Алматыда жер сілкінісі болды. Кей адамдар жер сілкінісі кезінде және одан кейін басы айналғанын айтса, біреулер басының ауырып тұрғанына шағымданады. Мұндай кезде денсаулық жағдайы жағынан кімдер қауіп тобына жатады? Жер сілкінісі адам ағзасына қалай әсер беруі мүмкін? Бұл сұрақтарға Massaget.kz тілшісіне қазақстандық терапевт Маржан Әбдіғалиева жауап берді.
Бұл құбылысқа гипертониямен (жоғары қан қысымы) қиналатын адамдар сезімтал келеді, алайда сау адамдардың өзі әлсіздік сезініп, басы ауруы немесе айналуы мүмкін.
"Жалпы жер сілкінісі десе, бірден ойымызға үрей келіп түседі. Ең алдымен жер сілкінісі қандай аймақтарда болатынына тоқталып өтейін. Оның сейсмикалық активті аймақтарда, яғни осы Алматы облысы секілді елді мекендерде болу қаупі жоғары. Сондықтан мұндай аймақтарда өмір сүретін адамдар, соның ішінде артериялық қан қысымы, жүрек ауруы, жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдар жер сілкінісінің әсері жайлы білуі керек. Мұндай адамдар жер сілкінісі болмаған кезде де ауа райына тәуелді келеді. Мысалы, олар күн бұлтты, ауа райы құбылмалы болған кезде өздерін жайсыз сезінуі мүмкін: қан қысымы көтеріліп жатады. Ал енді жер сілкінісі кезінде оларда қандай өзгерістер болуы мүмкін? Ең алдымен үрей пайда болады, содан соң қан қысымы көтеріледі. Ал кей адамдарда бас ауруы, жүрек айну, құсу секілді қосымша жағымсыз белгілер пайда болуы мүмкін", - дейді терапевт Маржан Әбдіғалиева.
Маман қауіп тобына жататын адамдар мұндай кезде не істеу керегін түсіндірді.
"Егер сіз артериялық қан қысымы бойынша есепте тұрсаңыз, өзіңіздің жергілікті емханаңыздағы дәрігерлермен және медициналық қызметкерлермен үнемі байланыста болуыңыз қажет. Сондай-ақ қан қысымына арналған гипотензивті препараттарыңызды үнемі жаныңызда ұстап, емдеуші дәрігер белгілеген мөлшер бойынша үзбей ішіп отыру керек және мұндай дәрілерді алдын ала "дабыл жолдорбасына" салып қою керек. Жер сілкінісі болады немесе болып жатыр деген хабар естіген бойда барынша сабырлық сақтауға тырысып, жер сілкінісі кезінде істеу керек қадамдарды орындаңыз. Қауіпсіз жерге барған соң седативті препараттарды (тыныштандыратын дәрілерді) қабылдап, осы кезеңді барынша қолайлы етіп өткізу маңызды. Егер қол астыңызда өзіңіздің ішіп жүрген препаратыңыз болмаса, кез келген дәріханада сатылатын аспирин (500 мг) таблеткасының жартысын тіл астына салуға кеңес берер едім", - дейді дәрігер.
Жер сілкінісі кезінде үрейге салынбай, күйзеліске түспеу маңызды. Бұл кезде барынша сабырлық сақтап, нақты қадамдарды жылдам орындау керек. Алайда мұндай жағдай кез келген адамның эмоциялық саулығына жағымсыз әсер ететіні анық. Алайда бұл кезде күйзеліске түсудің қауіпті салдарлары болуы мүмкін. Мысалы, артериялық қан қысымы бар адамдар қатты уайымдаса, қысымы бірден көтеріліп кетіп, инфаркт немесе инсульт алуға әкелуі мүмкін. Сондықтан үрейге салынып жатқаныңызды байқасаңыз, дәрілеріңізді ішу немесе тыныс алу жаттығуларын жасау секілді өзіңізге көмектесетін әдістерді орындаңыз.
Жер сілкінісінен соң ұйықтай алмау, босаңсу қиынға соғуы мүмкін. Егер қаладағы жағдай тұрақталса және қауіпсіз жерде болсаңыз, босаңсытатын процедураларды жасаңыз. Егер жақындарыңыздың қасында өзіңізді қауіпсіз сезінсеңіз, солардың жанына барыңыз. Қорқынышты жаңалықтар оқи бермеуге тырысып, тек сенімді көздердің ақпаратын тыңдаңыз. Себебі уайымнан және ұйқының дұрыс болмауынан да басыңыз ауырады.
Еске салайық, бүгін, 5 қараша күні Алматыда сағат 10.00-де жер сілкінісі болды.
"Жер сілкінісінің координаттары: 43.261 с.е. 77.310 ш.балл. Жер сілкінісінің ошағы Қазақстан аумағында Алматы қаласынан шығысқа қарай 33 шақырым жерде орналасқан", - делінген ҚР ТЖМ "СБЗҰҒО" ЖШС сейсмикалық станциялар хабарламасында.
Сейсмикалық станцияның хабарлауынша, Алматы қаласында - 3 балл, ал Талғар қаласында - 4 балдық жер сілкінісі сезілген.
"Хабардар ету жүйелері (mass alert) қарқындылығы 5,5 балл және одан жоғары болған кезде автомат түрде іске қосылады. Бүгінгі жер сілкінісі қала аумағында 3 балл болды", - деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері.
Алматы тұрғындары 2024 жылдың 23 қаңтарында жер сілкінісін сезді. Түн ішінде болған дүмпу халықтың үрейін ұшырып, біраз уақытқа дейін қорқыныш қалып қойды.
Көктем басталысымен, 2024 жылы 4 наурызда қалада тағы бір жер сілкінісі тіркелді. Бұл да қала тұрғындары мен қонақтарын үрейлендірді.