Баланы қалай бөлек жатуға үйретеміз? Психолог кеңесі

Баланы қалай бөлек жатуға үйретеміз? Психолог кеңесі
Фото: depositphotos.com

ҚР балалар психологтары мен нейропсихологтар қауымдастығының президенті Айнұр Алдашева баланы өзін бөлек жатқызуды қалай бастау керегін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Дұрыс уақыт таңдау

Бұл жайлы балалар клиникалық психологы өзінің instagram-парақшасында жазды. Психолог баланы бөлек жатқызуды бастау үшін ең алдымен жақсы уақыт таңдау керегін айтты.

"Бала ол кезде ауырмау керек. Отбасында екінші бала дүниеге келгенге дейін жатқызу керек. Яғни үлкеніңіз оны басқа баланың дүниеге келуімен байланыстырмау керек. Балабақшаға бейімделумен бірге жүрмеген дұрыс. Оған дейін немесе кейін бастаңыз", - дейді Айнұр Алдашева.

Ұйқыға дайындалу

Маманның айтуынша, ұйықтардың алдында күнде қайталанатын дәстүр болуы керек.

"Сағат 20:00-ден бастап ұйқыға дайындалыңыз. Секіріп, жүгіретін ойыннан тыныш ойындарға көшеміз. Төсек саламыз. Ұйықтауға арналған киімді киеміз. Кітап оқимыз, бәріне "қайырлы түн" тілейміз және құшақтасамыз", - дейді балалар психологы.

Баланы дұрыс жатқызу

Маманның айтуынша, бала түнде оянып, ата-анасының қасына келсе, оны төсегіне әкесінің жатқызғаны дұрыс.

"Қатты жарық түсірмейтін шам керек. Жақсы көретін ойыншығы керек. Анасының көйлегін төсегіне қойса да болады. Есікті жаппайсыз. Бала оянып, міндетті түрде сіздің төсегіңізге келеді. Баланы орнына жатқызамыз. Көтеріп емес, өз аяғымен барған жақсы және сіз емес, әкесі жатқызады. Неге әке? Өйткені әкенің бірінші функциясы - ол баланы әлеуметке әкелу болса, екінші функциясы - ана мен бала арасындағы сепарацияны қамтамасыз ету. Сонымен қатар "үлкендердің төсегі" деп балаға белгі беретін де әкесі. Бұл өте күрделі психикалық процесс. Мұның барлығы әкесінің қолынан жақсы келеді", - деп түсіндірді ол.

Бөлек жатуға біртіндеп үйрету

Балалар клиникалық психологы Айнұр Алдашева бала бөлек жатуға үйрену үшін мына қадамдарды сақтауға кеңес берді:

  • ұйықтағанға дейін 3-4 күн қасында жатасыз;
  • Сосын 3-4 күн жатпайсыз, отырасыз, қолынан ұстайсыз;
  • 3-4 күн отырасыз қасында, бірақ қолынан ұстамайсыз;
  • 3-4 күн баланың аяқ жағында отырасыз;
  • 3-4 күн орындықта отырасыз;
  • 3-4 күн орындықты есікке қарай жылжытасыз.

"Бұл оңай емес. Әке-шешесінің шешімі болу керек, балада ата-анасымен ұйықтау деген қажеттілік жоқ. Егер бала анасымен ұйықтаса, бұл анасының проблемасы, анасының мазасыздығы. Онымен жұмыс істеу керек. Ерік-жігерді дамытудың алғашқы қадамдары ерікті дәретке бару, өздігінен бөлек ұйықтау, қосымша қолдаусыз тамақтанудан басталады. Балаңыздың бүгінгі ерік-жігері ертеңгі болашағынан хабар береді", - деп қорытындылады Айнұр Алдашева.

Әдетте ортаншы балаларға басқаларға қарағанда аз көңіл бөлінеді деген пікір бар. Бұл шынымен де солай ма және ол баланың ересек өміріне қалай әсер етеді? Мына жерден оқыңыз.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Жапатова