Ақша жайлы сөйлесу - ұят, жалақы жайлы сұрау - әдепсіз, сатып алған заттың бағасын айту - дұрыс емес. Осындай пікірлер үшін балаларға ақша - қолжетімсіз және тек ересектерге арналған нәрсе секілді көрінеді. Алайда бала өсіп, жеке қаржысы пайда бола бастағанда ол оны қалай басқару керегін білмейді. Ата-ана балаға қандай қаржылық білім бере алады? Massaget.kz тілшісі қаржылық сауат коучі Эрита Әбдібаевамен сұхбаттасты.
Кей ата-аналар баламен ақша жайлы сөйлесудің қажеті жоқ деп санайды, олардың ойынша бала бәрібір ештеңе түсінбейді. "Өседі, сол кезде сөйлесеміз". Нәтижесінде, ақша жайлы әңгіме белгісіз мерзімге кейінге ысырылады, балада сұрақ көбейеді. Алайда бала оның кейбіреулеріне немесе тіпті, кейде барлығына жауап алмайды.
"Бала үйде ақшаны көрді ма ата-ана оған анықтама беруі керек. Немесе баланы дүкенге жұмсап бастағанда ол ақшаның не екенін білуі керек. Ақша деген не? Ол не үшін керек? Оның қандай пайдасы бар? Бізде көпшілік адам ақшаға бұрынғы стереотип бойынша қарайды. "Ақшаны ұстауға болмайды", "ақшаны ұстағаннан кейін қолыңды жу", "ақша жайлы сөйлесуге болмайды" деген секілді тыйымдар айтады. Сол секілді біреулер "мәселе ақшада емес", "бақыт ақшада емес" деп айтады, ол да дұрыс емес түсінік. Жарайды өмірде ең бастысы махаббат болсын, бірақ махаббатқа дүкенге барып бірдеңе ала аласыз ба? Яғни, махаббат ол бөлек нәрсе, ақша да бөлек нәрсе. Адамға екеуі де қажет. Яғни, "ақша болса, махаббат болмайды" деген де - бұрынғы заманнан қалған қате пікір. Осылайша кей адамдар ақшаға жаман нәрсеге секілді қарайды. Алайда шындығында көптеген проблема ақшаның жоқтығынан болады, мысалы, ақша жетпесе, баланың қалауын да ала алмайсыз. Сондықтан баланы шынайы өмірге үйреткіңіз келсе, оған ақша жайлы дұрыс түсінік беріңіз. Мысалы, "ақша арқылы қажетті және қалаған заттарыңды ала аласың" деген секілді түсіндіріңіз", - дейді маман.
Эрита Әбдібаева ата-ана балаға ақшаны қалай пайдалану керегі жайлы нұсқаулық беруі керек екенін ескертті.
"Мысалы, теледидар алсаңыз, сізге нұсқаулық береді. Онда теледидарды қалай пультпен қосу керегі, каналадарды қалай ауыстыру керегі және т.б нәрселер жазылады. Ал ақшаның нұсқаулығын неге бермейміз? Неліктен оны қалай қолдану керегін үйретпейміз? Сонда бала оны қайдан біледі? Баланың тілі шыққаннан бастап үйретіңіз. "Мынау сенің қалағаныңды алатын нәрсе. Сен осыны басқарып үйренуің керек" деп балаға көмектесуіңіз керек", - дейді қаржылық коуч.
Әдетте, ата-аналар бала мектепке барып бастағанда баланың қалтасына ақша беріп бастайды. Баланың қалтасына қанша ақша беру керегін отбасының жағдайына, баланың қажеттіліктеріне қарай әр отбасы өзі шешеді. Бала ақшаны басқарып үйрену үшін оған ақшаны қалай берген дұрыс?
"Мысалы, мектепке баратын балаға қалтасына ақша бересіз. Бірінші күні қандай да бір сома бердіңіз. Ол оны жұмсап келді. Содан соң екі күнге жететін ақша бересіз. Ол оны да жұмсап келеді. Содан соң бір аптаға жететін ақшаны бірден беріңіз. Бала сол бір апталық ақшаны жеткізіп үйренуі керек. Бала оны тамаққа жұмсай ма, жинай ма өзі біледі. Сіз оған бергеннен кейін ол оның ақшасы болып саналады. Бала бір аптаның ақшасына үйренгеннен кейін екі аптаның ақшасын беріңіз. Оған үйренсе, үш аптаның ақшасын беріңіз. Солайша бала біртіндеп бір айға арналған ақшаны ұстап үйренеді. Мұны үйренген бала былай өмірде де ақшаны басқара алатын болады. Ақшаны басқару - кәдімгі күнделікті өмірде қажет болатын дағды", - дейді Эрита Әбдібаева.
