- Негізгі бет
- LifeStyle
- Бала тәрбиесі
Балаңызды жетістікке жетелеуде жіберетін 4 үлкен қателік
Ата-ана мен бала қарым-қатынасы сарапшысы Маргот Машол Бисноу ата-аналардың балаларына қалай әсер ететінін зерттеді. Ол табысты 70 кәсіпкердің ата-аналарынан сұхбат алып, нәтижесінде бала тәрбиесіндегі басты қателіктерді жинақтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі cnbc.com-ға сілтеме жасап
Бала тәрбиесіндегі басты қателіктер
Табысты жандарды тәрбиелеген ата-аналардың өзі уақытты артқа жіберсе, кейбір нәрсені басқаша жасағысы келетінін жеткізген. Зерттеу барысында олар жиі қайталанған 4 өкінішпен бөлісті.
1. Баланы жетістікке жетуге итермелеу
Білім маңызды, бірақ ол адамның табиғатына сай болуы керек. Ата-аналар балаларын беделді университетке түсіру үшін сүйікті ісін азайтып, оқуға көбірек уақыт бөлуге мәжбүрлегенін еске алды. Ал шын мәнінде, балалар өзіне ұнайтын нәрсемен шұғылданып, жетістікке жеткен. Қаламайтын жерде 4 жыл білім алғаннан гөрі, сүйікті ісімен 10 000 сағат жұмыс жасағаны әлдеқайда пайдалы дейді сұхбатқа қатысқандар.
2. Баласының өміріне шамадан тыс араласу
Балаларын қорғау - ата-ананың міндеті. Бірақ әсіре "қамқорлық" баланың дербестігін шектейді.
Көптеген ата-аналар:
"Неге оны өздігінен шешуге ертерек үйретпедім?, Неге еркіндік бермедім?", - деп өкінгенін айтты.
Мұндай ата-аналарды "тікұшақ ата-ана" (баласының үстінен бақылауды тоқтатпайды) немесе "қар тазалағыш ата-ана" (баласының жолындағы қиындықтарды алып тастайды) деп атайды.
Олардың көбі:
"Балаларым үшін бәрін оңайлатпауым керек еді. Олар өз мәселесін өзі шешуді үйренуі керек болатын", - деп санайды.
Енді олар табысқа жету үшін баланың табандылығы аса маңызды екенін түсінген.
3. Үй шаруасына қатыстырмау
Көптеген ата-аналар балаларына жеткілікті үй міндеттерін жүктемегеніне өкінеді. Баласына төсегін жинап, бөлмесін таза ұстауды үйреткенімен, кір жууды, бақшада көмектесуді немесе тамақ дайындауды үйретпеген.
"Балалар оқуға көп көңіл бөлсін деп, бұл істерді өзім атқардым. Бірақ енді балам мұндай дағдыларды жүре келе емес, үйде үйренуін қалайтын едім", - дейді ата-аналар.
Балаларға үй жұмыстарына көбірек қатысуға мүмкіндік беру оларды жауапты етіп қана қоймай, өмірге қажетті дағдыларды меңгеруге көмектеседі.
4. Қауіп-қатерден қорықпауға үйретпеген
Көптеген ата-аналар баласына "қауіпсіз жолды таңда" деп ақыл айтады. Бірақ кейін олар баласының тәуекелге баруға қорқатынын байқап, өздеріне сұрақ қояды: "Мен оны тым сақ болуға үйреттім бе?"
Бірнеше рет қателік жіберу немесе тәуекелге бару - баланың шығармашылығы мен жаңашылдығын дамытудың негізі.
Егер балаларына үлкен шешімдер қабылдауға мүмкіндік берсе, ата-аналар:
"Біздің міндетіміз - олардың талпынысын мақтау. Нәтиженің ойдағыдай болмауына қарамастан, ең бастысы - оларды қолдау", - деген пікірге келді.
Ата-ана идеал болуға тырыспауы керек. Ең маңыздысы - бала ата-ананың өзін жақсы көретінін және қолдауын сезінуі. Маргот Машол Бисноу өз зерттеулерінде ата-ана тәрбиесіндегі бұл қателіктердің дер кезінде түзетілуі баланың табысқа жетуіне ықпал ететінін атап өтті.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Н. Ынтымақұлы