеуметтік жобасында "ТикТок тиран: есікті сындырған әке" деген тақырыпта екі ай бұрын шыққан.
"Қоғамда соншалық талқыланатындай біреудің атын атап, түсін түстеп, үйіне барып немесе көшеде ұстап алып ақыл айттым деп ойламаймын. Мені көп адам танымайды. Әйтенова Меруерт Әбдірайымқызымын. 20 жылға жуық уақыт болды, ай сайын республикалық, жанұялық "Игілік" журналының құрылтайшысы, бас редакторымын. Қоғамдық-саяси өмірде ұзақ жылғы карьерам бар және енді-енді қоғам белсендісі ретінде танып жатыр. Қазақстан Журналистер одағының мүшесімін, әрі қарай толып жатқан абырой-атақтар бар, ол маңызды емес. Маңыздысы - "Көреміз" әлеуметтік жобасында тұрақты сарапшы ретінде қатысамын. Әрине, бір ауыз түйін сөзім болған соң, бір ауыз сөзім өтімді болған соң телеарна шақырады", - дейді журналист.
Журналистің сөзінше, желіде тарап кеткен видео бағдарламадан қиып алынған, ал оны толық түсіну үшін бағдарламаны көріп шығу қажет екен.
"Ол жерде оқиға қалай болған? Кішкене ғана қиындысын кесіп алған жерді таратып, не басы жоқ, не аяғы жоқ нәрсені талқылау талқылап жатқан адамдардың деңгейіне байланысты. Ол жерде "кім жәбірленіп отыр, не болып жатыр, жазушы-журналист неге айтты?" деп бағдарламаны бағамдап, басынан аяғына дейін қарау керек. Статистикаға сүйеніп айтсам, тағы да қытықтарына тиетін нәрсе айтылып кетеді. Бірақ артық-кемі 70 пайыз жалғызбасты айырылған аналар-келіншектер бар. Қанша жерден заманымыз дамып, дәуіріміз басқаша болғанымен, мың өліп, мың тірілген қазақтың баласымыз. Дала заңымен өскенбіз. Қалада тұрсақ та, далада тұрсақ та біздің табиғатымызда дала заңының коды жазылған. Дала заңының коды бойынша отбасы құндылығы бірінші кезекте тұрады. Өйткені оның арғы жағында бала тағдыры бар. Қам көңіл бала тумасын, қам көңіл бала өспесін деп әке мен шеше қандай жағдай болса да бір-бірімен тіл табысып, сол отбасын ұстаған. Біз сондай тәрбиені көргенбіз", - дейді ол.
Меруерт Әйтенова оңтүстік өңірдің тумасы екенін, сондықтан ажырасу тақырыбымен бала кезден етене таныс болмағанын айтады.
"Оңтүстіктің қызымын. Менің елімде, менің шыққан жерімде айырылған деген адам болмаған. Менің бала күнімде айырылысып кетіпті, күйеуі әйелін тастап кетіпті, әйелі күйеуін тастап кетіпті деген оқиғаны көрген емеспін. Ондайды білмеймін. Барлық жерде әке-шешесі, ата-әжесі бар ортада өскенмін. Табиғатыма сіңген тәрбием - сол. Сондықтан мен үшін, менің жеке басым үшін отбасы құндылығы бірінші кезекте тұрады. Аллаға шүкір, ширек ғасыр бір күйеуіммен өмір сүріп жатырмын. Біз де жас кезімізде талай қиналдық, бірде жетті, бірде жетпеді. Кез келген ток-шоуларда ақыл айтардың алдыңда өзімді мысалға келтіремін. Менің осылай жарқырап отырғанымды, қандай қиындығым бар екенін, қандай тірлігім бар екенін, таңмен таласа тұратынымды, қаланың сыртында ауылдық жерде тұратынымды, отыз шақырым әрі, отыз шақырым бері зырқылдап, көлігімді теуіп қандай тірлік жасайтынымды, тиынды тиынға ұрып жүрген жазушы екенімді үнемі айтамын. Ол сөздерім бір құлақтан кіріп, бір құлақтан шығып кетеді. Түйреп айтқан сөз естерінде қалып қояды", - дейді журналист.
