- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Балалардың тілі орысша...
"Балалардың тілі орысша шығып жатыр". Танымал ақын жанайқайын жеткізді
Ақын Бақыт Беделхан Дулат Тастекейге берген сұхбатында телевизия - ұлттық идеологияның негізгі қаруы екенін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақынның айтуынша, теледидардан көрсетіліп жатырған орысша мультфильдердің кесірінен көпшілік баланың тілі орысша шығып жатыр.
"Менің орысша білмейтін бір досым бар. Бірақ баласы қазақша білмейді, тілі орысша шыққан. "Досым-ау мынау қалай болғаны, онымен қалай сөйлесесің" десем, "Білмеймін, азанда кетеміз, кешке келеміз, теледидардан мультфильм қарап отырады" дейді. Бұл телевизия - ұлттық идеологияның негізгі қаруы екенін біле тұра, әдейі сайқымазаққа салып тастауымыздың кесірі. Мемлекеттің қаржысындағы, мемлекеттің көзі, құлағы, айнасы болып тұрған арналарды неге сайқымазақ шоуға айналдырып жібердік? Неге орысша мультфильмдерді қаптатып қойдық? Еуропаның, Ресейдің, Жапонияның, Қытайдың мультфильмдері өріп жүр. Оның идеологиясы, тәрбиесі басқа. Бала тыныш болса болды деп қадағаламайтын да ата-аналар бар. Бір жағынан, қала деген қатыгездеу тұрмыс-тіршіліктің ырғағы. Баланы бағып отыратын уақыт керек. Баламен отырайын десе, тіршілік жасап, мал табу керек. Сөйтіп, немқұралылық еңбектілікпен келе жатыр", - дейді Бақыт Беделхан.
Ақын Бақыт Беделхан бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға кеңес берді.
"Ең бірінші, кез келген адам ертеңін еңселі етіп көре алмаса, келешегін кемелді етіп елестете алмаса, өмір сүрудің керегі жоқ. Көңіл мәселесі де, жүрек мәселесі де қалады. Ертеңін ойламаған еркектен без дейді. Ертеңін ойлау үшін баланы ойлау керек. Балаға неше түрліні көрсетіп қоямыз да, 10 жыл да ол есейіп шыға келеді. Одан кейін оның немен айналысып жүргенін бақылайын десе, қадағала алмай қалады. Осындай қателіктер көп болады. Мүмкіндігінше, баланы мейірім мен шуаққа бөлеп, мақтаумен мәртебесін көтеріп, қара жұмысқа салу керек. Қара жұмыс деп отырғаным - қаладағы оқу, білім, кітап", - деп кеңес берді ақын.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жапатова