Танымал әнші Роза Әлқожа мен тағы бірнеше өнер иелері Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың биыл сахнада жүргеніне 70 жыл толуына орай әншінінің жағдайын біліп қайтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әншінің айтуынша, Халық әртісі алаяққа алданып, қазіргі кезде пәтер паналап жүр. Роза Әлқожа бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Қайырлы күн!
Сазгер, әнші, ұстаз Бағлан Бәбіжан құрбымыз біраздан бері "ағаға барып қайтайық" деп жүрген. Кеше соның сәті түсті. Халық әртісі, бүгінгінің аңызы Нұрғали Нүсіпжанов ағамызға сәлем беріп бардық.
Биыл сахнада жүргеніне 70 жыл толады екен.
Өзі 87 ге келіпті. Талғардың "Ақ ниет" деген саумал орталығында жиылғандар ән сұраған соң шама келгенше бірнеше ән орындадық.
Бақыт аға мен Айзада әпке немересін де ала келіпті. Ағадан бата алып, ырымдап жатыр. Біз кейде қасымыздағының қадірін білмей, жеке қалдырып, құса қылып жатамыз, неге деген сұрақ туады осындайда?!.
Аға жер үй сатып алсам деп жинаған бар ақшасын Шәуілдірден келген бір алаяққа беріп, енді соны ала алмай пәтерде жүр екен…
Өзім де кезінде ағадан сұхбат алған сияқты едім, бірақ шын ғұмыр-тарихын білмейді екенбіз ғой…
Екі әйелден бес қыз көрген бұл кісінің орындалмаған арманы - ұл болыпты. Ұрпағының жалғасын көргісі келеді екен. Жас жеңгеміз де эконың бар ғаламатын көріп баққан, болмапты. Ендігі бар үміті - бала асырап алып, ағаның атына жаздыру. Баладай мәпелеп күтіп жүрген бұрынғы журналисті де аядым. Нұрғали Нүсіпжанов әлеміне бойлап, жазу-сызуын да ұмытыпты.
Қайтпек керек?!
Алла маңдайға берген болса бәрі де болар", - деп жазды ол.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!