Журналист бағдарлама барысында қандай оқиға болғанын да түсіндіріп берді.
"Оқиғаға келейік, тикток тиран болған жігіт тәп-тәуір, әп-әдемі жігіт екен. Егіз қызы, ұлдары бар. Бірнеше бала бар, жақсы өмір сүріп жатыр. Ол жігіт жақсы оқыған, жоғары білімді, жұмыс істейді, үйі бар, шешесі бар, бауырлары бар. Кейіпкер әдемі отбасына келін болған. Сол жерде құрбан болып келіп отырған келіншек жақсы өмір сүрген. Оның күйеуі нашақор емес, маскүнем емес, жалқау емес. Тірлік істейтін тәп-тәуір жігіттен баланы алып қашып, бір құрбысымен қалаға барып, пәтер жалдап, артынан іздеп келген күйеуіне есік ашпай, елемей, ол байғұстың есікті төпелеп ашуын арандатып, видеоға түсіріп алып, TikTok-қа салып жіберуіне, барлығына келіспеймін. Қандай жағдай болса да балаларыңның әкесі, жан-жарың, қыздай қосылған азаматың. Сен соған шығып, бір ауыз сөйлессең де сол жігіт саған балалар үшін қастандық жасамайды. Міне, осындай нәрселер көбейіп кетті ғой", - дейді жазушы.
Оның сөзінше, қоғамда бала тағдырын ойламастан ажырасып кететіндер көбейген.
"Әрине, жан-жағымда қаншама айырылысқан әйел жүр. Ол айырылысқан әйелдердің тағдырлары қалаймақан. Көбінің жағдайында "неге ажырасып кеттің" деп сұраймын. Өйткені ажырасуды қолдамайтын әйелмін. Ажырасу дегенді түсінбеймін. Ажырасқандардан ылғи "неге ажырастыңыз" деп сұраймын. Олар тағдырын айтқан кезде иланатыным бар, иланбайтыным бар. Менің жан-жағымда жүрген қаншама ажырасқан өзім қатарлылар бар, жас кезінде ажырасып кеткендер немесе сіңлілерім, бауырларым бар. Солардың жағдайларында, көбінде 90 пайызында өте қиын жағдайлар болған. Ажыраспаса, бір-бірін өлтіріп қоятын жағдайға жеткен әртүрлі мысалдар бар. Міне, солар бірі өліп, бірі сотталып кеткенше, ажырасып кеткені жөн. Ал енді кейбір жағдайларда жалғызбасты статусын алу үшін заңсыз ажырасып, Үкіметтің үйін алып жатқандар бар. Ондайлар көп. Осы дұрыс па? Бұл дұрыс емес қой. Соның кесірінен күйеуінен ажырасып кетіп жатқандар бар. Әрбір отбасында әртүрлі жағдай болып жатады. Кейбір кезде жай ғана жалығып кеткеннен ажырасып кетіп жатыр. Үш-төрт бала-шағасы бар, он бес жыл өмір сүрді. Он бес жылдан кейін қараса, бір-біріне қызық емес екен. Былай қарасаң, ұл да бар, қыз да бар, үй де бар, жағдай да бар. Жайдан-жай ажырасып жатқандар бар. Мен осыларды айттым", - дейді журналист.
Меруерт Әйтенова бағдарламада айтылған сөздің барлық ажырасқан әйелге бағытталмағанын жеткізді.