Маман бала бірнеше күнге берген ақшаны бір күнде жұмсап тастаса немесе жоғалтып алса, айқай шығармауға шақырды.
"Ол жұмсап тастаса да, жоғалтып алса да, ештеңе етпейді. Сіз оған бір миллион бермедіңіз ғой. Осы бастан үйренсін. Егер жоғалтып алса, "сен бүгін ақшасыз қалдың ғой, енді не істейсің?" деңіз. Бала өзі ойлануы керек. Ол анасынан тағы ақша сұрауы мүмкін. "Анашым, маған қайттан ақша берші, бірақ оны енді бәрін жұмсамаймын, маған мына нәрсе үшін керек еді" деуі мүмкін. Яғни, бұл жерде ата-ана балаға дұрыс түсіндіре білген жөн. Қателіктерден қорықпау керек, одан сабақ алып, ары қарай жылжу керек. Өмір тәуекелдерден тұрады. Бала ақшаны жұмсап қойып, жоғалтып алып үйренбесе, қайтіп үйренеді. Ересек өмірде үлкен соманы жоғалтып алдым деп қорыққаны жақсы ма, әлде қазіргі қолындағы соманы басқарып үйренгені дұрыс па?", - деді ол.
Ата-ана өзінің қаржылық әдеттерін бақылауы керек. Себебі балалар жиі ата-анасын қайталайды. Мысалы, егер ата-ана импульсивті сауда жасауға бейім болса, бала да ойланбастан аяқасты бірдеңе сатып ала беретін болуы мүмкін. Өкінішке орай, барлық ата-ана бірдей қаржылық сауатты емес. Сондықтан балаға қаржылық білім беру үшін ең алдымен ата-ана өздерін дамытуды тоқтатпау керек.
"Ата-ана баланың қандай болғанын қалайды, өздері сондай болуы керек. Бала айтқанды емес, көргенін істейді. Ата-ана - бала үшін үлгі. Біз қандаймыз, бала соның бәрін дұрыс деп ойлайды", - дейді маман.
"Бұл баланың жасына байланысты. Көбіне отбасыда проблема болса, баланың көзінше айтпа дейді. Әрине, баланың көзінше бәрі керемет болып көрінгені жақсы. Баланың балалық шағы бақытты өткені дұрыс. Бірақ кейде мысалы, жоспарларыңыз болса, "біз мынадай бизнес ашайын деп жатырмыз, сендер қалай ойлайсыңдар" деп балалардың ойларын сұраған дұрыс. Балаға отбасының маңызы мүшесі ретінде сенім артып, оның да ойын сұраған жөн", - деп кеңес берді қаржылық сауат коучі.
"Адам миы екі жартышардан тұрады: оң жақ және сол жақ. Сол жақ жартышармен бала мектепте ойлауды, оқуды, жазуды үйренеді. Мектепте баланың ойлауы дамитын болса, ата-ананың міндеті - оны шығармышылық және физикалық дамыту. Адамда екі жартышар да бірге даму керек. Мысалы, мектеп бітіруге жақындаған балалар өздерінің не қалайтынын білмейді. Баланың қалауы, өзіне сенімділігі - барлығы оң жақ жартышарда. Ата-ана баланың осы оң жақ жартышарын дамыту арқылы оны жігерлі, сенімді, қалауын анық білетін бала ретінде тәрбиелей алады. Бала өзіне не керек екенін білген кезде оны тоқтату мүмкін емес. Даму үстінде дами береді. Сол кезде ода ақша қалай табамын деген проблема болмайды. Өйткені ол тұтас жан. Тұтас деген екі жақ миын да қолданып жүрген адам.
Мысалы, кей адамдар ақша ұстаудан немесе тәуекелдерге барудан қорқады. Бұл адам өзін біртұтас сезінбеген кезде пайда болатын қорқыныштар. Қиындық кездеспейді емес, кездеседі, тәуекел болмайды емес, болады. Солардың бәріне төтеп беру үшін адам біртұтас болуы керек", - деп қорытындылады Эрита Әбдібаева.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!