Бала балабақшаға барып бастағанда көптеген вирус пен бактерияға жолығады. Бұл кезде оның иммунды жүйесі физиологиялық жаттыға бастайды, сондықтан бала ауырады. Оған қоса, балабақшада бала басқаша тамақтанады, оның күн тәртібі өзгереді. Сондай-ақ ата-анасынан ажырау - ол үшін үлкен күйзеліс. Мұның бәрі баланың иммунитетіне және хал-жағдайына әсер етеді. Алайда баланың жиі ауыруын азайтуға болады. Massaget.kz тілшісіне Ақтөбе қаласының №3 қалалық емханасының педиатры Кабделова Замира Базаровна бала иммунитетін жақсартуға көмектесетін бірнеше маңызды кеңес берді.
Ең маңызды ұсыныс – салауатты өмір салтын сақтау
Дәрігер бала жиі ауырмас үшін дұрыс тамақтану маңызды екенін ескертті.
"Тамақты жеткіліксіз мөлшерде ішетін балаларда иммундық тапшылық дамиды, оның инфекцияларға қарсы тұратын күші әлсірейді. Сол сияқты тамақты мөлшерден артық жеу де иммунитетке зиян, артық май мен көмірсу иммунитет жұмысына кедергі келтіреді. Иммунитет үшін құнарлы, үйлесімді тамақтану керек", - деді дәрігер.
Ұйқы режимін сақтау
Ұйқы кез келген адамның өмірінде маңызды рөл атқарады.
"Егер баланың ұйқысы үнемі дұрыс болмаса, ағзада кортизол гормоны көбейеді. Кортизолдың қалыпты мөлшері немесе аз ғана жоғарылауы ағзаға пайдалы, ал үнемі бөлінуі иммунитет реакцияларын бұзады", - дейді маман.
Дәрігердің айтуынша, бала ұйқысының нашар болуы мынадай салдарларға әкелуі мүмкін:
Үйде жайлы атмосфера жасау
"Анасының көңіл-күйі балаға берілетінін білеміз, сол сияқты ананың уайымы мен күйзелісі де балаға әсер етеді. Бала иммунитетіне отбасындағы кикілжің, балабақша мен мектептегі жайсыз жағдайлар - барлығы әсер ететінін ұмытпайық", - дейді Кабделова Замира.
Физикалық белсенді болу
Баланың қозғалыста болуын қадағалаңыз. Бала таңертеңнен кешке дейін гаджеттердің немесе теледидардың алдында отыратын болса, бұл оның денсаулығына жағымсыз әсер етеді. Бала белсенді ойындар ойнауы керек. Баланы далаға жиі серуендеуге шығару маңызды.
Бөлмені ылғалдандыру
Үйдегі құрғақ ауа тамақ пен мұрын шырышты қабықтарын құрғатып жібереді де, олардың қорғаныш функцияларын әлсіретеді. Сондықтан вирустар мен бактериялар ішке оңай еніп кетеді. Үйге ылғалдандырушы құрал алыңыз. Бөлмені жиі желдетіп тұрыңыз. Сондай-ақ үйді жиі ылғалды тазалауды ұмытпаңыз.
D дәруменін ішу
Түрлі аурулардың алдын алу шарасы ретінде балаға D дәруменін беруге болады. Алайда кез келген БАД (биологиялық белсенді қоспалар), дәрумендер мен минералдар берер алдында дәрігер кеңесін алу қажет.
Ауруларды емдеу
"Егер балаңызда анемия, іш қату секілді проблемалар немесе паразиттер болса, оларды емдеу керек. Мұндай аурулар ағзаның инфекцияға қарсы тұруын төмендетеді. Сол себепті балабақшаға барардың алдында толық тексерістен өткен жөн", - деп кеңес берді педиатр.
Жеке гигиенаны сақтау
Балаға жеке гигиенаны ережелерін үйретіңіз. Мысалы, бала даладан үйге келгенде, дәретханадан шыққанда, тамақ ішер алдында қолын сабындап жууды әдетке айналдыруы керек.