Балабақшаға баратын балаларға және бастауыш сынып оқушыларына жиі тақпақ жаттауды тапсырады. Кей ата-аналар балаға тақпақ жаттауға көмектесуден шаршайды және оның қандай пайдасы бар екенін түсінбейді. Алайда баламен бірге уақыт өткізіп, оған тақпақ жаттатудың пайдасы көп. Massaget.kz тақпақ жаттаудың 5 пайдасын ұсынады.
Тақпақ жаттау есте сақтауды дамытады
Балабақшаға баратын баратын балалар және бастауыш сынып оқушылары тақпақ жаттау арқылы механикалық есте сақтауды дамытады. Яғни, олар жиі естігенін жаттап алады да, мағынасын түсіне бермейді. Тақпақты есте сақтап қалып, жаттаудың да пайдасы бар. Бірақ оның мағынасын түсініп жаттау одан да пайдалы. Сондықтан да баламен ересек адамның жұмыс істеуі маңызды. Ата-ана баласына сөздердің мағынасын түсіндіріп, тақпақ жаттау процесін қызықты етуге тырысуы керек.
Тақпақ жаттау сөйлеуді дамытады
Тақпақта күнделікті әңгімелесуде сирек қолданылатын сөздер кездеседі. Сондықтан тақпақ жаттау арқылы бала сөздік қорын көбейтеді. Ата-ана балаға тақпақ жаттату кезінде антоним, синоним деген не екенін қарапайым мысалдармен түсіндіріп жіберуге болады.
Тақпақ жаттау қиялды дамытады
Баланың тақпақ айтып тұрып, онда айтылып жатырған нәрсені көзіне елестете алуы маңызды. Солайша, ол қиялын дамытады және ақпаратқа анализ жасап үйренеді. Яғни, ол сөздерді суретке, суретті сөзге айналдыра алатын болады. Егер бала тақпақты елестете алмаса, бастапқы кезде ата-анасы баламен бірге отырып, тақпақта айтылған нәрсені қағазға сурет етіп салса болады.
Тақпақ жаттау буындық құрылымды меңгеруге көмектеседі
Балаларға арналған тақпақтар әдетте ырғақты келеді. Оларды жаттау арқылы бала сөздің буындық құрылымын түсіне бастайды. Яғни ол сөздерді буындарға дұрыс бөлуді үйренеді.
Тақпақ жаттау дикцияны жаттықтырады
Бала отбасының алдында тақпақты қатты дауыспен және анық айтып үйренсе, әдетте ол оны дәл солай көпшілік алдында да айта алатын болады. Уақыт өте бала оны айналасындағылар тыңдау үшін қандай қарқынмен және қандай екпінмен сөйлеу керегін түсіне бастайды. Бұл балаға өмір бойына керек болатын дағдылардың бірі.