1 сәуір күні Алматыда балаларды бірінші сыныпқа қабылдау басталды. Осы кезде көпшілік ата-ананы мазалайтын сұрақтың бірі - баланы мектепке неше жастан бастап берген дұрыс? Бұл сұраққа химия ғылымдары бойынша PhD докторант, ұстаз Аятжан Ахметжанұлы өзінің инстаграм парақшасында жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маман мектепке баланы 6,5 жасқа толғаннан кейін беруге кеңес берді.
"Менің берер кеңесім баланы 6,5 жастан аспай, 1-сыныпқа бермеген дұрыс. Адамның миының даму кезеңі болады. Адамның миы толық 12-13 жасқа дейін даму кезеңін бастан кешіреді.
Қазір балаңыз қағылез, бәрін алып кететін секілді көрінеді. Бірақ мидың көтеру салмағы бала үлкейе келе белгілі болады. Қазір алып кеткен балаңыз үлкейе келе шаршағанын сезесіз. Мидың даму кезеңдері болады, бұл даму кезеңдерінде қатты салмақты салу - қателік", - деді ол.
Сондай-ақ ұстаз адамның әр жасындағы қабылдау мүмкіндіктеріне қарай енгізілетін педагогикалық шешімдер барын және соларды ескеру керегін түсіндіріп өтті.
"Әр пәннің қиындық дәрежесіне қарай басталады ғой пәндер де. Мысалы, биология 6-сыныптан, физика 7-сыныптан, химия 8-сыныптан деген секілді.
Яғни адамның әр жасындағы қабылдау мүмкіндігіне қарай зерттеп енгізілген педагогикалық шешімдер. Ал баланы ерте мектепке бергенде, осы зерттеулердің бәріне қайшы шешім шығарасыз.
Тіпті қазір 5 жастан жаңа асқан баланы мектепке бере салатындар көп. Неге десе, кейбірі балам алғыр дейді, кейбірі баламды қарайтын адам жоқ дейді. Екеуі де - балаға жаны ашымағандық.
Ол баланың тікелей болашағына қатысты. Сондықтан балаңынызды кемінде 6,5 жастан асырып, 7-ге толтырып мектепке беріңіз. Бала ештеңеден кешікпейді, ойнап, балалығын толық қандырып, мектепке барсын. Бөпе кезінен балалығынан айырмаңыз", - деді Аятжан Ахметжанұлы.