- Негізгі бет
- LifeStyle
- Баланың басында бит...
Баланың басында бит бар екенін қалай білуге болады?
Бит – адамның басының терісінде өмір сүретін және күніне бірнеше рет бас терісінен қан ішетін қанаты жоқ жәндіктер. Биттердің өмірлік циклі үш кезеңнен тұрады: сірке (жұмыртқа), сіркеден шығатын дернәсіл және үлкен бит. Биттер ұша да, секіре де алмайды, бірақ тығыз байланыс кезінде бір бастан екінші басқа көше алады. Сондай-ақ ол жиі біреудің тарағы және бас киімі арқылы жұғады. Бит гигиена сапасына қарамастан, кез келген адамда пайда болуы мүмкін.
Қандай белгілерден биттің бар екенін білуге болады?
Биттік бар екенін білдіретін кең тараған белгі – бастың қышуы. Әдетте, балалар құлақ артының немесе мойынның артқы жағының қышитынын айтады. Тіпті, битті алғаннан кейін де қышу біраз уақытқа дейін жалғасуы мүмкін.
Сондай-ақ мынадай белгілер болуы мүмкін:
- Қатты қытық сезімі немесе баста қозғалыс сезу;
- Ашуланшақтық;
- Ұйқы проблемасы (бас қышығандықтан);
- Бас терісінің ауырсынуы немесе қызаруы (ұзақ тарағандықтан).
Балада бит бар екенін қалай тексереміз?
Егер бала басы қышитынын айтып, оны қаси берсе, дәрігерге көрінгенге дейін өзіңіз оның басын тексере аласыз:
- Жарық бөлмені таңдап, баланы терезенің немесе шамның қасына отырғызыңыз. Қосымша қолшам немесе үстел шамын алсаңыз болады;
- Тістері жіңішке және бір-біріне жақын орналасқан тарақты алыңыз. Дүкендерде битке арналған арнайы тарақ та сатылады.
- Баланың бас терісін тексеріңіз, әсіресе, құлақ артын және мойынның артқы тұсын қарап, сіркелерді іздеңіз. Олар өте ұсақ болады және әдетте шаш түбіне жабысып тұрады.
- Ал бит сіркелерге қарағанда қозғалып жүретінін ескеріңіз. Олар көбіне бас терісінен 1-2 см биіктікте жүреді.
Биттен емделу
Өздігінен емделудің қажеті жоқ, дәрігерге көрінген дұрыс. Ол биттен арылуға көмектесетін препараттар жазып береді. Бірақ одан бөлек шашты арнайы тарақпен тарап тұру керек. Ол үшін шашты сулаңыз және шаш жақсы таралу үшін оған кондиционер жағыңыз. Содан соң шашты түбінен бастап ұшына дейін биттарақпен тараңыз. Әр тарағаннан кейін тарақты сіркеге тексеріп, оны ылғал дәкемен сүртіп алыңыз. Бит пен сірке үйдегі отбасыдағы басқа адамдарға жұқпас үшін жастық тыстарын, бас киімдерді, сүлгілерді және киімдерді жиі жуып, үтіктеңіз.
А. Жапатова