"Тикток тиран болып отырған жігіт әп-әдемі жігіт екен. Тәп-тәуір жігітті "күйеу қылып неге ұстамадың?" деген жақсы сөзім бар. Сол үшін ол бағдарламаны басынан аяғына дейін көру керек. Мен сол бағдарламада басы жоқ, аяғы жоқ анау сөзді айтқан жоқпын. Ол сөзді айтуға сол оқиғаның желісі алып келді. Сол оқиғаның желісіне қарай айттым. Бүкіл күйеуі жоқ әйелдерді "оңбағандар, қоғамға керегі жоқ" деп айтқан жоқпын. Оны айта алмаймын. Өйткені өзім де жесір әйелдің қызымын. Шешем 40-қа келмей бес баламен жесір қалды. Өзімнің енем де сондай. Өте жас кезінде жесір қалған. Өз анамның қиындығын өз көзіммен көрдім. 90-жылдары мектеп бітіріп оқуға түстім. Сол кезде шешеміз жыртық носки киіп жүріп, бес баланы өсірді. Жесір әйелдің баласы болып жүріп, жетіліп-жетіліп адам болдық", - дейді ол.
Сондай-ақ, өзінің де бұл видеоны талқылап жатқандарға реніші барын жасырмады.
"Қызылқұмнан келдім, орыс көрмеген қазақтың қызымын. Менің тәрбием, менің қаныма сіңген, маған код болып жазылған өмір тарихы бар. Алматыға арман қуып келіп, журналистиканы оқып, тірлік жасап, өзім шала жетім, күйеуім таза жетім болып өсіп-өніп, отбасымызды құрып отырған қазақтың қызымын. Мен секілді қыздар үлгі болмағанда, қандай қыздар үлгі болады? "Осы апамыз ауылдан баяғыда тоқсаныншы жылдары, ел тамақ тауып жей алмай жатқан кезде келіп, тірнектеп оқып, тірнектеп отбасын құрып, өздері үйлерін-күйлерін жасап, енді қоғамдық деңгейге жеткен әпкемізге рақмет, бірауыз сөзі болса да балта аяқ қой, бізді ұялсын деп айтып жатыр ғой, ендігі жастар отбасы құндылығын сақтасын, отбасы болған соң бір-біріне жауапкершілікпен қарасын деген ұғыммен айтып жатыр ғой" деп неге қабылдамайды? Мен де ренжіп отырмын оларға. Соншама пікірді оқымаймын. Әрқайсыңыздың атыңызды атаған жоқпын, абыройларыңызды шашқан жоқпын, телеарнада айтып отырмын, сол жағдай мәжбүрледі. Әйтпесе, жеке басымнан кілтипан іздеудің керегі жоқ. Тағы да айтамын, көпбалалы отбасында қазақи ауылда ажырасқан дегенді көрмеген-білмеген, естімеген әулетте өмірге келгенмін. Әжемнің тәрбиесін көргенмін, сондай нағыз дала заңымен өскен, қазіргі орта жастағы апамын. Жасым 50-де. Мен сияқты орта жастағы апа айтпағанда, кімді тыңдайсыздар? Кейбіреулеріңізге ауыр тиіп жатқаны - өздеріңізге қабылдаған шығарсыздар. Қабылдамаңыздар, айтсам, сол оқиғаның желісіне байланысты айттым. Тәп-тәуір жігіттің, үлкен әулеттің өкілі бола тұрып, телеарнаға шыққанынан, келіншектің тірлігінен рухани жәбір көргеннен ренжіп айттым. Сондай оқиғалар болмасын, қайталанбасын деген мақсатта айттым. Әйтпесе, әртүрлі жағдайлармен, қиын тағдырлармен еріксіз ажырасып жатқан әйелдерге айтқан жоқпын. Олардың категориясына жатпайды. Сондықтан кішкентай нәрседен үлкен пәле іздеп, қолына қалам ұстаған әпкелеріңнен пәле іздеп керек жоқ. Бір-бірімізді сақтайық, қорғайық. Онсыз да әлемде қандай жағдай болатынын бір Алла біледі", - деп түйіндеді әңгімесін ол.
Айта кетейік, бұған дейін ажырасқан әйелдер туралы айтқан журналист сынға қалғаны туралы жазған едік.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова