- Негізгі бет
- LifeStyle
- Барлығын жүрегіңе жақын...
Барлығын жүрегіңе жақын қабылдаудан қалай арылуға болады?
Кей адамдар аса маңызды емес проблеманы немесе басқалардың сөзін өзіне жақын қабылдайды. Бұл сізге ешқандай пайда әкелмейді, тек көңіл күйіңіз түседі. Сондықтан әр нәрсені жүрегіңізге жақын қабылдамауды үйрену маңызды. Massaget.kz әр нәрсені өзіңізге жақын қабылдамауды үйренуге көмектесетін пайдалы кеңестер ұсынады.
Эмоцияға берілмеңіз
Әдетте, әр нәрсені жүрегіне жақын қабылдайтын адамдар эмоцияға берілуге бейім келеді. Бұл көңіл қалу сияқты жағымсыз сезімдерге әкеліп қана қоймай, айналадағылардың сөзіне дұрыс емес реакция беруге итермелейді. Мысалы, сіздің командаңызға айтылған сөзді сіз жеке өзіңізге айтылып жатыр деп қабылдайсыз. Соның себебінен бірден көңіл күйіңіз түсіп, ешкіммен сөйлеспей қоясыз немесе бірден ашуланып, оның сөзіне қарсы шығасыз. Алайда объективті ойлау үшін эмоцияларды шындықтан айыра білген жөн. Пікірдің жалпы топқа айтылғанын, оның ішіндегі жеке өзіңіздің көрсеткіштеріңіз жайлы ойлап, эмоцияға берілмеуге тырысыңыз.
Ойдан шығармай, нақтылап сұраңыз
Мысалы, досыңыз әңгіме арасында "мен қалжың көтере алмайтын адамдарды түсінбеймін" дейді. Әдетте, барлығын өзіне қабылдайтын адамдар мұндай сөзді де өзіне айтылып жатыр деп қабылдап, ары қарай түрлі нәрсе ойластырып тастайды. Содан уайымдайды және өзін нашар сезінеді.
Жағымсыз салдарлар орын алмас үшін ойдан шығармай, жағдайды нақтылап сұраңыз. Одан ұялудың қажеті жоқ және бұлай сұрау орынсыз деп ойламаңыз. Өз-өзіңізбен болжам жасап, оның не айтқысы келгенін уайымдап жүргеннен гөрі ол адамның нақты ойын сұраған жақсы. Сол кезде шаруа мүлде сізде болмауы мүмкін.
Нағыз досты өтірік достан қалай ажыратамыз?
Асығыс шешім қабылдамаңыз
Айналадағылардың жеке пікірі, өзін-өзі бағалауы және ойлау ерекшелігі болады. Мұның барлығы оның басқалармен сөйлесуіне із қалдырады. Эмоцияға беріліп, асығыс шешім қабылдаудан аулақ болыңыз. Алдымен тынышталып, содан соң көңіліңізге тиген нәрсеге анализ жасаңыз. Мысалы, сізбен сөйлесіп отырған адам бұл нәрсе сізді ренжітеді немесе көңіліңізге тиеді деп мүлдем ойламаған шығар.
Басқалар не ойлайды деп уайымдауды доғарыңыз
Көпшілік адам басқалар ол жайлы не ойлайды деп уайымдайды. Бірақ басқалардың сөздері мен ойларын бақылау мүмкін емес. Оған қоса, басқалардың ойы сіздің тұлға ретінде кім екеніңізге әсер етпейді. Сондықтан басқалардың ойына мән бермеңіз, оның орнына өзіңіздің қалауларыңыз бен қажеттіліктеріңізге көңіл бөліңіз.
Жағдайды өткізіп жіберуді үйреніңіз
Өміріңізге негатив әкелетін жүк болмас үшін заттар мен адамдарды жіберу маңызды. Бұл қабілет жүрегіңізге жақын қабылдамауға және оларға тәжірибе ретінде қарауға көмектеседі.
Жағдайды жіберу үшін өз эмоцияларыңызды күнделікке жазуға болады. Сондай-ақ, қағазға болған жағдайға қатысты ойыңызды және сезіміңізді, сізді ренжіткен адамды кешіретініңізді жазуға болады.
Кей адамдарға біреуді әдейі ренжіткен ұнайды. Олар сол арқылы өздерінің сенімділігін арттырады және мұндай адамдарға олардың сөздерін біреу жүрегіне жақын қабылдап, жағымсыз эмоцияда болғаны ұнайды.
Мұндай адамдарға күш бермеңіз: олардың сынын абыроймен және сабырлықпен қабылдаңыз. Олардың жағымсыз сезімдері мен дөрекілігі - тек олардікі екенін есте сақтаңыз. Олардың бұл әрекеті сіздің жауапкершілігіңіз емес. Ал мұндай адамдармен араласу немесе араласпауды тек өзіңіз шешесіз.
Өзін бағаламайтын адамның 4 белгісі
А. Жапатова