Балық таңдағанда неге мән берген жөн?

Балық таңдағанда неге мән берген жөн?
Фото: depositphotos.com

Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті балық таңдауда неге мән беру керек екенін жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, нарықта сатылатын балық пен балық өнімдері Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық талаптарына сәйкес болуы керек. Сонымен қатар, олардың қауіпсіздігін растайтын құжат, яғни сәйкестік туралы декларация болуы қажет.

"Балық пен балық өнімдерін сатып алу кезінде өнімдерді тек азық-түлік өнімдерін сақтау және өткізу талаптары сақталатын ресми сауда орындарынан сатып алған жөн. Рұқсат етілмеген сауда орындарынан сатып алынған өнім денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін. Өнімнің таңбалануына ерекше назар аудару қажет. Қаптамада өнімнің атауы, дайындалған күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары және өндіруші туралы мәлімет көрсетілуге тиіс", - деп жазылған хабарламада.

Жаңа ауланған балықтың беті таза, көзі мөлдір, желбезектері қызыл немесе қою қызыл түсті, ал еті тығыз болуы керек. Жағымсыз иіс, бұлыңғыр көз және босаң, жұмсақ ет өнімнің сапасы талапқа сай емес екенін көрсетуі мүмкін.

Балықта қайта мұздату белгілері болмауға тиіс. Балықтың бетінде мұз шамадан тыс көп болуы, қар тәрізді қырау болуы немесе пішіні өзгеруі қайта мұздатудың белгісі болуы мүмкін.

Балық консервілерін сатып алғанда да қаптаманың бүтіндігін тексеру қажет: банка ісініп тұрмауы, тот баспауы және басқа да белгілер болмауы қажет.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget